Өнер • 12 Ақпан, 2024

Қастеев мұрасына құрмет

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлт кескіндеме өнерінің тарланбозы Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Ұлттық бейнелеу өнері десе, Әбілхан Қастеевтің есімін бренд деп білеміз. Халық суретшісінің «Көгілдір көйлекті қыз», «Амангелді сарбаздары», «Қалыңдық» секілді өзге де туын­­дыларын замандастары, май­талман мамандар жоғары ба­ғалағаны анық.

Қастеев мұрасына құрмет

Суретті түсірген – Юрий КИМ

Бейнелеу өнері алыбының мерейтойына орай Тараз қалалық «Анаға тағзым» орталығының ұйытқы болуы­мен іс-шара өтті. Қастеев мұрасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті суретшілер қатысып, Бродский студиясында шеберлігін ұштаған өнер иесінің туындылары туралы ойларын ортаға салды.

«Уақытында Әбілхан Қастеевті өз көзіммен көріп, қайталанбас тұл­ғаның қасында болдым. Даңқты су­ретшінің галереясынан әкемнің паровоз жүргізіп бара жатқан картинасын тамашалап, керемет сезімді бастан кешірген едім», деді еңбек ардагері Гүлбахрам Ақылова өткен шаққа көз жүгіртіп.

Іс-шара барысында сөз алған режиссер Қаржаубай Сыдықназаров пен Қазақстан Суретшілер одағы об­лыс­тық филиалының жетекшісі Айдар­хан Сихаев Әбілхан Қастеев карти­на­ларының ерекшелігі туралы тол­ғамды ойларын бөлісті.

«Әсілінде суретші мамандығына қы­зыққан кез келген жас Алматыдағы Қастеев галереясын көзбен көріп, оның қолтаңбасының ерекшелігін жүрекпен сезінуі керек. Әбілхан мұрасының ар­тықшылығын түсінген жас қана мықты маман бола алады», деді А.Си­хаев іс-шара барысында сөйлеген сөзінде.

Жас таланттардың бейнелеу өне­ріне қызығушылығын арттыру, Қас­теев мұрасын ел ішінде насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кездесуде өзге де мамандар пікірлерін ортаға салды. Өнерпаздардың әдемі әндерімен әдіптелген іс-шараның жоғары дең­гейде өтуіне Д.Қонаев атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұжымы атсалысты. Кітапханашылар ұйымдастырған көрмені тамашалаған көпшілік Әбілхан Қастеев туындыларымен тереңірек танысты.

 

ТАРАЗ