Ғылым • 31 Қаңтар, 2024

Гальваникалық қаптамалар шығарады

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында оқу орны базасында химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.

Гальваникалық қаптамалар шығарады

Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асып отыр. Мұнда машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар өңделіп, ар­найы гальваникалық қаптамалар шыға­рылатын болады. Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеп, отандық ғылымды дамытуда заманауи өндіріс­терді ілге­рілетудің маңызды екенін жеткізді.

Ұлттық университеттің басшысы Жан­сейіт Түймебаевтың айтуынша, галь­ваникалық қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады. Яғни бұл өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді әрі тат басудан қорғаудың жаңа әдісі болып саналады. Жаңа орталықта өндіріс технологі және операторы мамандары даярланатын болады.

Өндірістің материалдық-техникалық базасымен таныстыру барысында жоба жетекшісі, «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығының басшысы Алина Галиева «Бүгінде еліміз­де электрхимиялық қаптамаларды жа­сау қарқынды дамып келеді деп айта алмай­мыз. Мұндай ғылыми-өндіріс­тік орта­лықтар іс жүзінде жоқ. Электрхи­миялық қаптамалардың сапасы жоғары әрі тәжірибедегі қолданысы өте тиімді. Қазіргі уақытта біздің орталықта мырыштау, никельмен қаптау және мыс өңдеу желілері орналасқан қойма бар. Өндіріс жылына он мыңдаған шаршы метр қаптамалар алуға мүмкіндік береді», деді.

Алдағы уақытта жоспарға сәйкес осы орта­лықта әртүрлі агрессивті ортадан қор­ғай­тын қаптамалар және қолдану технологияларын әзірлеу жұмыстары іске асатын болады. Жоба өнеркәсіп секторының нақ­т­ы сұранысы негізінде жүзеге асып отыр.

 

АЛМАТЫ