Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мәселенің жай-жапсарын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.
«Мұғалімдердің көбі МӘМС-ке тұрақты жарна төлеп отырса да міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмек алуға келгенде кедергіге тап болып жатыр. Мұның себебі – жазда, үш айлық демалыс кезінде кейбір бухгалтерлер жалақыны және МӘМС бойынша тиісті жарнаны бір аударыммен аударады. Бұл өз кезегінде МӘМС-тің бюрократиялық тиімсіздігінен мұғалімдерді сақтандырылған азаматтар деген мәртебесінен айырып, медициналық көмектің қолжетімсіздігіне алып келді. Біз бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне осыны тез арада реттеу туралы талап қойғанбыз. Болашақта бұл мәселені шешеміз деп сенемін», дейді депутат.
Жыл бойы МӘМС-ке жарнасын төлеп келген мұғалімдер оқу жылы басталарда осындай кедергіге тап болады екен. Себебі бір – жарна төлемеген. Бір қызығы, бірер апта бұрын, яғни желідегі жазбаға дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұзақмерзімді демалыс кезінде қызметкерлерді сақтандыруға кепілдік беру үшін жүйеге тағы өзгерістер енгізілетінін жариялаған. Хабарламадан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында бейіндік нормативтік-құқықтық актіге толықтыру енгізу ұсынылғанын білдік. Бұл – ұзақмерзімді демалыс кезінде қызметкерлердің МӘМС-тен шығып қалмауына септеседі екен.
Негізі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес жұмыс беруші ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызметкері үшін жарна төлеуге тиіс. Ал егер жүйеге бір ай аударым түспесе, ол қызметкер МӘМС жүйесіндегі «сақтандырылған» мәртебесінен айырылады. Салдарынан еліміздің бірнеше өңірінде мұғалімдер, тау-кен кәсіпорындарының қызметкерлері және вахталық әдіспен жұмыс істейтін кейбір мамандар осы келеңсіздікке ұрынады екен.
Көптің жадында жүрген мәселені шешуді ойластырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры былтыр желтоқсанда Денсаулық сақтау министрінің МӘМС-ке аударымдарды немесе жарналарды аудару ережелері мен мерзімдері туралы бұйрыққа толықтыру енгізуге бастамашы болыпты. Мұнда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құжаттың мәтінінде ақылы еңбек демалысы кезеңіндегі табысты есептеу кезінде аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің санына барабар есептелген кезеңдер бойынша бөлек аударылатынын нақтылауды ұсынған. Қазір қордың ұсынысы уәкілетті орталық – мемлекеттік органдардың қарауында екен. Енді көп ұзамай осы толықтыруды қабылдау туралы оң шешім шықса, ұзақмерзімді демалыстан кейін «сақтандыру» мәртебесінен қағылған мұғалімдердің ғана емес, басқа бірнеше сала маманының мәселесі шешіледі-мыс.