Театр • 01 Ақпан, 2024

Сахнада – Француз классикасы

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында кезекті премьера өтті. Француз композиторы Флоримон Эрвенің «Мадемуазель Нитуш» опереттасы аталған театр қоржынына 20-қойылым болып қо­сыл­ды. Либретто авторлары – Анри Мелья мен Альбер Мийо. Қою­шы режиссері – Алуа Сабо.

Сахнада – Француз классикасы

1883 жылы Париждегі Варьете театры сахнасында тұсауы кесілген қойылым елор­далық театрда комедияға құрылған.

«Мадемуазель Нитуш» – мәңгілік махаббат тарихы. Спектакль өз көрермендерінің ықы­ласын тез баурады. Құдды махаббат ерте­гісіндегі бейнелерді көз алдымызға кел­тірген­дей. Қойылымның музыкалық әрлеуі мен әртістердің ойын-сауық өнері де ерекше. Сондай-ақ француз киім-үлгісіне қазақы ою-өрнекті сабақтастыра отырып, екі мәдениетті бай­ланыстыра алған. Осы орайда костюмдер бойынша суретшінің биік талғамын байқауға болады. Одан бөлек спектакльдегі нәзіктікті айрықша атап өтеміз. Флорин Эрвенің музы­каға деген шынайы махаббатын режиссер Алуа Сабо көркем сахналай алғаны да көрініп тұр.

Қойылымдағы аса нәзіктік пен сұлулық бойына тән ару Денизенің рөлін актриса Инабат Ризабекқызы ойнаса, оның ғашығы Лейтенант Шамплатроны Игілік Оразаұлы сомдады. Ал музыканы өмірінің мәні етіп, тіпті жүректен шығатын өнері үшін, басын тәуекелге тіккен басты кейіпкер Флари­дордың рөлін актер Ернар Махамбет алып шықты. Аса ептілік пен энергияны бойларына жия білген жас әртістеріміздің таланты шарықтап келеді. Француз классикасының көркемдігі театр сахнасының ажарын аша алды. Ал оны лайықты түрде бағалай білген қауымның қошеметі мен ықыласы театрға үлкен серпін әкелгендей.

 

Дидар АСЫЛХАН,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті