Ғылым • 05 Ақпан, 2024

Ғылыми маман даярлау түйткілдері

309 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орындарының бас­ты міндеті – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Кейінгі жылдары ғылымды ілгерілету міндеті алға қойылғандықтан, осы са­ла­ның сапасын жақсарту мә­се­лесі күн тәртібіне шықты.

Ғылыми маман даярлау түйткілдері

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ғылыми әлеует

Бұған қоса еліміздегі жоғары оқу орын­дарын зерттеу университеттеріне айнал­дыру үрдісі қарқынды жүріп жатыр. Бұл – ғылымның өрісін кеңей­тіп, ғалымдарға зерттеу жұмысымен кедер­гісіз ай­на­лысуға мүмкіндік беретін қадам.

2023–2024 оқу жылында жоғары ғылыми білікті кадрларға қатысты 105 ұйым магистранттарды, 75 ұйым докторанттарды, 18 ұйым резиденттерді әзірлейді. Елімізде 36 491 магистрант, 7 437 резидент-дәрігер, 5 966 докторант оқып жатыр. Докторанттардың ең көп үлесі – Алматы қаласында (2729 адам немесе 45,7 пайыз). Астанада – 1797 адам (30,1 пайыз), Қарағанды облысында 372 адам (6,2 пайыз) докторантурада оқып жатыр. Ал бейінді бағыт бойынша докторанттар саны 233 адамды және философия докторанттары (PhD) 5733 адамды құрайды. Яғни бұлардың бәрі еліміздің ғылымдағы әлеуетін арттыратын мықты мамандардың қатарын то­лықтыруға тиіс. Осы мақсатта елі­­міз­дің жоғары оқу орындарында ғы­­лы­ми базаға қолжетімділікті қам­та­­ма­сыз ету және оның сапасын арттыру, инф­­рақұрылымын жақсарту, халық­ара­­лық байланысты кеңейту, шетелдік ма­ман­­дар­ды тарту, үш тілде оқыту, ғылы­ми жа­­рия­­ланымдарды ұлғайту көзделген.

вап

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сонымен қатар 2022 жылы ғылы­ми мектептердің зерттеу әлеуетін да­мы­­туға, сондай-ақ олардың бәсекеге қабі­­леттілігін арттыруға 11 университет пен ғылыми зерттеу институттары ара­­­сында кадрлар даярлаудың әртүрлі бағыты бойынша ғылыми-білім беру ын­­ты­мақтастығы туралы шарттарға қол қойылды. Ғылыми зерттеу ұйымдары жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттарын ғылыми тағы­лым­дамаға қабылдап, ғылыми зерттеулер жүргізу үшін өздерінің ғылыми жаб­дықтарын ұсынуды қолға алды.

Жалпы, ғылыми кадрларды даярлау ба­ғытындағы жұмыстарды зерттеу­ші­лер­дің ғылыми жобаларының негізгі та­лап­тарға сай болуымен, ғылыми жа­рия­ланымдар санымен әрі өндіріске енуі­мен сондай-ақ патент алуымен баға­лауға болады. Ғылыми атақты қор­ғау­ға қойылатын талаптар жауапты минис­трлік тарапынан бекітіледі. Соның ішінде ең маңызды талаптардың бірі – ғылыми жарияланымдардың болуы.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің мәліметінше, 2023 жылы 101 жо­ғары оқу орны 7428 ғылыми мақала жариялаған, оның 5344-і «Scopus» дерек­қорындағы журналдарда және 2367-сі «Web of Science»-те индекстел­ген ғылыми басылымдарда жарық көр­ген. Жарияланымдар саны бойынша 10 жетекші жоғары оқу орнының қата­рына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті (1162), Қ.Сәт­баев атын­дағы Қазақ ұлттық зерттеу тех­никалық университеті (1181), Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситеті (923), Қарағанды ин­дус­­триялық университеті (506), С.Ас­фендияров атындағы Қазақ ұлт­­тық медицина университеті (280), Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық университеті (254), Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (201), Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақстан уни­вер­ситеті (195) кіреді. Жоғарыда атал­ған деректер отандық жоғары оқу орында­рының ғылыми саладағы белсенді серпі­нін және олардың ғылыми зерттеулерге қосқан үлесін, ал жарияланымдар санындағы өзгерістер ғылыми бел­сен­діліктегі, жоғары оқу орындарының ба­сым­­дықтарындағы немесе зерттеу қыз­ме­тіне әсер ететін басқа да фактор­ларда­ғы өзгерістерді көрсетеді.

