Мирас • 01 Ақпан, 2024

Адай жылқысы халықтық селекцияның үздік жетістігі

1034 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тарихқа үңілсек, қазақтың Адай жылқысына орыс ғалымдарының аңсары ақ патшаның заманында-ақ ауғаны байқалады. Атты әскер командирі М.Арнольди жазбаларында Адай жылқысы жақсы сипатталған. Бірінші – төзімділігі, екінші – ауырмайтындығы, үшінші – сусыз жүз шақырым жерді жүріп өтетіні, төртінші – асандықпен арымайтыны, бесінші – арқасының жауыр болмайтыны, алтыншы тұяқтары мықты болатыны айтылған. Жылқы ұстаймын дегендерге бұдан артық не керек?

Адай жылқысы халықтық селекцияның үздік жетістігі

Зерттеушілердің бәрі дерлік Адай жылқысының мініске төзімділігіне тәнті болған. А.Вилькинс және Я.Полферов зерттеу мақалаларында «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» деп Адай жылқысына арнайы тоқталған («Лучшие породы киргизской лошади – адай», журнал «Коневодство», 1899).

Осы мақалада оның шабысқа шы­дам­дылығы қазақтың жылқыларын, кө­біне түрікмен жылқылары – текен мен жәуміт тұқымдарымен будандастыру арқылы қалыптасқаны баяндалады.

Адай жылқысын ғылыми-зерттеу жұмыстары 1933 жылы Қазақстанда Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты ашылған кезден бас­тау алады. Институт құрылымында же­ке «жылқы шаруашылығы» бөлі­мі ұйым­дастырылады. Жылқы шаруа­шылығы бөлімінің басшылығына ғылым кандидаты А.Мишарев тағайындалып, алғаш­қы жұмысын қазақ жылқыларын, оның ішінде Адай жылқысын арнайы зерттеу­ден бастайды.

Қазақ жылқысының қадір-қасие­тін түбегейлі зерттеген жылқы ша­руа­­­шы­лығының танымал ғалым­да­ры Ю.Бар­минцев, Б.Садыков, С.Ома­ров, И.Нечаев, А.Росляков (Экс­пери­менталды биология инс­титутының экс­педициялық тобының жетекшісі) А.Иман­галиев, С.Рзабаев, Г.Сизоновтар бірауыздан Адай тұқымын өсіруді, оның мініс қасиетін жақсарту барысында асылдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді құптаған. Осы орайда ғалымдар Адай жылқысын өсіру барысында жергілікті жерге бейімді әрі төзімді малдарды сұрыптау арқылы қолтума төлдерді жақсарту ұстанымына басымдық берді.

Адай жылқысын тану бағытындағы ең маңызды кезең – 1944-1956 жыл­дар. Осы жылдары «Гурьев мемлекет­тік асыл тұқымды жылқы өсіру» (Госплем­рассадник) мекемесі құрылады. Осы мекеме ғылыми негізде Адай жылқысын өсіру мен бағым-күтімін реттеу арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жүзеге асырған еді. Меке­ме тікелей КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі қарауындағы С. Буденный басшылық ететін Жылқы және жылқы зауыттары бас басқармасы құрамына енді және тікелей одақ бюджетінен қар­жыландырылды.

Адай жылқысы туралы көп жылғы зерттеу жұмыстарын зерделеген алғаш­қы жазба Б.Садықовтың ғылыми ең­бегі («Биологические и хозяйственные особенности адаевской лошади», 1958) болатын. Бұл кітапта Адай жыл­қысының шығу тарихы, тұқымды өсі­ру техноло­гиясы, жайылымда бағу үрдісі баяндалған және биологиялық қасиеттері (ішкі және сыртқы ағза ерек­шелігі) сипатталып, өнімділік қабілеті – сүттілігі, еттілігі және мініс қасиеттері барынша қамтылған.

