Қоғам • 19 Ақпан, 2024

Талдықорған театрында кезекті премьера

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Б.Римова  атындағы  Талдықорған драма театрының кезекті премьерасы көрерменге жол тартпақ. 22-23 ақпан күндері жас драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қазақтың тойы бітпесін» драмасы театрсүйер қауымға ұсынылады.

Талдықорған театрында кезекті премьера

Бүгінде қазақ қызының шетeлдік азаматқа тұрмысқа шығуы өзекті мәселенің бірі. Әлеуметтік желілерден әпкe-сіңлілеріміздің қара нәсілді жігітпен немесе өзге ұлттан шыққан азаматпен отау құрғанын жиі көреміз. Осы аралас нeке мәселесі қойылымға арқау болған. Қазақта «Қыздың ары – елдің ары» деп бекер айтпаса керек. Спектакльде  мұндай  жаңашылдыққа ауыл азаматтарының қарсылығы көрсетіледі.

Автор аралас неке мәселесімен қоса, актуальды біраз тақырыптарды көтереді. Мәселен, өскелең ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ауылдың азып-тозуы, тіпті экономикалық мәселелер де қалыс қалмаған.

Жақынын  жатқа  қимаған қазақтың бүгінгі тәрбиесімен, махаббатын өзге  ұлттан іздеген қазақ қызының таңдауы қазіргі қоғамның шынайы бейнесі. Қаракөз қыздарымыз бен жігіттеріміз осы қойылымнан ой түйіп, көтерілген барша мәселелерді шешуге атсалысары сөзсіз.

«Ақпан-наурыз айларында  қатарынан 3 қойылымды көрерменге ұсыну жоспарланды. Оның бірі «Таптым-ау сені» иммерсивті қойылымы, «Қазақтың тойы бітпесін» және «Кездесу мен қоштасу» спектакльдері. Жас драматургтың қылқаламынан туған туынды «Күйеу бала» деп аталады. Бірақ  мен оның атын өзгертіп «Қазақтың тойы бітпесін» деп қойдым. «Қазақтың тойы бітпесін» деген сөздің астарында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, Жаңа Қазақстандағы бірлік тойы, ар-намыстың қазақ даласына ту тіккен тойы бітпесін деген мағына жатыр. Қойылымның айтатын ойы астарлы, көптеген актуальды тақырыптар қозғалады. Бұл туынды адамның ойын дүр сілкіндіретін қазақ халқының ойландыру мен рухын көтеруге, бірлікке шақыратын туынды болар деп ойлаймын. Қазіргі уақытта алға қойған жоспарлар өте көп. Тамыз, қыркүйек айларынан бастап халықаралық, әлемдік деңгейдегі режиссёрлермен жұмыс істеуге келіссөз жүріп жатыр. Атап айтсақ, Лондоннан Овлякули Ходжакули, Грузия елінен Давид Мгебрашвили деген режиссёр мен Тамара Охикян сцеографпен жұмыс істеу жоспарда тұр», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұлов.

Аталған қойылым өнер ұжымы ұсынған 2-ші премьера. Бұған дейін режиссёр Рамазан Үсеннің «Таптым-ау сені» қойылымы көрерменнің көңілінен шыққан еді.