 

Жарияланым этикасы

Айта кетейік, «Web of Science» және «Scopus» ғылыми деректер база­сына 5 отан­дық университеттің 12 ғы­лыми журналы енген. Осы тұста ғы­лы­ми жарияланымға қатысты мәселе­лер де жоқ емес. Мысалы, ғылыми жур­нал­­дарға шыққан материалдар тексе­ріле келе, қайтарылып жатады. Мұны ретракцияланған жұмыстар дейді. Оң­түс­тік Қазақстан медицина акаде­мия­сы­ның басқарма басшысы Жақсы­лық Алтынханұлының айтуынша, ретрак­цияланған жарияланымдардың саны жыл сайын артып келеді.

– 2010 жылы шамамен 200 жарияланым туралы хабарланған болса, 2019 жылы «Retraction Watch» дерекқоры 20 мың жазбаға жеткен. Ал 2024 жыл­дың қаңтар айындағы дерек бойынша ретракцияланған жарияланымдар дерек­қорларында 50 мыңнан аса жазба бар. Жарияланымдар ретракциясы әдетте қоғамға хабарланбайды. Соның салдарынан басқа зерттеушілер қате нәтижелерге негізделген шешімдер қабылдауы мүмкін. Ғылыми басылым­нан жарияланымды ретракциялау авторлардың немесе басқа да бастамашыл тұлғалардың, сондай-ақ редакцияның бастамасы бойынша жүзеге асырылады. Анонимді мәлімдемелер ретракция үдерісін бас­тауға негіз бола алмайды, – дейді Жақсы­лық Алтынханұлы.

«Thinking Skills and Creativity» журналынан ретракцияланған отандық ға­лым­­дардың мақалалары бойынша жүр­­гі­зілген зерттеу нәтижесінде мақала­лары ретракцияланған авторлар көбіне делдалдардың көмегіне жүгінетіні, ано­нимді рецензиялау үрдісінде рецензиялармен таныспайтыны, сонымен қатар олардың ретракция фактісін журналдың редакциялық алқасының кінәсі деп санай­тыны анықталған. Сондықтан Жақ­­сы­лық Алтынханұлы ғылыми кадр­ларды даярлайтын университеттер сапаны жақсарту үшін жариялым этикасын үздіксіз оқытуды қамтамасыз етуі керек дейді. Демек, ғылыми жұмыс­тардың саны ғана емес, сапасы да ескерілгені жөн.

 

Тіл білу – қажеттілік

Жарияланымдарға қатысты сөз қозға­ғанда тіл мәселесі кесекөлденеңдейді. Докторанттардың айтуынша, мақалалар­ды қазақ тілінде жариялау өте қиын. Өйт­кені редакциялардың көбі мақала орыс не ағылшын тілінде болмаса қа­был­дамайтын көрінеді. Алайда мамандар ғылымға бет бұрғандардың ағылшын тілін айналып өте алмайтынын айтады. Яғни мықты ғылыми маман тілді білуге тиіс. Жоғары оқу орындарында осы мәсе­леге де мән берілгені жөн. Әйтпесе, елімізде тілді меңгеру деңгейі төмен екен. 2023 жылы тек ағылшын тілінде білім алушылардың саны 52 814 адамды құраған. Оның ішінде бакалавриатта білім алушылар саны 47 344 адамға, магистратурада – 3045 адамға, докто­рантурада 627 адамға тең болған. Бірақ бакалавриат деңгейінде оқитындардың – 4,8 пайызы, магистранттардың – 8,2 пайызы, докторанттардың 18 пайызы ғана тілді жоғары деңгейде меңгерген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, докторантура деңгейі үшін 5 докторанттың тек 1-і ғана ағылшын тілін С1 деңгейінде білуі білім алушылардың даярлық сапасының төмен екенін көрсетеді.

