Пікір • 16 Ақпан, 2024

Сенім мен серпін

139 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Уақыт бір орнында тұрмайды. Қоғам да ілгерілей береді. Осыған байланысты еліміздің экономикалық дамуы қарқын алуға тиіс. Ал Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын жақсарту, ішкі жалпы өнімнің көлемін арттыру.

Сенім мен серпін

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мемлекет басшысы Үкімет­тің алдына осындай ауқым­ды міндетті жүктеді. Әрине, бұл үшін сенімді, серпінді қадам қажет. Әр қадамды мұқият ойлас­тыру, бюрократиялық кедер­гілерді жою, жұмыс тәсілін өзгертіп, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуге көшу қажеттігі аң­ғарылып отыр. Бұл – осы күннің басты талабы. Үкімет, министрлер мен әр деңгейдегі әкімдер осы талапты ұстанатын болса, ал­да атқарылатын жұмыс­ты шира­тып, бюджеттен бөлін­ген қар­жының мақсатты жұм­салуын қамтамасыз ете алады.

Кейінгі бес жылда бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып отыр. Бұл – ойланатын дерек. Қай салада да жаңаша жұмыс тәсілі, оның ішінде бюджет­ті бөлу тәртібі, жаңадан дайындалып жатқан Салық кодексі, жаңа инвестициялық ахуалды жақсартуға қатысты тың қадам қажеттігі аңғарылады. Жалпы, бюджет тапшылығы мәселесінің туындауының зардабы барын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені бұл көптеген маңызды стратегиялық жоспардың толық­қанды іске асырылуына кедергі келтіреді.

Облыстық мәслихаттың депу­таты ретінде облыс бюд­жеті­нің жоспарлануына қатысты мәселелер күн тәртібінде қа­рал­ғанда бұл жайтты көріп жүр­міз. Мемлекет басшысы атап өткендей, расымен де кей­де әлеуметтік мәселелерді шешу мақ­сатында стратегиялық ма­ңызды жобаларды жүзеге асыруға қаражаттың тапшылы­ғы қолбайлау болып жатады. Осы орайда Мемлекет басшы­сы «Үкімет шығыстардың эконо­мика­лық пайдасы барынша жоға­ры болуына баса мән бере отырып, оның нақты басым­дықтарын айқындауы керек», деген орынды тапсырма берді.

Тағы бір мәселе – мемле­кет­тік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құры­лыс саласын реттеу жүйесін реформалау. Бұл орайда инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Құрылыс индустриясында заң­намалық реттеуді қажет ететін мәселелер бар. Өйткені құрылыс саласы тікелей жұмысшылар­дың қауіпсіздігіне әсер етеді. Сол себептен бұл сала бақылау­сыз болмау­ға тиіс. Бұл әсіресе жақында Алматы қаласында болған жер сілкінісі­нен бері қоғамда жиі талқыға түсіп жатыр. Құрылыс индустрия­сына әсіресе әлеуметтік салаға, білім және ғылымға мемлекет пен жекеменшік серіктестіктердің, бизнес өкілдерінің инвестиция салуына байланысты әртүрлі көтермелеу, салық жеңілдігі секіл­ді мүмкіндік­тер­ді қарастырудың маңызы зор. Мәселен, жо­ғары білім мен ғылымды дамыту үшін мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнамаларды қайта қарау қажет. Бұл университеттердің ең бірінші білім алушыларға жайлы орта, инфрақұрылымы озық жатақхана, оқу-зертханалық ғи­март­тарын салуға, оқу-әдіс­темелік, материалдық-техни­калық базасын нығайтуға ықпал етер еді.

Мемлекет басшысы атап өткен мәселенің бірі – ғылым, жасанды интеллект. Қазіргі бұрынғы кезең емес. Ең озық технология күн сайын жаңарып жатыр. Демек ғылым мен тех­никаға, жасанды интеллектіге бет бұрылған кезеңде Қазақстан да бұл салада артта қалмай, ал­ға озуға ұмтылуға тиіс. Бұл – бар­лық ел өтіп жатқан қалыпты үр­діс. Сондықтан Қазақстан ға­лым­дарын да, компанияларға да қолжетімді болатын суперкомпьютер жасау іске асырылып жатыр. Жаңа технологияларды қолдану, ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізу шағын бизнесті де, өнеркәсіп­ті де да­мытуға серпін беретіні даусыз.

Әр мемлекет әлеуметтік-эко­номи­калық әлеуетін, тұрғын­дардың тұрмысын жақсарту үшін азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән береді. Өйткені ел экономикасы үшін күнделікті тұтынатын азық-түлікті импорттағаннан гөрі өзімізде өндіру тиімді бол­мақ. Демек алдағы уақытта ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы екі есеге дейін өсуі мүм­кін. Осы орайда ғалымдар­дың жа­ңа­лықтарын ескеру қа­жет. Мысалы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ғалымдарының тиімділігі зор ғылыми жобалары бар. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов ұзақ жыл зерттеу жүргізіп, аймақтың табиғатына төзімді түйежоңышқа тұқымын будандастыру арқылы төрт түлік үшін құнарлы өсімдікті өсірудің ғылыми қолданысын әзірледі. Бұл жобаны одан әрі іске асыру үшін жергілікті атқарушы биліктің қолдауы маңызды болып отыр.

Үнемшілдік мәселесіне көңіл аударатын мезгіл жетті. Өйткені әлемде су, электр энергиясының тапшылығы туындауы ғажап емес. Осы орайда бәріміз суды, энергияны үнемдеуді күнделікті міндетке, мәдениетке айналдыруымыз керек. Осы бағыт­та үнемдеу технологияларын қолданған кәсіпорындар мен мекемелерге бөлек талдау жасап, көтермелеу, қолдаулар тетігін енгізген жөн секілді.

Тұрғындардың наразылығын тудыратын бір жайт бар. Бұл – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Президент бүгінгі қоғамды жегі құрттай жайлаған бұл қылмыспен күресуге баса назар аударды. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді жолы – барлық саланы цифрландыру. Мұндай технологиялық қадам­мен көптеген мәселені тиімді шешуге болатынына көзі­міз жетіп жүр. Әсіресе жо­ғары оқу орындарында студенттерге білімнің қолжетімділігі, түрлі қызметті, анықтамалар­ды уақытында алу, жатақхана­ға орналасу секілді мәселе­лер цифрландыру үдерісімен шешімін тауып отыр. Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жастардың волонтерлік қозғалыстары, құқықтық сауатын арттыруы нәтижесін бере бастады. Мысалы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы тиімді жұмыс атқарып келеді. Ең бас­тысы, жемқорлықтың алдын алу, төзбеушілік мәдениет қалып­тастыруға көңіл бөлінді.

 

Саламат ЫДЫРЫСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты