Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Ғылымды дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2020-2023 жылдарға 249,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2020 жылға – 35,5 млрд теңге, 2021 жылға – 48,7 млрд теңге, 2022 жылға – 45,5 млрд теңге, 2023 жылға 119,8 млрд теңге қарастырылған. Жоспарланған қаражаттың есебінен базалық қаржыландыруға – 9,4 млрд теңге, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға – 83,3 млрд теңге, гранттық қаржыландыруға – 119,8 млрд теңге, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруға – 34,1 млрд теңге, гранттық қаржыландыруға және іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға 2,9 млрд теңге бөлінген.
Министрліктің ресми мәліметіне сүйенсек, осы қаржының 91 пайызы, яғни 227,8 млрд теңгесі толық игерілген. Оның ішінде 2020 жылы – 35,4 млрд теңге, 2021 жылы – 44,6 млрд теңге, 2022 жылы – 45,4 млрд теңге, 2023 жылы 102,4 млрд теңге ғылымның дамуына жұмсалған.
Ал 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе – 643 млрд теңгеге дейін өскен екен. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы 13 пайызға артып, шамамен 730 млрд теңгені құрап отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми институттарға қосымша қаржыландыру да бөлінген. Сондай-ақ жас ғалымдарға да жақсы қолдау көрсетіліп, бүгінде олар 727 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, өткен бірнеше жыл ішінде мұндай грантпен қаржыландырылған жобалардың елдің ғылыми-техникалық дамуына қосқан жалпы үлесі 68,6 млрд теңгені құраған. Міне, сандар солай дейді.
Ғылымды қаржыландыру ізденіс жүргізіп, жаңа әзірлемелер жасауға негіз болады. Мұндай қолдау арқылы зерттеушілер эксперимент жүргізіп, деректер жинау, талдау жасау жұмыстарын қиындықсыз іске асыра алады. Сол арқылы ғылыми прогресс пен технологиялардың дамуы ілгерілейді әрі экономиканың жаңа салаларын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өмір сүру деңгейін жақсартуға, жалпы қоғамның экономикалық және әлеуметтік өркендеуіне ұзақмерзімді әсер етеді. Бұл салада қаржылық тәуелділік болмаса ғана ғылыми жаңалықтар ашылып, жаңа технологиялар арқылы адамзаттың өмір сүру сапасы жақсарады. Сондықтан елімізде отандық ғалымдардың әлеуметтік жағдайын да жақсартуға мән беріліп жатыр. Ғылыми қызметкерлердің жалақысын көтеру, баспанамен қамтамасыз ету оларға арнайы гранттар тағайындау, стипендия беру мәселелері оңтайлы шешіліп келеді.
Мысалы, 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені немесе нарықтағы орташа жалақының 72 пайызын құраса, 2022 жылы ғылым саласындағы төменгі жалақы 257 мың теңгеге тең болды. Ал қазір 300 мың теңгеден басталады. «Ғылымды қазір министрлік қолдап отыр. Соның нәтижесінде біздің, яғни, ғалымдардың айлығы 2 млн теңгеге дейін жетті. Менің қазіргі кездегі жалақым 2 млн 300 мың теңгені құрайды. Ал жұмысқа жаңадан кірген жастардың айлығы 300 мыңнан басталады. Жас ғалымдарға берілген пәтер бойынша бізден 4 зерттеуші баспаналы болды. Олардың айлығы 400-500 мың теңге көлемінде», дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжәліұлы.
Сондай-ақ ғалымдарды ынталандыру үшін 2021 жылдан бастап 6 млн теңге мөлшерінде жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріле бастады. Ал былтырдан бастап министрлік тарапынан 500 ғылыми зерттеуші қызметкерге, профессорларға, жас ғалымға, он екі айға дейін дүние жүзінің жетекші жоғары оқу орындарында, лабораторияларында, ғылыми зерттеу институты негізінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылды.
Айта кетейік, отандық ғалымдар жыл сайын ұйымдастырылатын «Scopus Awards» сыйлығын иеленіп жүр. Тіпті профессорлардың алдыңғы қатары әлемдік беделді ғалымдардың 2 пайызына кірді. Ғалымдардың беделді шетелдік ғылыми басылымдарға тұрақты мақала жазуы да тың жаңалықтардың бар екенін аңғартады. Осы орайда мемлекет тарапынан ғалымдарға жетістігі үшін арнаулы сыйақы тағайындалған. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Қ.Сәтбаев атындағы сыйлық (350 айлық есептiк көрсеткiш), гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық (350 айлық есептiк көрсеткiш), педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуi мен жұмысы үшiн Ы.Алтынсарин атындағы сыйлық (350 айлық есептiк көрсеткiш), түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлық (300 айлық есептiк көрсеткiш), жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған Д.Қонаев атындағы сыйлық (150 айлық есептiк көрсеткiш), гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған М.Әуезов атындағы сыйлық (150 айлық есептiк көрсеткiш) беріледі. Бұған қоса 24 айлық есептiк көрсеткiш мөлшеріндегі мемлекеттік ғылыми стипендия да бар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықты – 3, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықты – 4, ал Күлтегін атындағы сыйлықты 1 ғалым иеленген.
Ғылымды қаржыландыру білім мен технологияны дамытуда шешуші рөл атқарады. Бұл қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, нәтижеге қол жеткізу үшін маңызды. Ғылым – қашанда қоғамды алға жетелейтін сала. Ал ондағы жаңа идеялар мен жобалар – ел дамуының негізгі тетігі. Қазіргі жаңа технологияның дамыған заманында ғылымға жеткілікті қаражат бөлу ел болашағына инвестиция салу деген сөз.
Би-Фатима Ералханқызы