Фото: Polisia.kz
«Ауа температурасының төмендеуі, қатты жел, боранға байланысты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу қиын болып жатыр. ШҚО әкімдігі әуе бөлімшесінің МИ-8 тікұшағы қар құрсауынан 29 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялады. Барлығы Қалбатау ауылына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет емес. Уақытша жылыту пунктіне орналастырылды», делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Абай облысы ТЖД бастығы Манарбек Шапағатов оқиға орнында жүр. Жедел республикалық және облыстық штаб жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған.
Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін Қалбатау ауылының «Абай атындағы көпсалалы мектеп - гимназиясынан» психолог тартылды.
«Арнайы техника мен полицияның қызметтік машиналары трассада тұрып қалған адамдарға әлі жете алмады. Сағат 13:15-те МИ-8 тікұшағындағы құтқарушылар Қалбатау ауылына 29 адамды эвакуациялады. Жарма ауданының әкімдігі «Жол болсын» кафесінде жылыту пунктін ұйымдастырды. Сағат 13:20-да ТЖМ тікұшағы екінші рейске кетті», делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Олардың айтуынша, Көкпекті ауданындағы боранға байланысты әзірге тікұшақ қона алмай тұр.
Бұған дейін Абай облысында 100-ден астам көлік кептелісте тұрып қалғанын хабарлаған едік.