Осы зерттеулерді жалғастырған А.Иманғалиев («Адаевская лошадь», 1962) ғылыми еңбегінде алғаш рет ­қа­зақ жылқысының Адай тармағында ­7 ге­­неа­логиялық құрылым қалыптас­­­­қа­­­нын дәлелдеп, әр аталық айғырдың ­тұ­қым­­дық ерекшеліктерін (сырт тұрпаты, түр-түсі, мініс қасиеті) сипаттаған. Сол ке­зеңде Өрендік, Еңсегенторы, Қибас­көк, Бекесторы, Есполайторы, Еспо­лай­жи­рен, Ізтұрған атты жеті ата­лық айғыр үйі­рінде 255 айғыр мен 653 бие болғаны айтылады.

Жоғарыда келтірілген ғылыми ізде­ністер топтастырылған, басқа да мәлі­меттер жүйеленген Сәбит Әбіш­ұлының «Тағылым» (2009) атты ең­бегі – Адай жылқысын танимын деген адам­дарға тап­тырмайтын маңызды дереккөз.

Адай жылқысы негізінен Батыс Қазақ­­стан аймағында, оның ішінде Маң­ғыстау, Атырау, ішінара Қызыл­орда өңір­лерінде өсіріледі. Жазы аптап ыстық, қысы қақаған суық Маңғыс­тау өңіріне тек Адай жылқысы жерсінген. Жыл он екі ай жайылымнан өз қорегін таба алатын, жұмыста күй таңдамайтын, мініске берік жылқы екенін дәлелдеген тек Адай тұқымы.

Кейінгі жылдары (2020, 2021) сырттан әкелінген малдардың қуаң­шылық­қа шыдай алмай қырылып қалғаны Адай тұқымының қадірін еске салды. Өткен ғасырдың 30-жыл­дары және 1968-1969 жылдары жұт кезінде де жергілікті Адай жылқысының аман қалғаны – осы тұқым­ның қуаң­шылықтың қатаң қысымына төзім­ділігін айғақтайтын фактілер.

Осы орайда ғылыми тұрғыдан Адай жылқысының табиғаттың қатал кли­­­матына төзімділігі, күй таңдамай­ты­ны, мініске беріктігі сияқты төл таң­ба қасиеттері – сол өңірді мекендеген ба­йырғы бабалар­дың көреген се­лек­циялық жұмыстары­ның жарқын көрі­нісі. Табиғаттың тылсым күшін жете мең­герген бабала­рымыз жаратылыс заң­ды­лығын ұтымды пайдаланғанына осы Адай жылқысы куә. Сонымен Адай жылқысы табиғат­тың тамаша туындысы әрі халықтық селек­цияның үздік жетістігі ретінде бағалы.

Қазақстанда жылқы шаруашылы­ғын дамыту барысында сындарлы саясат­тың болмауы және үзік-үзік жүргізілген селекциялық жұмыстар, жалпы жылқы саласының өркендеуіне қол байлау бол­ғаны ащы шындық. Осы орайда Адай жылқысын жан-жақты зерттеп, оның жақ­сы қасиеттерін жетілдіруге бағыт­тал­ған ғылыми ізденістер де дәрменсіз болды.

Академик И.Нечаевтың басшылы­ғымен жүргізілген ғылыми жұмыстар барысында Адай жылқысын негізгі, міністі және өнімді тип деп үш топ­қа топтастырған еді. Өнді­рістік бағыттағы Адай жылқысын дамыту бойынша біршама жұмыстар атқа­рылды. Өйткені Адай жылқысына қа­тысты мал өсіруді мақсат тұтқан көп­теген шаруалар өнімді бағыттағы жыл­қыларды өсіруге ұмтылды. Бұл бағытта Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу инс­титутының ғалымдары 2010 жылы Адай жылқысының өнімді бағыт­тағы қалыптасқан генеалогиялық құры­лы­мына сүйене отырып: «Еспо­лай­жирен», «Есполайторы» және «Аман­дықторы» атты үш зауыттық аталық-іздерін апробациядан өткізген еді.

Осы кезең Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдары және ғылыми ізденістердің, әсіресе мініс бағытын­дағы Адай жылқысымен жүргізілетін селекциялық жұмыстардың әлсіз кезі еді. Адай жылқысының мініс бағытындағы типіне 2009 жылдан бастап назар аударыла бастады.

Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысы Г. Сизоновтың басшылығымен алғаш мемлекеттік деңгейде 2011 жылы алыс қашықтыққа бәйге ұйымдас­ты­­ры­лып, Адай жылқысының мініс қасиеті әлемге дәріптелді. Осы үрдіс сабақ­тас­ты­ғын тауып, халықаралық жарыс­тарға ұласты.

Мысалы, 2011, 2012, 2014 жылдары өткен 80, 120 және 160 км қашықтыққа арналған Маңғыстау әкімінің кубогі; 2011, 2012, 2013, 2014 жылдары өткен 80 және 120 км қашықтыққа арналған Орталық Азия чемпионаты (Талғар, Алматы облысы); 2011, 2012, 2013 жыл­дары 80 және 160 км қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынты­мақтастық кубогі» фестивалі; 2012 жылы Астана қаласында өткен Пре­зидент кубогі.

2013 жылы Әбу-Дабиде өткен халық­аралық жарыста Қазақстан атынан негі­зінен Маңғыстау өңірінің атбегілері мен шабандоздары қатысты. Жалпы, Адай жылқысы 2011-2014 жылдары 80, 120 және 160 км қашықтыққа ар­нал­ған 22 халықаралық жарысқа қа­тысты. Сонымен қатар Адай жылқысы 2022 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафонында жеңімпаз атанып, 2023 жылы өткен марафонда жақ­сы көр­сет­кіштер көрсетті. Осы жа­рыс­тардың ұйымдастырылуына ық­пал еткендердің бел ортасында Қазақ мал шаруашы­лы­ғы және жемшөп өнді­рісі ғылы­ми-зерттеу институтының ғалым­дары Дәурен Сыдықов, Жөкең Тұрмұхаметов, Ғабиден Бақтыбаев бас­таған топ жүрді.

Сонау 2011 жылдары 80 км қашық­тыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогі» фес­тивалінің жеңімпазы атанған Рат­торы-60 айғырының ұрпақтары ғалымдардың назарына ілініп, есепке алынып, биыл осы топтың негізінде Ратторы-60 зауыттық аталық-ізі апробацияланды. «Ынтымақтастық кубогі» фестивалінде «Ратторы» айғырдың үш баласы «Ойлы», «Қасқатай», «Жез­киік» 80 км қашықтықта алдына қара салмады. Осылардың ішінен «Жезкиік» атты айғыр суырылып шығып 2011-2014 жылдары қатарынан бірнеше аламан бәйгенің жүлдегері атанды. Әсіресе 2014 жылы Каен (Франция) қала­сында өткен әлемдік ат ойында­ры­на қатысу үлкен мәртебе еді. Ратторы­ның кіндігінен тараған «Жезкиік» айғыры 80 км қашықтықты 21,48 км/сағат жыл­дамдықпен өткен өрен жүйрік. Рат­торыдан тарайтын «Қозыкүрең» мен «Үштоған» аттары да – жүлделі орынды ием­ден­ген жүйріктер.

Адай жылқысының мініске арналған жеңіл түрі 2011 жылдан бері біздің институттың ғалымдары тарапынан қол­дау тауып, жарыстарға қатысқан әр аттың, әсіресе халықаралық жарыс­тардан жүлде алған әр жануардың ерек­шеліктері назарға алынып, жазбаша таңбаланып отырды.

Осы жылқылардың шежіресі жасалып, бәйге атына тән ерекшеліктері­нің барлығы қағазға түсірілді. Осылай­ша, Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 2022-2023 жылдары бәйгеге қатысқан барлық аттардың сырт түр-тұрпаты (фенотипі) ерекшеліктерін жүйелеген ғылыми сараптама дайындады. Институттың генетикалық сараптама зертханасында ең үздік жануарлардан алынған қан сынамасының негізінде Адай жылқысының генетикалық сипаты да жасалды.

Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет Адай жылқысының дара нуклеотидтер полиморфизмы (SNP) бойынша генетикалық алуантүрлілігі зерттелді. 126 бас жылқыдан алынған қан сынамасы негізінде 81 974 SNP тізбегі зерттеліп, Адай жылқысының генотиптік ерекше­лігі анықталды. Сирек аллелдердің кездесу жиілігі, олардың байланыс теңгерімі және жақын туыстығы (инбридинг) сияқты генетикалық ерекшеліктер айқындалды. Адай жылқысының басқа тұқымдардан айырмашылығын анықтау үшін қосымша кластерлік талдау жасалды.

