Мәселе • 09 Ақпан, 2024

Омарта кәсібінен айырылып қалмайық

671 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Республикалық ара шаруашылығы палатасының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Бауыржан Мелдешев ішкі нарықта сыртқы ойыншылардан қорғап, отандық өнімді сақтап қалмасақ, ара шаруашылығын біржолата жоғалтып аламыз деп, газет арқылы жанайқайын жеткізіп отыр.

Омарта кәсібінен айырылып қалмайық

«Біз ара шаруашылығының өкілдері әлеуметтік желіде өзіміздің топтарымыз бар. Сол жерде бағаны біліп отырамыз. Мәселен, Ресейде таза бал 5 мың теңгеге дейін барады. Ал неге онда бізге өте арзан бағада келіп жатыр? Өйткені ол – таза бал емес. Елімізге кіріп жатқаны жүгері сірнесі – орысша айтқанда, патока. Мен жай сатып алушы ретінде хабарласып көрдім.  Олар арзан бағада саудасын келістіріп беруге уәде берді. Енді осы жасанды балды ресейлік пысықайлар еліміздегі ірі-ірі сауда орындарының сөрелеріне қоймақшы. Сол бағытта қызу жұмыс істеп жатыр. Мен бұл мәселемен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына хабарластым. Ол жақтағылар Қазақстаннан да сірнелердің Ресейге жіберіліп жатқанын айтты. Бірақ мені күйіндіретіні, Ресейден келетін сірне бал деген атаумен бізге еніп жатыр. Жұрт Ресейдің таза балын жейміз деп жасанды әселге ұрынып қалып отыр.  Мен де сол жақтың өнімін арзан көтерме бағада сатып алып, өзімізде сауданы қыздыра берсем де болар еді. Бірақ олай жасай беретін болсақ, жергілік­ті ара шаруашылығы өледі, біржолата құрдымға кетеді», деді Б.Мелдешев.

Сала өкілінің хабарлауынша, кезінде омарташылықпен оңтүстік аймақта негізінен орыс ұлтының азаматтары айналысқан. Кеңес одағы тараған соң көпшілігі көшіп кетіп қалды, ал осында қалып, үйренген кәсіпті жалғастырып жат­қан­дарының көпшілігі қазір қартайған. Ендігі мәселе, қазақтар ара шаруашылығын тез меңгеріп қалмаса, жасанды балға тос­қауыл қойылып, шынайы бал өндіретін оңтүстіктің омарташылығы қолдау көрмесе, бұл саланы біржолата күйре­тіп алатын түріміз бар. Сөйтіп, таза әселдің не екенін ұмытып, сірне жегенге риза болып жүретін жағдайға жетуіміз мүмкін.

мед

Онсыз да бал арасын сату жағынан Өзбекстан­мен бәсекелесе алмай жатқан­да, мына жағ­дайдың орын алуы оң­түстіктің омарташылары үшін «жығылған үстіне жұды­рық» болды. Маманның баян­дауынша, Ресейден осы күнде 8 мың тонна сірне Қазақ­­стан­ға кіргізіліпті. Бұл – мас­қара көлем. Салыстырмалы түрде алсақ, бір жүк пойызының вагонына 60 тонна өнім сыяды. Ал таза бал болып келгені – бар-жоғы 227 тонна ғана.

«Біз шегірткеге қарсы жерді химиялық өңдеуден де қатты таяқ жеп жатырмыз. Біріншіден, бал аралар дәріден қырылып қалу үстінде, екіншіден, балдан көп мөлшерде антибиотик шығып жатқан жайы бар. Үкімет бұрынғыға қарағанда шегірткеге қарсы күрес шарасына қосымша тағы да қаражатты көбейтіпті. Бұл да омарташылардың жанайқайын еселеп отыр.  Осы ретте бізге балды жасандылықтан ажыратып беретін заманауи зертхана қажет. Қытай жа­ғы бізге өнімдеріңді әкелің­дер дейді. Бірақ оған нақты кепіл­дік болмаған соң, тәуе­келге барғымыз келмейді. Қырғыз­станның бір таныс азаматы кезінде бір фура бал апарған. Қытайлықтар қызығып тағы әкел деген соң, қарызданып-қауғаланып, тағы да екі көлікті толтырып шекара асырған. Алайда ол жақтағылар балының құрамынан антибиотикті анық­тап, өзінің өнімін өз ақшасы­на өртетіпті. Сол жағдай бізге үлкен сабақ болды. Сондық­тан жергілікті омарташыларға керегі – заманауи зертхана және ол жеке бір ұйымға қараса, соны­мен бірге ертең шаруа өнімін шетелге сатып, алда-жалда өнім сапасынан кінәрат анықталып жатса, шаруаны араластырмай, сол зертхана ұйымы мәселені өзі барып шешсе дұрыс болар еді. Орталық Азияның ешбір елі бұл технологияға қол жеткізе алмай отыр. Мұндай зертхананы Украина елі орнатыпты. Омарташылардың құқығын қорғай білгендіктен қазір бұл елдің бал өнімдері бойынша экспорт көлемі дүние жүзінде бесінші орынға шығып кетті. Бірақ бұл зертхана жабдығы арзан тұрмайды. Ескісінің өзі 60 мың ағылшын фунт стерлингін құрайды. Сондықтан омарташылардың оны сатып алуға шамалары келмей отыр. Бұл мәселе бо­йынша тағы да «Атамекенге» өтініш жасадық. Олар санитар­лық-эпидемиологиялық де­пар­­таментке әперейік дейді. Біздің ойы­мыз басқа. Жоға­рыда айтып өт­кенімдей, зертхана жекеменшік ұйым­­ның қарамағында болуға тиіс. Өйткені СЭС мамандары әр омарташыға барып, балдан сынама алып отыра алмай­ды ғой. Дегенмен жергілікті ара шаруа­шы­лығының өкілдері мүлкімізді кепіл­дік­ке қойсақ та осы зертхананы сатып алуға дайынбыз деп отыр», дейді филиал директоры.

