Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Жамбыл, Түркістан облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындарынан тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкерелеп, олардың «жұмысына» тосқауыл қойды. Департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада қылмыстық топтың құрамында бірнеше адамның болғаны, олардың бұл істі бірлесе атқарғаны айтылған.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық топ мүшелері көлік тізгіндегісі келгендердің оқуға тиіс сабақтарын және көлік басқару мүмкіндігін тәжірибе жүзінде қадағалап тексермеген. Қаржылай сыйақы үшін жүргізуші куәлігін шүлен таратқандай заңсыз үлестірумен ұзақ уақыт бойы айналысып келген. «Мың асқанға – бір тосқан». Куәлік «саудасының» көркін қыздырғандардың кейбірі жұмыс орнында жайбарақат отырған жерінен ұсталды.
Дерекке сенсек, қылмыстық топтың құрамында ХҚКО қызметкерлерінен бөлек, жоғарыда айтылған өңірлерден жүргізуші куәлігін алуға ниет білдірген тұтынушыларды іздестірген арнайы «көмекшілер» де бар. Ең сорақысы, құжаттар Тараз қаласында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделіп, иелеріне таратылып отырған.
Құзырлы орган қызметкерлерінің жедел іске кірісуінің арқасында күдіктілер дер кезінде ұсталды. Қазіргі кезде заң талабына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолға түскен күдіктілердің қатарында халыққа қызмет көрсету орталығының басшылары секілді лауазымды тұлғалар да бар.
«Тіркелген қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін заңсыз берудің 35 дерегі анықталды. Қылмыстық жүйені ұйымдастырушылар мен орындаушылар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Алмаз Алматов.
Жамбыл облысы