Ал жоғары оқу орындарында тек ағыл­шын тілінде білім алатын студенттердің саны бойынша Қазақ-Британ техникалық университеті (6298), Халықаралық ақ­параттық технологиялар университеті (5433), Astana IT университеті (4977), С.Ас­фендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (2584), KIMEP университеті (2545), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1768), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (1650), Оң­түс­тік Қазақстан мемлекеттік академиясы (1515) алдыңғы қатарда тұр.

 

Халықаралық байланыс

Ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыруда шетелдік университеттердің тәжірибесін қабылдау үрдісі қарқын алып келеді. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев та әлемдік озық жо­ғары оқу орындарымен тығыз жұмыс іс­теуді тапсырғаны есімізде. 2023 жыл­ғы деректерге сәйкес, еліміздің жо­ға­ры оқу орындары шетелдік білім беру мекемелерімен 6044 белсенді халықаралық шарт жасасқан. Соның ішінде ұлттық жоғары оқу орындары – 1544, мемлекеттік жоғары оқу орындары – 2050, жекеменшік жоғары оқу орындары – 1394, халықаралық жоғары оқу орындары 88 шартқа қол қойған.

Президент тапсырмасы аясында 2022 жылы Петропавлда «University of Arizona» филиалы ашылды. Онда студенттер IT, инженерия, агротехно­логия және білім беру бағыттары бойын­ша қазақ, орыс және ағылшын тілде­рінде оқиды. Сондай-ақ С.Өтебаев атын­дағы Атырау мұнай және газ уни­вер­ситетінің базасында М.Губкин атын­дағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы, Алма­тыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті базасында Мәскеу ин­женерлік-физикалық институты ұлт­тық ядролық зерттеу университетінің фи­лиалы құрылды. Ал 2023 жылы ше­тел­дік 8 жетекші жоғары оқу орны­ның филиалы ашылды. Олардың қата­рында ең ірі әрі рейтингте жоғары тұр­ғаны – Ақтөбедегі Қ.Жұбанов уни­вер­ситетінің базасында орналасқан «He­riot-Watt» университетінің филиалы. Сондай-ақ «Yessenov University» базасындағы Неміс инженерлік институты, Қызылорда университетіндегі Сеул ұлт­­тық ғылым және технология универ­сите­тімен бірлесе ашқан Жасанды интеллект ғылыми мектебі, Сәтбаев универ­ситеті жанынан құрылған QS рейтингі бойынша 70-орында тұрған әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі Гонконг «CityU» қалалық университетінің филиалы бар.

Сонымен қатар ғылыми мамандарды даярлау сапасын жақсартуда шетелдік сарапшылардың оқытушылық қызметі де маңызды рөл атқарады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ұсынған деректеріне сәйкес, 2023 жылы бюджеттен тыс қа­ра­жат есебінен 86 жоғары білім беру ұйымына 65 елден 877 шетелдік маман тартылған. Былтыр шетелдік мамандарды ең көп қабылдағандардың тізімінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті, Қазақ ұлт­тық өнер университеті, Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік университеті, Д.Се­рікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық университеті, М.Ос­па­нов атындағы Батыс Қазақстан ме­дици­­налық университеті, Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды универ­си­теті, Алматы технологиялық универ­ситеті, Абылай хан атындағы Қазақ ха­лық­аралық қатынастар және әлем тіл­дері университеті, Астана медицина университеті бар.

Жалпы, 2023 жылы еліміздің жоғары оқу орындарына бюджеттен тыс қара­жат есебінен шетелдік мамандарды тарту өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Тартылған мамандар саны 2022 жылдан бастап 16 пайызға артқан. Айта кетейік, мамандардың көбі Ресейден шақырылған. Сондай-ақ Германия, АҚШ, Польша, Ұлыбритания, Италия, Франция мемлекеттерінен де мамандар тартудың оң үрдісі байқалған. Бұл елдердің әрқайсысынан 20-дан аса маман тартылыпты.

