Туризм • 01 Ақпан, 2024

Жаңа бағыт – «Dimash tour»

182 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Ақтөбе облысының делегациясы Оңтүстік Корея мен Қытайға барып екі елдің іскер топтары мен туризм саласындағы бірқатар компания өкілдерімен кездесіп қайтты. Сеул, Пекин мен Шанхай қалаларындағы жүзден аса туристік компания өкіл­дерімен кездесуде «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орта­лығы Ақтөбе өңірін тартымды туристік бағыт ретінде қалыптас­тырудың стратегиясын ұсынды. Соның ең бастысы – әнші Димаш Құдайберген атындағы «Dimash tour» жобасы.

Жаңа бағыт – «Dimash tour»

Талантты әншінің туған жері, өскен ортасы, оқыған жері туралы білгісі келетін шетелдік туристер үшін ашылатын мүмкіндіктер туралы «Visit Aktobe» туристік ақ­параттық орталығының директоры Ерсайын Сүйінов айтып берді.

– «Dimash tour» жобасына Ақтөбедегі Димаш Құдай­бер­геннің өскен үйі, оқыған мек­тебі мен алғашқы музыкалық қабілетін ашқан Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжін де қосып отырмыз. Ең алдымен, қо­нақтар Ақтөбедегі облыстық та­рихи-өлкетану музейіне келіп, халқымыздың тарихымен, этнографиясымен танысады. Содан кейін Димаш оқыған мектепті көріп, әрі қарай музыка колледжіне келеді. Бұл жерде Димаштың ұстазы, әнші әрі оқытушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Марат Әйтімовпен кездесу ұйымдастырылып, ол Димаш оқы­ған дәрісханада қонақтарға ше­берлік сабағын өткізеді. Кол­ледж ғимаратында концерт ұйым­дастырылып, қойылымдар ұсы­нылады. Одан кейінгі бағыт – Димаш Құдайбергеннің туған үйі. Бұл үй қазір музейге айналған. Шетелдіктерге Ақтөбенің көрікті жерлері мен тарихи орындары да таныстырылады. Оған Тахауи Ахтанов атындағы драма театры, «Нұр-Ғасыр» мешіті, кафедралды шіркеу кіреді. Оңтүстік Корея мен Қытайға барған топтың ішінде Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов те болды, – деді Е.Сүйінов.

Кейінгі жылдары Ақтөбе облысында тарихи, экологиялық ту­ризм бағыты біршама дамып келеді. Байғанин ауданындағы Ақ­толағай борлы қыраттары мен Аққұм құмдары, Қарғалы ауда­нындағы Мылқау тау, Қар­­ғалы су қоймасы мен Қас­қыр сарқырамасы, Мәртөк ауда­нындағы аққайың тоғайы, Мұ­ғалжар ауданындағы Ор­қаш табиғи қорығы, Ойыл ауда­нындағы Барқын құмдары, Ыр­ғыз ауданындағы «Ырғыз-Тор­ғай» табиғи резерваты ақтө­бе­ліктер мен экологиялық туризм­ді ұнататындарға жақсы таны­мал. Әсіресе жаз айларында та­биғаты бір-біріне ұқсамайтын осы жерлерді тамашалағысы келе­тіндер саны артады. Кей турис­тер жердің шалғайлығына қа­рамастан Байғанин ауданы мен Ырғыз ауданындағы табиғат аясына екі-үш күн қонып, тау-тасын аралап келуге өте ықыласты.

Бүгінде Ақтөбе облысындағы киелі жерлерге апаратын маршруттар да жақсы жолға қойылды. Мәселен, Ойыл ауданындағы Көк­­­жар жәрмеңкесі, Темір ауда­нындағы Досжан ишан мешіті, Алға ауданы Бестамақ ауы­лын­дағы Есет Көкіұлы кесенесі, Қоб­да ауданындағы Абат Байтақ пен Қобыланды батыр кесенесі, Әй­теке би ауданындағы Хан мо­ласы, Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай кесенесі киелі орындарды зиярат етушілерге жақсы танымал.

Е.Сүйіновтің айтуынша, 2023 жылы Ақтөбе облысына келген туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 33,5%-ға кө­бей­ген. Ресми статистика бойынша 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында өңірге 36 668 турист келсе, басқа елдерге туристік жол­дамамен 34 542 ақтөбелік шық­қан. Осы мәлімет өңірде ішкі туризм бағытының жылма-жыл дамып келе жатқанын көрсетеді. Димаштың табиғи талантына, жоғары орындаушылық өнеріне тәнті болғандар оның ұшқан ұясын көруге, қазақ халқының мәдениетімен танысуға асығады. Жыл сайын Димаштың туған жерін көруге шетелден 100-ден аса турист келеді. Былтыр Димаш­тың әні арқылы қазақ мәдениетін тануға құштар болып келген шетел­­діктер үшін Ақтөбеде бір­неше тур ұйымдастырылды.

Сеул қаласында өткен «Road Show» шарасы кезінде оңтүс­тіккореялық әнші Сон Вон Саб Ақтөбе облысының туристік амбасса­доры болуға ниет біл­дір­ген. Қазақ және корей әндерін шырқайтын Сон Ақтөбеге ке­ліп «Visit Aktobe» туристік орта­лығымен ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Амбассадор Оңтүстік Корея­да қазақ өнері мен музыкасын насихаттап қана қоймай, біздің жаққа туристер бағыттап отырмақшы.

Осылайша, өнер арқылы ха­лықтар мәдениетін жақын­дастыру «Ақтөбе облысының туристік амбассадорлары» мен «Dimash tour» арқылы жал­ғаспақшы. Мақсат – танымал тұл­ғалар арқы­лы аймақтық туризмді дамыту. Сырттан келетін турис­терді өзгеше жолмен, тың марке­тингтік стратегиялар арқы­лы тарту тез нәтиже береді.

 

Ақтөбе облысы