Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. ҚҚС салығының мөлшерлемесін көтеру, шындығында салықты төлейтін тікелей тұтынушыға қосымша ауыртпалық түсіретіндігі анық. Онда салық 4 пайызға көтерілсе, баға да өседі деген сөз. Ал Үкімет бағаны реттеу үшін түрлі әрекеттерге көшуде. Президент бұл мәселені ойланып, әр тұрғыдан салық қатынастарына қатысушылардың ой-пікірлерін тындау керек дейді.
Бизнес субъектілері мен салық агенттерін, яғни кез келген реформа салық қатынастары қатысушыларының пікірін ескеру керек деп айтылды. Дамыған көп мемлекетте бұл мәселе бұрыннан талқыдан өтіп, тіпті мінсіз салық жүйелері де болғаны дәлел ретінде ұсынылады. Қосылған құн салығын француздың Морис Лора деген ғалымы ойлап тапқан. Еуропа мемлекеттері қосылған құн салығын дамыту барысында бірнеше кезендерден өтіп, бүгіндері оның мөлшерлемесі де әртүрлі деңгейде. Мәселен, кітап-баспа өнімдері, азық-түлік, дәрі-дәрмек, әлеуметтік маңызы бар тауарларға төмендетілген мөлшерлеме қойылған. Мемлекет осы мөлшерлеме арқылы бағаны да ретке келтіріп есептеп отыр деген сөз. Қоғамда соңғы кездері әлеуметтік теңсіздікті жоямыз деп әділетті қоғамды қалыптастыру жайы талқылану үстінде. Кейбір сарапшылар байлыққа салық салынуы керек дегенді айтады. Онымен неге келіспеске? Қосылған құн салығын қолдану арқылы аталған мәселені шешуге болатыны күмән тудырмайды. Шет мемлекеттерден жеткізілетін қымбат тауарлар, оның ішінде көліктер мен зергерлік бұйымдар секілді байлықтың белгісін білдіретін тауарларға мемлекет жоғарылатылған мөлшерлемемен салық салады. Мәселен, Исландияда мұндай тауарларға салық мөлшерлемесі 25 пайызды құрайды. Аталған тауарлардың тізіміне кірмейтін төмендетілген әлеуметтік маңызы бар тауарларға стандарттық мөлшерлеме бекітіліп қойылған. Италияда – 16-18 пайыз. Қазақстанда стандарттық мөлшерлеме ретінде 12 пайызбен қалса, қалған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың мөлшерлемесін төмендету арқылы бағаны реттеуге болады. Екінші мәселе, әлеуметтік теңсіздікті жою үшін не істеу керек? Әрине, халықтың әл-ауқатын арттырып, бағаны тұрақтандыру қажеттілігін айтамыз. Менің ойымша, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қазіргі күн көріс деңгейін басқаша қарастыру керек. Әлеуметтік кодекс қабылданды, параметрлер өзгеріп жатыр, ең төменгі жалақы механизмі де өзгерді. Салық кодексіне сәйкестендіріп, жасалынуы шарт. Себебі көптеген мемлекетте ең төменгі жалақы мөлшері бізге қарағанда әлдеқайда жоғары.
Біздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Халық қалаулылары да сандармен дәлелдеді. Әрине, бір айда 85 мың теңге жалақыға күн көру оңайға соқпайды. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды мазалайтыны да сол. Минералды ресурстарға бай, бүкіл Менделеев кестесінің элементтері бар жер қойнауы бола тұра, 20 млн халықтан құралған еліміз үшін қынжылтатын жайт. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты ішкі жалпы өнімді 2029 жылы 450 млрд көтеру керектігін тапсырды. Бұған қол жеткізу үшін әлемге әйгілі экономикалық теорияның классигі Адам Смиттің мінсіз әрі әділ салық жүйесін құруды алға тарту керек. Онда әділдік, айқындылық, ынғайлылық пен үнемділік туралы салық жүйесінің 4 қағидатын атаған. Осы қағидаттарды салық органдары салық жүйесін реформалау кезінде факторларды ескеретін болса, шынымен де әділдікке қол жеткізуге болады. Соңғы кездері салық органдары жаппай декларациялауға айрықша көңіл аударып отыр. Биыл жеке кәсіпкерлерге, өткен жылы мектеп мұғалімдеріне, жалпы бюджеттен жалақы алатын барлық мемлекеттік мекеменің қызметкерлері жұбайларымен өткізуі керек. Декларациялаудың негізгі мақсаты салық органдары мемлекеттік көзқарас бойынша көлеңкелі экономиканы төмендету деңгейін, жемқорлықпен күресу десе, екінші жағын да ескерген жөн. Дамыған мемлекеттердің салық жүйесінде декларациялау не үшін енгізілген? Мұнда декларация деген сөздің мағынасы әрбір салық