Сенат • 05 Ақпан, 2024

Палата Бюросының отырысы өтті

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Бюросының отырысы өтіп,   депутаттар 8 ақпандағы күн тәртібін  бекітті, деп жазады Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палата Бюросының отырысы өтті

Фото: Н.Байбулин

Палата отырысында сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Заң салық есебіне оңайлатылған жолмен қоюдың және электрондық қызметтерге қосылған құн салығын төлеудің ұлттық тетігін енгізуді көздейді. Сондай-ақ аталған құжат Еуразиялық экономикалық одақ ішінде де, ҚҚС төлеудің ашық және нақты тетігі бар үшінші елдермен де салық салудың тең жағдайларын қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Заң нормалары заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан мен Эстонияның құзыретті органдары арасында тиімді ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастыруға, Тараптар болып саналатын мемлекеттердің аумағында келу, болу, тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды сәйкестендірудің және қайтаруды ұйымдастырудың оңтайлы рәсімдерін белгілеуге, сондай-ақ, осындай адамдардың транзитін жеңілдетуге арналған.

Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.