Аламан бәйгелерде жүлделі болған, түр-тұрпаты Адай тұқымына тән 15 бас жылқыдан қан алынып, толық геномдық сараптама жасалды. Егер де генотиптік талдау бойынша 81 974 SNP тізбегіне сараптама жүргізілcе, толық геномдық талдау бойынша 6,3 млн SNP тізбегіне зерттеу жасалды.

Сонымен қатар Еуроазиялық одақ талабы бойынша жаңадан апробация­ланатын аталық іздер мен типтердің үйір ұстаған айғырларын тұқым қуа­лайтын ауруларға төзімділігі бойынша генетикалық сараптамадан өткізу жұмыстары да елімізде алғаш рет жүзеге асырылды.

Ең күрделі әрі қауырт жұмыс был­тыр Президент тапсырма­сына орай Маң­ғыстау өңірінің 5 ауда­ны­ның 30 шаруашылығын қамтыған экспеди­ция­лық ғылыми зерттеулер болды. Экс­педициялық зерттеулер ба­ры­сын­да 5 мыңнан астам Адай жылқысы алғаш­қы кешенді бағалаудан өтіп, оның мыңнан астам басы жаңа тұқым ретінде танылатын Адай жыл­қы­сына қо­йылатын талап үдесіне сай түр-тұр­патына және селекциялық құн­ды­лығына қарай асыл тұқымды малдар тобына шоғырландырылды. Осы таңдаулы малдардан қан алынып, Адай жылқысының генетикалық ерекшелігін адақтайтын геномдық сараптама жасалды.

Елімізде ең алғаш генотиптік сарап­тама негізінде апробацияланған біре­гей жаңа тұқым – Адай жылқысы. Гене­тикалық зерттеулердің астарында екі үлкен мақсат тұрды. Бірінші мақсат – жаңа тұқымды апробациялау кезінде олардың тектілік қасиетін ген­дік деңгейде растау. Сондай-ақ тұқымның жақсы қасиеттерін жетілдіру барысында селекциялық жұмыстарды дәстүрлі фенотиптік әдіспен қатар ДНК маркер ұстанымымен жүргізу маңызды. Яғни жаңа тұқымның болашағы заманауи әдістеме – геномдық селекция жолымен ұласқаны көзделді. Екінші мақсат  – мініс бағытындағы Адай жылқысы­ның генетикалық ерекшелігін толығы­мен қамти отырып, оның ерекше дербес қасиеті ұзақ шабысқа шыдамды қабілетінің генетикалық заңдылығын анықтау. Маңғыстау өңірінде өсірілген 1 300-ден астам жылқыдан алынған қан сынамасын зерттеу барысында Адай жылқысының генетикалық құрылымы қазақ жылқысының басқа тармағынан, мысалы, Жабы, Мұғал­жар тұқымдарынан ерекше дараланатыны айқындалды. Ресей ғалымдары­мен бірлесіп жүргізіліп жатқан тұтас геномдық зерттеулер нәтижесі бола­шақта Адай жылқысын сұрыптау барысында геномдық селекция әдісін толығымен қолдануға жол ашады.

Ел Президенті 2022 жылы Маң­ғыс­тау өңірі жұртшылығымен кездесуде «Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, ол тағы бір тамаша брендімізге айналады», деп Үкіметке Адай жылқы­сын асыл тұқымды мал ретінде ғылыми тұр­ғыдан тану және өсіру үшін тиісті шаралар қабылдауын тапсырған еді. Осы тапсырма аясында ауыл шаруашылығы тарапынан Адай жылқысын ғылыми қамту мәселесіне пәрмен беріліп, Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты ұжымына қордаланған мәселелерді жедел шешіп, Адай жылқысын жаңа тұқым ретінде апробациялауды жылдың аяғына дейін аяқтауды жүктеген еді.

