Кеңес өкіметі жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 1918 жылы 17 қарашадан бастап шықты делініп келді. 2013 жылы осы газеттердің 95 жылдығына орай қос газеттің тарихын зерттей жүріп, жаңалық аштық.
«Орал өңірі» «Ұраннан» бастау алады
2012 жылы Мәскеу мұрағаттарынан «Хабар»-«Известия» газетінің 1918 жылдың аяғына дейін шыққан сандарының көшірмесін түгелге жуық әкелгенбіз. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп...» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылайша, «Ұранның» орнын «Хабар»-«Известия» газеті басқанын дәлелдейді.
Тарихқа қарасақ, Батыс Қазақстан өңірінде шыққан «Қазақстан» (1911–1913), «Ұран» (1917–1918), «Хабар»-«Известия» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттерін шығару барысында көптеген азамат бас біріктірді. Бірақ осы басылымдардың бәріне бірдей белсенді атсалысқан екі тұлға бар. Олар – Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғұмар Қараш «Қазақстан» газетіне редакторлық етсе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазылу жұмыстарын ұйымдастырып, қаржы жинауға және таратуға көмектеседі. Ал «Ұран» газетіне редакторлық еткен – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Газетте Ғұмар Қараштың көптеген мақаласы жарық көрген, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалардың «Известия»-«Хабар» газетіне де қатысы барлығын 1968 жылғы 17 қарашадағы газеттің елу жылдық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев, мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкінішке қарай, кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған қызметі айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Известия»-«Хабар» газетінің редакторы, Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, басқасы көлеңкеде қалды.
Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиев екеуі де – қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жанкешті еңбек еткен, баспасөз саласы арқылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген тұлғалар. Бұл газеттер қоғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүмкіндігінше халық үшін аянбай қызмет етті.
Біз ол кезде баспасөз саласын зерттеумен жаңадан айналысып жүргендіктен, әр тапқанымызды жаңалық ашқандай болыппыз. Бірақ кәнігі кәсіби мамандар бұны әуелден білген екен. Алматы қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр былай толтырылыпты: «Қызыл ту». Оралдың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922–1929.
1917 ж. июлінен – 1918 ж. – «Ұран»; 1919 ж. – «Дұрыстық жолы»; 1919–1920 жж. – «Сахара таңы»; 1920–1930 жж. – «Қызыл ту»; 1931–1957 жж. «Екпінді құрылыс»; 1958–1964 жж. – «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв – «Орал өңірі» деп аталады».
Міне, мұнда газеттің «Ұраннан» басталатынына еш күмән тумайды. Жүйелеп, тап-тұйнақтай етіп көрсеткен.
Әрине, «Ұран» газетін кеңес өкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды...» дегенінің өзі дәлел. Алашорданың айналасындағының бәрі «халық жауы» болғандықтан, газет те осы санатқа жатқызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауымыздың сыры осында болар.
«Ұран» қалай табылды?
Біз «Ұран» газетінің түпнұсқасын, не көшірмесін таба алмай, көп жүрдік. 1911–1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газетін Ресей мұрағаттарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша ресейлік көптеген мұрағат пен кітапханаларға сұрау салдық. Өкініштісі, ешбірінде сақталмапты. Бірақ газеттің шыққаны, көптеген тұлғаның көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Алғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» мекемесінен «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құнды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «Халық ақыны Надралиев Андаштың (1889–1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңа қазан аулында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған.
Араб әліпбиімен жазылған баспасөзіміздің бастауы қара шаңыраққа жетісімен әріптесім Қазбек Құттымұратұлы кирилл жазуына аударуға кірісіп кетті. Әр нөмірі аударылған сайын оқып, қызығымыз басылмай желігіп отырғанда тағы бір жақсы хабар келді. Хабаршымыз Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың директоры Нұржан Төлепов «Ұран» газетінің көшірмесі Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы тұрғанын көріпті. Зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде «Ұран» газетінің де көшірмелері бар екен. Ағамызға алғысымызды айтып, облыстық өлкетану мұражайына бардық.
Мұстафа Ысмағұлов көзі тірісінде жинаған бірнеше қап құжатты мұражайға тапсырғанын білетін едік. «Қазақстан» газетін алғаш тыңғылықты зерттеген де осы адам. Кеңес заманындағы солақай саясаттың кесірінен халыққа жария ете алмады. Мұстафа ағамыз таптырмайтын «Ұран» газетінің фотокөшірмелерін де бір папкаға салыпты, тіпті осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтың көптеген еңбегін жинақтап, зерделепті. Мұражай басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.
Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз, «Ұранның» шамамен 40–50 нөмірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30 28 (10) наурыз, 1918 жыл бейсенбі; №38 16 (3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.
Бүгінгі күні бұның өзі – үлкен олжа. Сондықтан әзірге осыған қанағат етеміз. Алдағы уақытта атқарар жұмыстың көптігі айтпаса да түсінікті.
ХХ ғасырдың басы – қазақ елін отарлаудың белсенді деңгейіне көшкен сәті. Бір отарлаушының орнына екіншісі ауысып, халық кімге сенерін, кімнің айтқанымен жүрерін білмей, дұрыстығына жөн сілтегендердің айтқаны жаппай халыққа естілмей, абдыраған кез еді. Осы сәтте барша қазақтың басын бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыруға қауқарлы тек қана газет болды. Осыны жете түсінген қазақтың зиялы қауым өкілдері Батыс өңірінде тұңғыш рет тұрақты, жүйелі басылым – «Қазақстан» (1911–1913) газетін шығарса, одан әрі «Ұран» (1917), «Известия»-«Хабар» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) басылымдарын ұйымдастырды.
«Қазақтың» бауыры
Тарихшы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы «Ұран» газеті жөнінде: «Ішкі Ордада (Бөкейлікте, Астрахан қаласында) 1917 жылы 14 мамырдан бастап шыға бастаған қоғамдық-саяси бағыттағы басылым... «Ұран» газетінің №2 саны 1917 жылы 28 шілдеде шыққан. Соған қарағанда, басылым тұрақты жариялана алмаған» деп жазады (Әнес Ғ. «Алаш, Алашорда» энциклопедия, А. «Арыс», 2009). Ал кейін табылған «Ұран» газеті сандарының алғашқы бетінде газеттің «1917 жылғы 28 шілдеден бастап шыға бастағаны» анық жазылып тұр. Яғни Ордада газет шығару туралы шешім 1917 жылдың сәуір айында өткен Ішкі ордалықтың зиялылар сиезінде қабылданып, көп кешікпей жүзеге асқан болып тұр.
Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында былай дейді: «...Әр жерде-ақ газет шығара бастады. Семейде – «Сарыарқа» газетi, Ташкентте – «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы». Бөкейлiкте, Астрахан қаласында – «Ұран» газетi. Ақмолада – «Тiршiлiк» газетi, Орынборда – бұрынғы белгiлi «Қазақ» газетi.
Бұл газеттер, «Тiршiлiктен» басқасының бәрi, бiр бетте болды. Бәрi Орынбордағы «Қазақ» газетiнiң ықпалымен жүрдi. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқау беріп, хат жазып жатты. Газеттердің бәрі көзжұмбай ұлтшыл болды. Ұлтшыл болған соң, еріксіз байшыл газет болды. Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды. (57–58-бет).
«Ұран» газеті әу баста қазақтың өз автономиясын жариялауды мақсат тұтқан Алаш қайраткерлерімен бір көзқараста, бір ниетте болғандығы анық байқалады. Орынбордағы жалпықазақ сиездеріне дайындық, делегат сайлау, айырым мүфтилік құру, т.б. тақырыпта өте құнды деректер көп. Сонымен бірге Бөкейліктің тағы бір үлкен проблемасы Астрахан губерниясынан, орыс қолтығынан құтылып, қазақ облыстарының қатарына қосылу мәселесі болған. Осы кезеңдегі жер дауы, орыс тарапынан (ақ болсын, қызыл болсын) қазақ ауылдарына жасалған түрлі зорлық, шапқындар «Ұран» газетінің бетінде ашық жазылған. Газеттегі «Қазақ большевиктері қалай пайда болды?», «Қазақ өз жерінен қалай айырылды?» деген тақырыптағы сараптамалық мақалалар сол заманның шындығынан хабар береді.
Қазіргі белгілі деректер бойынша «Ұран» газеті 1918 жылдың ортасына дейін шығып тұрған. Біздің қолымызға түскен соңғы нөмір – 1918 жылғы 16 мамырда шыққан №38 саны. Бұл газеттің жалпы қанша саны шыққаны, тарихи тағдыры, басқа да мәліметтері зерттеуді қажет етеді.
Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
алаштанушы
Орал