«Алдиярдың» балалары қайда барады?
Қостанайдың солтүстік-батыс шетін айналып өтетін темір жолдың арғы беті бұрын қу тақыр болып жататын. Соңғы 10-15 жылдың ішінде бұл маңда «Алтын арман», «Береке», «Солтүстік-Батыс», «Юбилейный» деп аталатын келбеті келіскен шағын аудандар бой тіктеді. Мұнда тұратындардың дені – қазақтар. Жас отбасылар өте көп. 2015 жылы «Солтүстік-Батыс» шағын ауданында тұңғыш рет №15-ші қазақ мектебі пайдалануға берілген. Іле осы мектептің бір қанатынан мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі аясында 100 балаға шақталған қазақ балабақшасы ашылды. Аядай ғана «Алдияр» балабақшасы содан бері талай балақайдың бойына ұлттық рухтағы тәрбие дәнегін егіп, ана тілін ұштап, кейін олардың тек қазақ мектебін ғана таңдауына жағдай жасап келген. Енді, міне, 10 жыл бойы халық игілігіне қызмет етіп келген балабақша ұжымы жақын жерден көше қоятын қолайлы ғимарат таппай, жабылып қалуға шақ тұр. Ата-аналар да абыржулы.
«Бұл жерге осымен үшінші баламыз келіп жүр. Өзіміз ана тілімізді дұрыс білмегендіктен, осы олқылықтың орнын ең болмаса балаларымыз арқылы толтырайық деген ниетпен арнайы таза қазақ тілінде оқу-тәрбие беретін балабақшаны таңдап алғанбыз. Бұл – осы маңайда орналасқан бес шағын аудандағы жалғыз балабақша. Коттедж ғимараттарында отырған орыс немесе аралас балабақшалар болмаса, жақын маңда бұдан басқа қазақ балабақшасы жоқ. Тәрбиешілері де өте білікті мамандар. Осы балабақшаның арқасында өзіміз де тіл үйрене бастадық. Қазір үйде балаларымызбен ана тілінде сөйлесеміз. Төртінші қызымыз Сәбинаны осы балабақшаға берейік деп едік, мұнда 2 жасар сәбилерге арналған топ болмады. Амалдың жоғынан №61 балабақшаға бердік. Өзімізге ыңғайлы болу үшін үлкенін де сол балабақшаға ауыстырғымыз келген. Бірақ ол қызымыз «Баян апаймен қаламын» деп жылап, ауыспай қойды. Тіпті, мемлекеттік тілді үйрету үшін осы балабақшаға баласын жетектеп әкеліп жүрген орыс ұлтының өкілдері де бар. Біз балабақшаның жабылуына қарсымыз. Ең алдымен бала мен ата-ананың құқығы тапталмау керек. Мысалы, бұл балабақша жабылып қалса, бұл шағын ауданнан баламды беретін қазақ балабақшасын таба алмаймын. Бізге аралас балабақша керек емес, толық қазақ тілінде тәрбие беретін мекеме керек. Ал ондай балабақшалар өте алыс, қаланың екінші шетінде», дейді көпбалалы ана Бақытгүл Ыдырысова.
Ата-аналардың бәрі балабақшаның жабылатынын кеше ғана естігенін айтады. «Өз басым кеше түні ғана естідім. Бұл балабақша жекеменшік болғанымен, 100 баланы ата-анасы тек баланың тамағына ғана ақы төлеп отырғанбыз. Қалғаны түгел тегін болатын. Енді осы балабақшамыздың бір сәтте жоқ болып кетуі бізге де, балаларымызға да ауыр тиіп отыр. Осы мектептің директоры «Өзімізде шағын орталық бар. «Индиго» электронды қызметі арқылы 50 баланы сол жерге қабылдаймыз», дейді. Ол кісіден «Индигоға» тіркелсек, баламыз автоматты түрде орталыққа қабылдана ма?» десек, «Жоқ, мен оны білмеймін» деп отыр. Яғни ертең біз «Индигоға» тіркелгеннің өзінде директор «Сіздер үлгермей қалдыңыздар» деп айтуы мүмкін. Сондықтан балаларымыз да, тәрбиешілер де өз орындарында қалсын деген талап қойып отырмыз», дейді ата-ана Нұржан Әбдіқалықова.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Қостанайдағы қазақ және орыс балабақшаларында 480-нен астам бос орын бар екен. Бірақ олар «Солтүстік-Батыс» шағын ауданынан алыс орналасқан әрі көбі орыстілді немесе араластілді балабақшалар. Сондықтан ата-аналардың бұл тәрбие ошақтарына балаларын жетектеп жүргісі жоқ.
«Үндестік» неге үнсіз қалды?
