Әдебиет • 31 Қаңтар, 2024

Жарасқанның эпиграммасы

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Эпиграмма жанрының алғашқы шеберлері антикалық гректің Симонид Кеосский, Асклепиад, Мелеагр сынды ақындары болған деседі. Әйгілі Байронның ақсүйектерді сықақ еткен шумақтары оның елінен біржола кетуіне себеп болды. Ал Байронға еліктеген Пушкин усойқы эпиграммалары салдарынан жапа шегіп, талай мәрте дуэльге түсті.

Жарасқанның эпиграммасы

«Жартылай – мырза, жартылай – көпес,

Жартылай – дана, жартылай – надан.

Жартылай – дімкәс, үміт бар әйтеуір,

Ақыры болса еді бір толық адам!»

Воронцовқа арнаған эпиграммасы езуге күлкі үйіреді, қойнына астар жасырады.

Жарасқан Әбдірашев эпиграммалары – қазақ поэзиясының жаңа лебі, жетістігі, табысы дер едік. Эпиграмма жанрын биік­ке көтеріп, оқырман қауымға етене таныс еткен де – Жарасқан ақын. Тотияйын ­тіл­ді шанышқы сықақ алуан мағынамен үй­лескенде, классикалық үлгілер көңіл ­қари­ды. Шығармашыл тұлғаның болмысын ашып, бедерін кестелейді.

«Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,

Радионы басып қалсаң – Ғафекең!

Журналдарды парақтасаң – Ғафекең,

Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең!

«Мына біреу оңашалау кафе екен», деп кіріп ем...

мұнда да отыр Ғафекең...»

Міне, күле отырып бас шайқайсыз, дәлдікке, жамбыға дөп тиген жебеге бас иесіз. Сірә, талант қуаты танымалдылық­пен өлшенбесе керек. Өз заманында даңқ пен дақпыртқа көміліп, болашаққа бұлдыр есімі ғана жеткен авторлар жетерлік. Тіпті бір заманда Нобель сыйлығын иемденген кейбір қаламгерлер бүгінде көңілден ұмыт, көзден таса. Ғафекеңе арналған шағын шумақтың шындығы мұны айшықтап тұр.

«Шекспир мен Данте ағасы

Қақпас шетке қары сынбай,

Пушкиндердің парталасы,

Толстойдың танысындай.

Жержүзілік жыр көгіне

Аполлонша алады ұшып.

«Шүкір!» дейсің жүргеніне

жұртпен бірге тамақ ішіп...»

Әбіш Кекілбаев хақындағы осы бір эпиграмма жазушының сан қырлы мол білімін айшықтайды. Асқар Сүлейменов: «Кекілбаев дарыны – мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірек пен жіті көз адуын өнердің мінезі көрінеді» – деген-тін. Расында, ғибратты дарын деп, парасат шыңына жеткен сирек­тікті бағалайтын болар. Тіпті кейбір замандастары «әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас» деп баға берген кемеңгер Кекілбаев кеңістігі кез келгеннің қолы жетпес өрде тұр. Жарасқан эпиграммасының маңызы сол, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдырып, санаға жұп-жұмыр күйде енгізе қоятындығы. Бұл – жай шебер­лік емес, шын шеберлік.

Мұхтар Шаханов туралы эпиграмма әзілге, тапқырлыққа бай. Шынында, 60-70 жылдары эстрадалық орыс ақындары «модада» тұрған болатын.

«Содан соң шығу үшін сөзін ақтап,

Сөзімен көрінеді көзіңе аппақ.

Өзің біл, жаттамасаң өлеңдерін,

Алады алдыменен өзі жаттап...

 

Тауыпты тақырыбын тыңдалатын,

Танытты сахнадан шыңдап атын.

Еңбегі ақындыққа сіңген әртіс,

Әртістікке еңбегі сіңген ақын!»

Мұхтар Шаханов, сөз жоқ, өз мектебін қалыпастырған рух ақыны. Қанша буын жалынды жырлардан жасық сананың шылбырын үзіп, тік жүріп, тік сөйлеп өс­ті. Жалынсыздықты қор көрді, мұқалмас жі­герге ұмтылды. Ақынның жырын тез жаттап алуы сирек жазатындығынан әрі қызықты өрілуінен деп ойлаймын. Ал әртістік деп отырғанымыз – Евтушенко, Вознесенский секілді орыс ақында­ры­нан келген мақам. Эпиграммадан ақын­ның болмыс-бітімі, тұрпаты көзге елес­тейді, қолмен қойғандай адуын суреті мұнартады.

Бүгінде эпиграмма жанры әр жерде бірен-саран бой көрсеткені болмаса, тоқырау үстінде. Неге? Жарасқан ақыннан соң талантқа тән шымыр бағытқа қалам сілтеу жеңіл де болмас, сірә.