Көрменің авторы Мәмет Иманбаев шығармашылығында Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің орны ерекше. Ол Әбекеңнің балалық шағын зерттеп, көптеген картиналар жазған. Тіпті зерттеулерін өзек етіп, «Арманына асыққан Әбілхан», «Әбілхан Қастеевтің балалық шағы бейнелеу өнерінде» атты кітаптар жазды. Сонымен қатар мозаикалық тастармен, майлы бояумен «Қастеев портреттері» атты және суретші туралы ел аузындағы әңгімелер желісімен «Туған жер төрінде» деп аталатын туындыларын жазды.
Жалпы, портреттік жанрда көп еңбектенетін суретшінің «Дәулет би Танаұлы», «Шойнақ батыр» сынды тарихи адамдарды кескіндеумен қатар Қуаныш Сұлтанов, Әбен Дәуренбеков, Тұрсын Әбдірешов, Байтұрсын Өмірбеков, Ермек Келемсейіт, Николай Головацкий, Жақып Заманбеков сияқты танымал тұлғалардың портреттерін сомдады.
«Оның туындыларының негізгі тақырыптары – қазақ халқының тарихы. Оның арманы туған елінің, халқының сан қырлы әрі ғажайып тарихын картина арқылы жеткізу еді. Ата-бабадан қалған мол рухани қазынаны келер ұрпаққа қастерлеп қалдыруды ойлады. Ол ежелгі тарихымызды тереңнен зерделеп, содан соң ғана картина жазу жұмысына кірісетін. Картиналары тарихтың тереңіне бойлап, рухқа тағзым етудің жарқын мысалы», дейді белгілі журналист Мырзағали Нұрсейіт.
Мәмет Иманбаевтың әртүрлі жанрда жасалған 20-дан аса туындысы көрмеде бір ай бойы көрермен назарына ұсынылды. Қылқалам шеберінің туындыларын өнерсүйер жұрт жоғары бағалады. Суреткер қоршаған ортаның қатпарлы тұстарын терең байқайтын, бейнелеу шеберлері өлке шежіресі, өңір пейзажы, ауыл көрінісі және тарихи тұлғаларды тақырып ретінде таңдаған. Автордың шығармашылығы композициялық және колориттік шешімдерімен ерекшеленеді.
Жетісу облысы