 

Постдокторантура

Дүниежүзілік тәжірибеде постдокторантура институты – жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлаудың тиімді нысандарының бірі әрі ғылымның негізгі қозғалтқышы. АҚШ-та постдок­торанттарға үкімет жанындағы тәуелсіз агенттік Ұлттық ғылыми қор (NSF) қолдау көрсетеді. Қор негізінен уақытша гранттар береді. Гранттардың дені жеке зерттеушілерге немесе зерттеушілердің шағын топтарына беріледі. Қалған грант­­тар зерттеу орталықтарын қаржы­лан­дыруға бағытталады. АҚШ-тағы пост­докторлық бағдарлама PhD докторлары үшін және ғылым кандидаттары үшін бөлек жүзеге асырылады. Бірінші – «Postdoctoral Training» (постдокторалды зерттеулер). Онда постдокторанттар дәріс және семинар сабақтарына жеке қатысу арқылы біліктіліктерін арт­тырады. Оқу университеттің, ғылы­ми мекеменің стипендиялары немесе қайырымды­лық ұйымдарының де­меу­­шілік көмегі есебінен қаржылан­дыры­лады. Осыған байланысты постдок­то­ранттың ұстанымы уақытша және қаржыландыру көлеміне тікелей байланысты болады. Екінші – «Postgraduate Level» (ғылым кандидаттарына арналған постдокторантура). Онда кем дегенде үш жылға есептелген білім беру бағдар­лама­сы жүзеге асырылады. Алғашқы екі жылда постдокторант жеке жоспар бойынша академиялық білім алады. Содан кейін бір жыл ішінде студенттер өз зерттеулерін жүргізеді және қаласа «Habilitation to direct theses» докторлық диссертациясын дайындау бойынша жұмыс істейді.

Германиядағы постдокторантура ғалымға зерттеу саласында тәжірибе жи­науға мүмкіндік береді. Бұл мамандықты терең игеруге ықпал етеді. Зерттеу тобында немесе институтта постдокторант ретінде жұмыс істеу уақыты шектеулі, мамандыққа байланысты 3 жылдан 5 жыл­ға дейін созылады.

Ал отандық тәжірибеде постдокторантура бағдарламасын 2020 жылы алғаш болып Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті енгізді. Бұл маңызды қадам университетті әлемдік озық деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыруға және әлемдік ғылыми-білім беру қоғамдастығындағы отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға бағытталған. Ұлттық уни­­верситеттің жоғары халықаралық стан­­дарттарға сәйкес келетін постдок­торан­тура бағдарламасы ең алдымен ғылыми дәрежесі бар жас маман­дар­дың кәсіби біліктілігін артты­рып, олар­дың жүргізген дербес ғылы­ми зерт­теу­лерін тәжірибелік-конс­трук­тор­­лық әзір­лемелер аясында және жоға­ры рей­­­тинг­ті ғылыми басылымдар­да жария­лану арқылы өзектілігін арт­ты­руға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пост­док­торантура бағдарламасы 2021 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде, 2022 жылы С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротех­никалық университетінде, 2023 жылы Астана медицина университетінде және тағы басқа бірқатар университетте ашылды.

Елімізде танымал ғылымиметрикалық көрсеткіш h-index шамасы бойынша көшбасшылар тізіміне Назарбаев уни­верситеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ­стан-Британ техникалық универ­ситеті кіреді. Қалған жоғары оқу орында­рында h-index көрсеткіші 17-ден аспайды.

 

Ғылыми өндіріс

Ресми деректерге сүйенсек, осы күн­ге дейін атқарылған жұмыстардың нә­тижесінде жоғары оқу орындарындағы зерттеушілер санының өскені байқа­лады. Бұл зерттеу сапасына оң әсер ет­кенімен, ғылыми өндірісті айтарлық­тай ілгерілетіп жатқан жоқ. Санға қарап, қызметке келетін ғылыми кадр дайын деп қуануға әлі ерте. Өйткені академиялық кезеңді аяқтаған мамандардың көбі әрі қарай ғылыммен айналысуға бара бермейді. Ғылыми зерттеу қызметі саласына жоғары оқу орнынан кейінгі даярлықтың түлектері өте аз келеді. Оған себеп те көп. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы докторантураны тәмамдаған 1,5 мың түлектің ішінде ғылыми зерт­теу­лер саласына тек 69 PhD келген. Қыз­меткерлерді жаңартудың бұл қарқы­ны зейнеткерлікке шығу сияқты табиғи се­­беп­тер бойынша шығынның орнын тол­ты­ра алмайды. Өйткені зейнетке дейін­гі және зейнет жасындағы кадрлар саны зерттеу қызметімен айналысатын бар­­лық қызметкердің төрттен бірін құрайды.