«Алдияр» балабақшасының құрылтайшысы «Үндестік» жеке мекемесі мектеп ғимаратын 8 жыл бойы жалға алып келген. №15 мектептің директоры Жұмагүл Мейрамованың айтуынша, балабақшаны жалға алу туралы келісім-шарттың мерзімі ақпанның басында аяқталған.
«Біз «Үндестікке» үш жыл бойы осындай уақытта жалға алу мерзімі бітетінін, одан әрі ғимаратты жалға беру мүмкіндігін қарастырмайтынымызды айтып хабарлама беріп отырдық. Ол менде бір папка болып сақтаулы тұр. «Үндестік» басшысының жауабында уақыты келгенде ғимаратты босататыны, басқа жер қарастырып жатқаны айтылған. Бірақ уақыты келсе де бізге тиесілі ғимаратты босатпай отыр. Бүгінде менің мектебімде 790 бала оқиды. Мектеп 400 орынға арналған. Яғни бала саны екі есе артып отыр. Жаңағы 400 орынның ішінде бізде осы балабақша секілді шағын орталық бар. Ондағы бір топ толық, екіншісі жарты күн жұмыс істейді. Мұнан тыс, 3 мектепалды даярлық сыныбы бар. Бізге кабинет жетіспейді. Жалпы, осы ауданда орналасқан жалғыз қазақ мектебі болғандықтан, бізде бала саны жыл санап артып келеді. Қазір көп ата-ана баласын аралас мектепке бергісі келмейді, таза қазақ мектебінде оқытқысы келеді. «Үндестік» 960 шаршы метрді босатқанның өзінде, бұл дәл бұрынғыдай балабақша жасындағы балаларға арналған орын болып қалады. Мен өз мектебімдегі екі топты осы жерге көшіріп, оның сыртында қосымша тағы 50 бала қабылдай аламын. Біз қазірдің өзінде қалалық білім бөліміне тағы 2 шағын орталық тобын ашуға өтініш беріп қойдық. Яғни бұл балалардың ешқайсысы далада қалмайды. Заң тұрғысынан алып қарасақ та, менің өзіме тиесілі ғимаратты жалға беруге немесе бермеуге өз құқым бар ғой. Сондықтан бұл жерде болып жатқан ұрыс-керістің бәрі орынсыз», дейді Ж.Мейрамова.
Мектеп басшысы «Үндестік» ата-аналарды алға салып қойып, өз мүддесін қорғап отыр» деген ойда.
Мәселенің мән-жайын қалалық білім бөлімінен сұрап көріп едік, Қостанай мектептеріне бала сыймай жатқанын, бір сыныптағы бала саны 30-35-ке дейін баратынын, оқушылар, оның ішінде бастауыш сыныптар екі ауысымда оқуға мәжбүр болып отырғанын, кей мектептерде бірінші қабаттағы оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен бастауыш сынып оқушылары екінші және үшінші қабатта оқып жатқанын, мұның қауіпті екенін білдік.
Қалалық білім бөлімінің бізге жолдаған жауап хатында: «2020 жылдан бастап құрылтайшыларға жалдау мерзімі аяқталатыны туралы жазбаша түрде бірнеше рет хабарлама жіберіп, ертерек басқа орын іздеп табуын ескерттік. Алайда 2019 жылдан бастап «Aniretake 2010» ЖШС-ның бір ғана құрылтайшысы өз балабақшаларын біртіндеп № 18,19, 21 мектептерден шығарды. Ал «Үндестік», «Ofsted» секілді құрылтайшылар күні бүгінге дейін қамсыз отырды. Бұл аз болғандай, олар жалдау мерзімінің аяқталатынын ата-аналарға соңғы сәтке дейін хабарламаған» деп жазылған.
Біздің түйгеніміз – ата-аналар балаларымыздың ертеңі не болады деп шырылдап отыр. Ал білім саласының басшылары балаларды басқа орынға орналастыру және ғимаратты ауыстыру мәселесін реттеу – құрылтайшылардың міндеті. Өйткені бұл – олардың жеке бизнесі. Біз алдын ала ескерттік, енді өздерінен көрсін дегенді меңзеп отыр.
Осы орайда, бізді осыдан он шақты жыл бұрын білім басқармасы балабақшаларға бала сыйдыра алмай жатқан қиын кезеңде мемлекет қолдауына арқа сүйеген жекеменшік балабақшалар ашылып, олар сол кезде ушығып тұрған мәселенің біржола шешімін тауып, балабақшадағы орын тапшылығының жойылуына зор ықпал еткен еді. Енді бұл мәселе біржола реттелген бүгінгі таңда, өткеннің бәрін ұмытып, оларды өзектен теуіп, өгейсіткен дұрыс па деген ой мазалайды. Ең бастысы, бітпес даудың кесірі бейкүнә балаларға тиіп жүрмесе игі.
Қостанай облысы