Фото: khabar.kz
Көлік кептелегі Ақтөбе қаласының «Рауан» шағын ауданынан басталып, 226 шақырым жердегі Қарабұтақ ауылына дейін созылып кеткен. Әсіресе Қарабұтақ елді мекенінің жанында 15 шақырым кептелектен транзиттік көліктер не әрі, не бері шыға алмай қалған. Өткен тәулікте осы жердегі кептелістегі жүргізушілер арасында жанжал тұтанып, арты төбелеске ұласты. Бұлардың көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусьтің аралығына тауар таситындар. Республикалық маңызы бар тасжолдың бойында не ас ішетін орын, не аяқ суытатын жібі түзу кемпингтің жоқтығы, бекеттерде жанар-жағармайдың болмауы жұрттың жүйкесін тоздырды. Республикалық маңызы бар тасжол өте тар, бірнеше көлік қатар жүріп өте алмайды. Жолүсті боран тау-тау болып үйіп тастаған қар. Бұл күндері жол тазалап жүрген техника көрінбеді. Осылайша, табиғаттың тосын мінезі жолды күтіп ұстауға жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесіне де әділ баға берді.
300 шақырымға созылған көлік кептелегіне байланысты Ақтөбе облысы әкімдігі былай деп түсінік берді: «Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі жол учаскесінде транзиттік ауыр жүк кептелегі байқалды. Алайда жүк көліктері аталған учаскеде 10 күннен аса қаңтарылып тұр деген шындыққа жанаспайды. Ақтөбе – Қарабұтақ бағыты бойынша көлік қозғалысына шектеу жоқ, жол ашық. Алайда ауа райының қолайсыздығына және көліктердің кептелісіне байланысты қозғалыс баяу жүріп жатыр. Ақтөбе облысында 4-12 ақпан аралығында төтенше жағдай кезінде жолдың ашылуын күтіп тұрған барлық ауыр жүк көлігі кептелек аймақтарынан сәтті өтті», деп хабарлайды. Мұнымен бір мезетте «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Айбол Данағұлов ақпанның 15-інде Қарабұтақ ауылынан Хромтауға дейінгі аралықта тұрып қалған 208 жүк көлігі колоннасы қозғала бастап, бір сағаттың ішінде Хромтау – Қарабұтақ – Хромтау бағытынан 249 көлік жүріп кетті», деп мәлімдеді.
Ақтөбе облысы