Осы зертхананың жоқ­тығы салдарынан да елімізге Ресейдің жасанды балы ағы­лып келіп жатыр. Олар сір­неге түрлі балдың дәмін бере­тін тағамдық қоспалар қосып, жапсырмасына табиғи таза бал деген таңба белгісін жапсырып, бері қарай жібереді екен. Осылайша, бағаны жерге қатты ұрып тастады, соның кесірінен жергілікті омарташылар бәсекеге шыдай алмай қатты зиян шегу үстінде.

Сала өкілі тағы бір қызықты жайттың бетін ашты. Жасан­ды балдың елімізде сатылуын жүзеге асырып жатқан ресейлік «Опивито» дейтін компания алыстағы Йемен еліне де енді Қазақстанның сауда белгісін қойып сірнені сатуды бастапты. Бұл компания Қазақстанның әрбір өңірінен бір-бір филиалын ашуды жоспарлап отыр.

«Қарнымның ашқанына  емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен баяғыда біреу. Сол айтпақшы, еліміздің омарташылары өз араларын Ресейге де, Өзбекстанға да өткізе алмайды. Әртүрлі желеу-сылтаумен кедергілер қойып тастаған. Алайда кері­сінше бізге өзінің бал арасын да, жасанды әселін де топырлатып тоғытып, армансыз саудалап жатыр. Ішің қалай ашымас? Сондықтан біздің ұсынысымыз – шетелден жасанды балдың келуіне жаппай тосқауыл қою керек», деді Б.Мелдешев.

Маман бұл проблема әб­ден шегіне жеткенін мәлім­­деді. Тіпті таяу күндерде Шым­кентте осы жағдайға байла­ныс­ты кішігірім петиция ұйым­дастырылатынын жет­кізді. Омарташылар қауым­дас­тығы Мемлекет басшысы­ның атына да ашық хат жолдауды ұйға­рып отыр. Алайда оған дейін жер­­гілікті әкімдіктер мен құзыр­лы органдардың алдынан бір өткенді жөн санапты. Жағдай шешімін таппай жатса, наурызда мәселеге назар аудартуға ашық кірісетіндерін баяндады. 

Президент өзінің был­тырғы Жолдауында ішкі на­рықты қорғайтын кездің кел­генін атап өткен болатын. Сон­дықтан Мемлекет бас­шы­сының бұл тапсырмасы орын­далып, омарташы­лардың жанай­қайы ескерусіз қал­ма­са екен деп тілейміз. «Egemen Qazaqstan» газетіне ішкі на­рықты қорғамай отандық өнер­кәсіпті дамыту мүмкін емес­тігі жөнінде бұған дейін де бір­неше рет мәселе көтерілген еді. Мәселен, жергілікті жылыжай шаруашылығының өкілдері сан мәрте көрші Өзбекстан, Түрікменстаннан арзан бағалы тауарлар базарларды басып қалатынын айтып дабыл қаққан болатын. Сонымен бірге «Бал текстиль» фабрикасының директоры Талғат Ысқақов та елімізде өнім өндіруден сауда жасау әлдеқайда оңай, себебі шекарамыз ашық-шашық деп проблеманы төтесінен қойған-ды. Енді бүгін оларға омарташылар қосылып отыр. Соған қарағанда елімізде отандық өнімді қорғауға көңіл бөлінбей жатыр ма деген шынымен де күдікті ой туады екен. Кеше ғана Үкімет жаңарды. Енді бұл мәселе қолға алынар деген үміттеміз.

 

ШЫМКЕНТ