Пікір • 31 Қаңтар, 2024

Кредитімен келген келін

31588 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала күнімізде араларында үріп ауыз­ға салғандай сүйкімді бес бірдей ұл-қызы, оқы­ған-тоқыған, қызметі бар ерлі-зайып­ты­лар ажырасқанда ақылға сыйғыза алмай, аңтарылғанымыз есі­міз­де. Ол заманда ілуде біреу болмаса, екінің бірі оңайлықпен ажыраса салмайтын. Оның үстіне ересек адамдардың арасында түрлі келіс­пеушілік, дүрдараздық аздай көрінетін.

Содан бері де талай уақыт өтіп, неке бұза салу таңсық болудан қалған кезеңде бір­не­ше ажырасу ойдан шығар емес. Осыдан бір­неше жыл бұрын алпысқа толайын деп отыр­ған ағамыз ажырасатынын, басқа амалы қалмағанын телефонмен аманаттап жібер­ген­де, алдымен сонау сана түкпірінде ұмыт бола бастаған оқиға еске түсіп еді.

– Көке-ау, алдымызда жол көрсетіп, ақыл айтатын жасқа жеткенде ашуыңызды ба­сыңыз. Сабырға келіңіз, – деп білетін басуы­мызды айтып, тіпті басқа шаруаны жиысты­рып, елге барып, ол кісіні жең­ге­міз­бен тату­лас­тырмақ болған әрекеттен түк шы­ға­ра алмай, қайтып келгеніміз бар.

Аға-жеңгемізді алпысқа келгенде ажырас­тырып тынған – кредит деген кесапат болатын. Көкеміздің үйіндегі кісі бала-шағасымен қосылып, біреуін айтып, біреуін айтпай, несие алуға әбден үйір еді. Өздерінің «несие тарихтары» құрығаннан кейін ағамыздың да атынан алуға көшкен. Бір таңғаларлығы, жеңгеміз алған несиелерін неге жұмсағанын айтып, түсіндіріп бере алмайтын. Баласымен қосылып, бір несиенің үстіне бір несиені үстемелеп ала беру әдеттеріне айналған, үй­лерінде береке, телефондарына тыныштық жоқ. Ағамыздың ішпей-жемей, арқа еті – арша, борбай еті – борша болып, баққан бар малы да несие төлеуге кеткен. Шаңырақты күйретіп, шыдамның шегіне жеткізген оқиға – әйелі мен ұлы көкеміздің ең соңғы қой­ла­рын несие төлеу үшін жайылып жүрген жерінен сатып жібергені.

Осы жағдайдан кейін күйінген, айтқа­ны­нан қайтпауға бекінген, әбден ашын­ған көкеміз «Қалған өмірімде не қарызсыз өмір сүрем, не асылып өлемін» деген соң, ешкім бұл іске қайта киліккен жоқ. Содан бері жалғыз...

Әңгіме қарыз туралы болып жатқанда өзге­лерге сабақ болсын деп бір жігіттің аза­мат­тығын айта кеткен жөн болар. Ұзатыл­ғалы отырған қарындасы жарты жыл бұрын қымбат смартфон сатып алған екен, осыған намыстанған ағасы: «Ертең бұл барған жерінде жұмыс істей ме, істемей ме, несиесін кім төлейді? «Қарызымен келген» деген сөз­ге қалмасын», деп қалғанын түгел төлеп, қыз­ды несиесіз ұзатыпты.

Ал енді біздің әріден орағытып айтқымыз келгені – кредитімен келген келіндер туралы. Қандай әке-шеше болса да, уақыты жеткенде, өсіп қалған ұл-қыздың жырғатылып жүріп алмай, теңін тапса қуанады. Бұл кісілер де отызға жақындап қалған ұлдың үйленемін деген сөзін естігенде қуаныштан естері шы­ғып, құдалықтың кәделерін жасауға кірісіп кеткен еді. Жұрттан қалмай, жиған-терген­де­рін аямай, жалғыз ұлдың ұлан-асыр тойын атқарып берді.

Алайда шаңырақ көтермей жатып, келін мен ұлдың ортасына сызат түсті, алдымен түсініспеушілік екеуінің екі түрлі ортадан өскенінен басталса, көп ұзамай келіннің астын­дағы су жаңа, сүліктей қымбат көлік кредитке алынғаны, ай сайын төрт жүз мыңға жуық несие төлейтіні мәлім болады. Әкесінің арзанырақ машина ала тұр дегенін тыңдамаған қыз жаңа табалдырықты он миллион теңгеге жуық қарызбен аттағаны аян болып шықты. «Ебепке – себеп» дегендей, ақыл тоқтатқан жаста отау құрған екі жасты айыруға басқа мың себеп табылғанымен, сызатты үлкейткені – осы үлкен несие.

Осы жуырда ғана «атасымен кредит үшін төбелескен келін» деген мазмұнда ақпарды оқып едік. Жаңадан түскен келінге көлік алу үшін несие алдырған атасы кейінірек келіні жұмыстан шығып қалып, қарызды жаба алмағанда алакөзденіп, түрткілеп, тыныш­тық бермей, тілін шығарып, ақыры төбелесуге дейін барғаны және бұл жұрттың жағасын ұстата қоймағаны сескентеді.

Ал біз өзімізге аян бірнеше ғана несие тарихын, бірнеше ғана отбасының тағдырын мысалға келтіріп отырмыз. Былтыр жыл аяғына қарай Мәжілістегі парламенттік тың­дау­да елімізде 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екені, оның ішінде 1,7 мил­лион адам қарызын уақтылы төлей алмай, 90 күн­нен кешіктірілген қарыз көлемі – 1,4 трлн теңгеге жеткені айтылды. Егер жұр­тымыз жөн-жосықсыз, шамасына қара­май несие ала беруді тоқтатпаса, түбі жақ­сылыққа апармайтыны, қарызы қысқанда адамдар ажыраспақ түгілі, түрлі алаяқтық пен қылмысқа баруға мәжбүр болатыны аян.