Тарих • 31 Қаңтар, 2024

Есенберлиннің ерлігі

2320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің сан үлгісін көрсетіп, қыршын кеткен ерлер қаншама? Олардың нақты санын ешкім ешқашан айта алмайды-ау. Олай дейтініміз, сол соғыстан сыр шертетін архив құжаттары әлі күнге ізденушілер мен зерттеушілердің қолына толық берілген емес. Тек бірен-саран зерттеуші сол кезеңнің там-тұм деректерін мерзімді басылымға жариялап жүр. Бұл дегеніміз теңізге тамған тамшыдай. Жалпы, 1941–1945 жылдардағы соғыстың зауалы мен зардабы жайлы да әлі күнге нақты дерек толық жарияланған емес.

Есенберлиннің ерлігі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві­нен «Память народа» және «Под­виг народа» сайттарын қарап, батыс­қазақстандық сардарлар мен жауынгерлер жөнінде мәлімет іздес­тіріп жүремін. Осындай бір сәтте «Ильяс Есенберлин» деген жазу көзіме оттай басылды. Архив құ­жа­тын қайта-қайта оқыдым.

Иә, «бала күнімізде том-том еңбегін жастанып оқыған Ілияс Есенберлин бе? Әлде аты-жөні ұқсас басқа адам ба?» деген сұрақ ойымда тұрды. Шыны керек, қаймана қазаққа Ілияс Есен­бер­линді таныстыру артық болар. Сөйтсем, Ілияс Есенберлин тарих­қа терең сүңгіген жазушы ғана емес, сайыпқыран сардар болып, майданда ерлік көрсеткен екен.

Ресей Федерациясы Қорға­ныс министрлігінің Орталық ар­хи­він­де сақталған [Қор:33. Тіз­бе:686046. Іс:133. Парақ:79] құ­жат­та Ілияс Есенберлиннің ер­­лігі жө­нінде айтылады. Бұл құжат­­ты Алматы облыстық әскери ко­мис­­­сариатының комиссары, ма­йор Мош­ки мен облыстық әс­ке­ри ко­мис­сариаты саяси бөлімі­нің бастығы майор Чебатарев толтырып, қол қойған. Құжатта Ільяс Есенберлиннің әскери шені кіші саяси жетекші, лауазымы КП (б) Қазақстан Компартиясы Ор­талық комитеті партиялық кадр бөлімінің нұсқаушысы екені, 1915 жылы өмірге келгені, ұлтының қазақ екені, ВКП (б) мүшесі бол­ғаны, Ұлы Отан соғысына 1941 жыл­ғы 23 маусымнан 16 қыркү­йек аралығында Солтүстік-батыс май­дан бағытында қатысқаны, аяғын оқ тесіп өтіп, жаралан­ға­ны, Қызыл Армия құрамын­да 1940 жылдан қызмет еткені, Қазақ КСР-і, Алматы қаласы, Фрунзе аудан­дық әскери комиссариатынан әскерге шақырылға­ны, бұрын ма­рапатталмағаны жазылған.

«Кіші саяси жетекші Есен­бер­лин Ілияс – Отан соғысының мү­гедегі. 1941 жылғы 8 маусымда Псков қаласына маңындағы ұрыста ұшақтан түсірілген диверсант-сигналшыларды ұстауға аттанған жауынгер тобын жеке басқарды. Диверсанттар тұт­қын­далып, Псков қалалық комендатурасына жет­кізілді.

1941 жылғы 14 қыркүйекте Мыч­ково стансасында жаудың оқ жаудырған нүктелерін жойған жауынгер тобына басшылық етті. Жауынгерлік тапсырманы сәтті орындағаны үшін Есенберлин мен жауынгерлердің бір тобы үкімет марапатына ұсынылды.

Сол жылы 16 қыркүйекте шабуыл кезінде батареяны ұрысқа бастап, ауыр жарақат алды. Осы ерліктері үшін үкіметтік награда – «Жауынгерлік еңбегі үшін» («За боевые заслуги») медаліне лайық».

Ілияс Есенберлин 1945 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасы Жарлығымен «Жауын­герлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Жоғарыдағы құжаттан кіші саяси жетекші Ілияс Есенберлин­нің соғыс басталмай тұрып 15 күн бұрын 1941 жылы 8 маусым күні Псков қаласының ірге­сіне ұшақтан түсірілген жау дивер­санттарын ұстауда топ бас­шы­сы болғанын оқып білдік. Сол сұ­ра­пыл соғыстың басталатынын ше­телде басын қауіп пен қатерге тігіп жүрген кеңес барлаушылары бірнеше рет ескертті. Өкініш­ке қарай, И.Сталин бастаған жоға­ры билік сенбеді. 1941 жылы 22 мау­сым күні кеңес шекарасы­на не­міс-фашист әскері тақалып келген кезде де командирлер тара­пынан оқ атуға бұйрық болма­ға­ны тура­лы соғыс тұтқындары­­ның ес­те­ліктерінде айтылған. Ал мына құ­жаттағы Ілияс Есенберлиннің ерлігі көп жыл бойы құпия болып қалғаны өтірік емес. Бұл енді өт­кен соғыс ақтаңдақтарының бірі демеске амал жоқ.

Екінші құжатта Ілияс Есен­­берлиннің 1915 жылы 10 қаң­тарда Қазақ КСР-і, Целиноград облысы, Атбасар қаласында дүниеге келгені, әскер қатарына 1941 жы­лы шақырылғаны, әскери шені капитан, әскери бөлімі атауы Ленинград Старая Руса деп, сонымен қатар оның «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталғаны тайға таңба басқандай жазылған.

Ресей Федерациясы Мемле­кеттік архивінде сақталған [ҚорР7523. Тізбе:4. Іс:382. Па­рақ:322] құжатты қараған кезде 1945 жылы 29 маусымда Мәскеу қаласы Кремльде КСРО жоғарғы кеңесі төралқасы төрағасы М.Ка­линин мен КСРО жоғарғы кеңесі төралқасы хатшысы А.Горкин қол қойып, 8035 адамды марапатта­ған. Осы құжаттың 92-бетінде кіші сая­си жетекші Есенберлин Ілияс­тың аты-жөні жазылған. Оқып көре­лік. «Ілияс Есенберлин. Мара­пат құ­жаты. Әскери шені Кіші саяси же­текші. Марапат атауы: ІІ дә­ре­желі «Отан соғысы» ордені» деп мәлімет келтірілген. Яғни ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Ілияс Есенберлиннің Ресей архивінде сақтаулы қызметтік есеп картотекасында Қазақ КСР-і, Ақмола облысы, Атбасар қала­сында 1915 жылы 7 тамызда туға­ны, 1940 жылғы қазан айынан әскери қызметте екенін, әскери шені капитан, әскери бөлім атауы 46-танк полкі және қызметін аяқ­таған мерзімі 1942 жылғы қаңтар деп жазылған.

Ілияс Есенберлинді бір құжат­та 1915 жылы 10 қаңтарда дүние­ге келді десе, екінші құжатта 1915 жы­лы 7 тамызда жарық дүние есі­гін ашықанын жазылған екен.

Сонымен қатар Ресей архи­вінде Ілияс Есенберлиннің екі суреті сақталған.

Әрине, ел басына қара бұлт төнген жылдары аталарымыз орден-медаль үшін соғыспағаны анық. Біздің басты мақсатымыз – сол соғыстағы қазақ халқының жау­жүрек ұл-қыздарының ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау.

 

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі

 

Орал