төлеуші өзінің кірісі мен шығысы туралы қоғам алдында жариялауға тиіс. Мәселен, біздің салық жүйеміздің өзгешелігіне тоқталсақ, жеке табыс салығы деген бар екендігін білеміз. Ол әрбір жұмыс істеуші қызметкер өзінің жалақысынан белгіленген шегерімдерді азайтып тастағаннан кейін он пайыз салық агенттері, яғни жұмыс берушінің есепшісі ұстап қалады және сәйкесінше бюджетке аударады. Сондықтан салықты төлем көзінен төлеп отырған жайымыз бар. Шетелдіктердің салық төлеуіндегі өзгешелігі олар төлем көзінен емес, өз бетімен декларациялау әдісі бойынша қоғам алдында есеп беріп жариялайды, салық мәдениеті деңгейі өте жоғары. Олар салық төлеу арқылы өз мемлекеті қолдайтындығын білдіріп, еш қарсылықсыз төлейді. Бізде керісінше, наразылықтарын білдіріп жатады. Соны түсіндіру керек. Екіншіден, салық төлеуші шетелде өзінің қоғамға қосқан үлесі салығының нәтижесін көре алады. Көбінесе, өзінің тұратын мекенжайына, мәселен абаттандыруға жұмсалады. Ол үшін жергілікті басшысы жауап береді. Бізде сондай жүйеге көшсек, салық түсімдері дұрыс қолданар еді. Бұл жөнінде әкімшіліктен басқа, халық қалаулылары да сайлаушылар алдында есеп беруге тиіс. Бізде тек тұрғындардан шағым түскен кезінде қозғалатындығы жасырын емес.
Шындығында, мемлекеттік қызметкер халыққа жақын болуға тиіс. Салық есебінен абаттандырудан өзге, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың мәселесін шешу керек. Ол мемлекеттік қызметкерлер осы салық төлеушілердің арқасында жалақы алып отыр емес пе? Әлі де қағаз жүзінен арылмай келеміз, олардың жұмысы ауданға есеп беру, аудан облыс орталығына есеп берсе бітті.Тек осымен айналысып жүргені шындық. Болашақта әкімдер салық қанша жиналғаны туралы және нақты қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беруі қажет. Сонда ғана шетелдегі сияқты салық төлеуші өзінің төлеген салығының нәтижесін көрсе, наразылығын білдірмес еді. Шетелде прогрессивті мөлшерлемемен салық салынады.
Тағы бір мәселе, жер қойнауын пайдаланушыларға дамыған мемлекеттерде жоғарылатылған мөлшерлемелер қолданылады. Бізде салық ауыртпашылығы жер қойнауын пайдаланушыларға онша жоғары емес. Жер қойнауын пайдаланушылар бизнес иелері заңды немесе жеке тұлға болсын жоғары мөлшерлемемен төлесе, байлыққа салынатын салық өзімен теңесер еді. Қарапайым халық Адам Смиттің қағидатын көрер еді. Прогрессивті мөлшерлемені енгізіп, дамыған мемлекеттердегі сияқты белгіленген бір орташадан төмен жалақыға мүлдем салық салуды тоқтату керек. Зейнетақы жарнасын алсын, медициналық әлеуметтік қамсыздандыру қорына алсын, бірақ жеке табыс салығын салмауға да болады емес пе? Мәселен, Жапон елінде біздің ұлттық валютамен шаққанда 489 мың теңге, Германияда 819 еуроға, яғни 400 мың теңгеге дейін жалақы алатындарға салық салынбайды. Сонда біз қаншалықты деңгейде тұрмыз. Орташадан төмен жалақы деңгейінде салық салудың қажеті жоқ. Әділ салық салудың, декларациялаудың негізгі мақсаты шетелдің тәжірибесін қолдансақ, мәселен Норвегияда табыс салығының мөлшері 25 пайыздан 42 пайыздың аралығында. Олар оны еш қарсылықсыз төлейді. Өйткені ертеңгі күніне сенімді. Мемлекет оларға кепіл береді.
Сонымен қатар шет мемлекеттерде көлік салығы деген атымен жоқ. Жеке және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер көлік салығы бойынша есеп бермейді. Олардың көлік салығы жанармайының құнына енгізілген механизмі бар. Шындығына келгенде заңнамаға сәйкес, біздің мемлекеттік мекемелер көліктері үшін салық төлемейді. Осынысы әділ ме? Олар да жолды қолданады, экологияға зияның тигізіп жатыр емес пе? Аталған мәселелер жүзеге асса, жаңа Үкімет Президенттің алға қойған тапсырмасын мүлтіксіз орындаса және ішкі жалпы өнімді параметрлерге жеткізіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда түсіндірме жұмыстар жүргізсе, біздің қоғам шынайы әділ қоғамға беталары сөзсіз.
Лутпулла Омарбакиев,
Тұран университеті қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