Осы сенім толығымен ақталды. 2010 жылдан бастау алған селекциялық жұ­мыс­тарға серпін беріліп, маусым айы­ның басында мініс бағыттағы «Рат­торы-60» аталық-із құжаттары Әді­лет министрлігіне жолданды. Шілде, тамыз айларында мініс бағыттағы «Бұға­бай киік қоңыр – 98» және «Ма­нап сұр – 93» айғырларының ұрпақ­тары негізінде екі аталық-ізді апро­бациялауға қажет құжаттар дайындал­ды. Адай тұқымының мініс түріне тән жылқыларының ерекшеліктері зерт­т­еліп, әсіресе жарыс және бәйге ке­зінде көрсеткен көрсеткіштері зер­­де­леніп, осы жылқыларға тән белгі­лердің біркелкілігі және тұқым қуалау қасиет­тері анықталып, жаңадан апро­бация­дан өтетін мініс түрінің толық си­паттамасы жасалды. Сонымен «Рат­торы-60», «Бұғабай киік қоңыр-98» және «Манап сұр-93» аталық-іздері негі­зінде Адай жылқысының жаңа тар­мағы «Адай тұқымішілік мініс типі» жаңа селекциялық жетістік ретінде мем­лекеттік тіркеуден өтті.

Осы жұмыстармен қатар 2010 жылдары апробациядан өткен үш зауыт­тық «Есполайжирен», «Есполайто­ры», «Амандықторы» аталық-іздерінің ұрпақ­тары селекциялық сараптамадан қай­та өткізіліп, Адай жылқысының өнім­ді бағыттағы жаңа тармағы «Маң­ғыс­тау тұқымішілік типі» апробациялан­ды. Қолданыстағы «Селекциялық жетіс­тіктер» туралы заңнама бойын­ша жаңа тұқым шығару үшін екі тұқым­ішілік тип болуы шарт еді.

Сонымен қазақ жылқысының Адай тармағының өнімдік бағыттағы «Маң­ғыстау тұқымішілік типі» және мініс бағытындағы «Адай тұқымішілік мініс типі» негізінде қазақ жылқысының жаңа түрі Адай тұқымы жаңа селекциялық жетістік ретінде танылып, мемлекеттік реестрге тіркелді.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі қолдауымен Қазақ мал шаруа­шылы­ғы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының қызметкер­лері, Н.Ноғаев бастаған Маңғыстау облысының басшылығы, Маңғыстау өңірінде Адай жылқысының жыртысын жыртып жүрген «Асыл тұқымды Адай жылқысы» қауымдастығының азаматтары жұмыла жүргізген жұмыстың арқасында бір жылдың аясында Адай жылқысын дербес тұқым ретінде тану барысында алты селекциялық жетістікті қатар рәсімдеуге қол жеткізілді.

Ең бастысы, Маңғыстау жұртшылы­ғының көп жылдан бері үкілеген үміті – Адай жылқысын дербес тұқым ретінде тану жүзеге асты. Яғни Адай жылқысы жеке тұқым мәртебесін иеленіп, қазақ­тың өңірлік бренді ретінде дүние жү­зіне танылуына толық мүмкіндік ал­ды. Ең маңыздысы – Адай жылқысы та­биғаттың тамаша туындысы әрі ха­лық селекциясының үздік жетістігі ретін­де халықаралық жарыстарда жеткен же­тіс­тіктерін жеңімпаздықпен жал­ғас­ты­рып, ұлттың ұлылығын танытатын құн­­дылығын арттыра берсе деген се­нім­ді ақтау. Осы орайда Адай жыл­қы­сының жақсы қасиеттерін ұштау бағы­­тында атқарылатын ғылыми және ұйым­дас­тыру іс-шаралары әлі де ұшан-теңіз.

Әсіресе Адай жылқысының алыс ша­қырымға шабатын қарымды қабі­летін әлемге таныту. Дұрыс ұйымдастырыл­ған жұмыс Адай жыл­қысының бәсін арттырып, бәйге дүбі­рімен әлемді қарата алуына жол ашары хақ. Өткен жылғы  жақсы жетіс­тіктердің бірі – жылқы­ның жаңа түрі Адай тұқымының аламан жарыстарда жұлдызы жарқырап, мәреге жете беруіне сәт сапар тілейік.

 

Айбын ТӨРЕХАН,

Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор