Әдебиет • 20 Ақпан, 2024

Келмес күздің елесі

203 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күні кешегі сәттер санамыздан сағымданып кеткенімен, сонау келмеске кеткен бал балалық шақтағы естеліктер әлі есімізде. Сол кездердің ыстық-суығын сағынамыз, кей-кейде қара табан бала күнге қиял қанатында саяхаттап кетеміз. Тізгінсіз сағат тықылы алып-ұшып бара жатқанымен, ауылдағы алаңсыз да аяулы күндер шіркін бізден алыстамайды. Қалихан Ысқақ та 1959 жылы жазған «Қоңыр күз еді» повесінде соғыстан кейінгі интернаттағы жылдарын жып-жылы естеліктерімен еске алған. Көркем шығармада Алтайдың әсем табиғаты да, ауыл адамдарының психологиясы да, мөлдір махаббат пен мұңға толы жасөспірімдердің тағдыры да суреттелген.

Келмес күздің елесі

Суретті түсірген – автор

«Қоңыр күз еді. Ақ жауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өңірінің ең бір жүдең шағы, көңілсіз шағы. Соқыр тұман оның биік сілемдерін жым-жылас қып жұтып қойыпты. Енді бөктерлеп келіп қанат жайып күргейлеп алған. Тау да бірте-бірте аласарып, адырлы жота-қыратқа айналып шөгіп бара жатқан сияқты. Әр жерде селдіреген ойдым-ойдым шоқ ағаштар болмаса, етекте бұрынғыдай ну орман да жоқ, үркіп барып сонау жоғарыдағы алқым-алқымдарға тығылып қалыпты. Қарағайлы өзекке кіре бергенімде өкпе тұстағы жылғадан салдырла­ған дыбыс естілді. Артынша-ақ сүрлем тиеген ырдуан арба шыға келді...», деп басталатын шығарма оқырманды бірден шырмап әкетері сөзсіз. Басты кейіпкер Қасым білім алған Топқайың ауылына араға ондаған жыл салып оралған. Сондағы сүрлем тиеген арбалы атты тізгіндеп бара жатқан ақ түбіт шәлілі келіншек сыныптасы әрі алғашқы бала махаббаты Алтын еді. Алтынды кездестіргені сол, мектеп-интернат қабырғасындағы қызыққа толы балапан мұрт жасөспірім кезі, достары, мұғалімдері еске түскені.

Қасым іргедегі 30 шақырым жердегі ауылда жеті сынып­тық мектепті тәмамдаған соң, ата-апа­сының нұсқауымен Топ­қайыңның мектеп-интернатына келіп орналасады. Орналасу да оп-оңай емес еді. Осы тұста жазушының суреткерлігі қандай еді?! Қасымның мектеп директорына кіріп-шыққан сәтін айнытпай баяндап, оқырманның көз алдына тастай салған. Маймұрын деген лақап атқа ие директордың маңғаздығы, әлемді өзі ғана билеп-төстеп тұрғандай кергуі кейбір бас­шыларға тән қасиет еді. Шындық солай емес пе?!

«Директор шаршап-шалдығып бірауыз сөзді зорға тауысты да, арызымызды стол үстіне серпе салып, арқалыққа сылқ етті. Тағы да дым сызбай үнсіз жатты. He де болса бір лебізін естіп кетейін деп, мен де міз бақпай отырып алдым. Өзіме белгілі, егер интернатқа қа­былдамаса оқи алатын түрім жоқ. Бір заматта барып:  – Жатар же­рің бар ма еді? Жоқ болса «ын­тырнаттың» жатағына бірдеме етіп түнеп шығарсың. Ертең кел» деп қыр ете қалды. Көмейінің бостау екенін сезген соң, «алмай қайда барасың» деген оймен үндемей ғана аяғымның ұшымен басып тысқа шықтым» деп суреттейді. Бейнебір психологиялық картина жазып отырғандай.

Қасымның қызығы интернатқа орналасқан соң басталған. Досын да, алғашқы бала махаббатын да сонда жолықтырған. Орынның кемдігі болғанымен, сол замандағы жасөспірімдердің кеңдігін айтсаңшы. Бір төсекке екі бала сыйысып жатқан. Қасымды көрші ауылдан келдің деп, үлкендер жағы кеудесінен итермеді, шалбарың жыртық деп, кемсітпеді. Дөкейлердің бірі ауыл­дан келген баладан бауырсақ дәметкені болмаса, қоқан-лоқы көрсету деген атымен жоқ. Оны жанына жақын тартқан Жарықжұлдыз еді. Шын есімі Қомшабай. Сол-ақ екен, интернатқа бастықсымақ сары әйел кіріп келіп, бәрін бықпырт тигендей қылады. Артынша үйінде су таусылып қалғанын айтып, шығып кетеді. Бармаудың амалын іздеген балалар бір-бір кітапқа шұқшия қалады. Сөйтіп, Жарықжұлдыз бен Қасым барады. Барғаны бар болсын, өзен жағасында аттары мөңкіп, арбаның дөңгелегін сындырады. Сол жерде ғой, алғаш Алтынның ән салғанын естіп, Қасым екеуі танысады. Иә, әуелде әңгімесі жараспаған. Кейін Алтын, Қасым, Жарықжұлдыз үшеуі сабаққа бірге дайындалып, араласып-құраласып жүрді. Бір-біріне жазған өлеңдерін оқыр еді. Тіпті Қасым мен Алтын бір-біріне сезімдерін де білдіріп үлгеріскен. Ауылға Алматай келмегенде, екеуін тағдыр қосар ма еді?! Екеуі бақытты да баянды ғұмыр кешер ме еді?! Олай болса, бәлкім, Қасымнан қаламгер шықпас па еді?! Алматай деп отырғанымыз, ауылға жаңадан келген қазақ тілі мұғалімі, мектеп директоры Маймұрынның туысқан інісі еді. Ол Қасымға төрт қойып жүргенімен, өзіне жақын тартты. Бір күні үйіне (директордың үйінде тұрды) ертіп барып, ешкімде жоқ өте құнды кітап сыйлаған еді. Сыйламаған, оқуға берген. Мұқабасында «қазақ тілі» деп жазылғанымен іші «Шұғаның белгісі» деген әңгіме еді. Оның авторы Бейімбет Майлин екенін Қасым білмеген де. Жата-жастанып оқыды, жаттап алды. Тіпті қағазға көшіріп, оны күпәйкесінің жыртығына тығып қойған. Кейін Алматыға барғанда авторын тауып алғысы келген. Иә, ол заманда Алаш арыстары туралы айтылмаған. Ол заман дейміз, бертінгі тарихта да Алаш, Алаш Орда туралы оқи алмадық қой. Керісінше, Тәуелсіздік туы астында білім алғанымызбен, КСРО тарихын кеміріп оқытты...

Алматайды айтамын, күндердің күні Алтынды алып қашыпты. Оны естіп, ашуға булыққан Қасым Алматайды пышақтап тастауға да бекінген. Ақыры ол Алматыға кетті. Сол кеткеннен оралып тұрғаны осы ғой. Келе сала аяқасты Алтынға жолықты. Алайда Алтынды арбада кездестіремін деп ойламаған. Сабағын жақсы оқыған тиянақты қыз еді. Өнері де бір төбе-тұғын. Соған қарап, сиыр фермасында емес, үлкен қызметке лайық деп ойласа керек. Тағдырдың жазуы сол болған шығар. Оның үстіне Алматайдан ажырасып кетіпті. Араларында бір ұл бар екен. Қасымды ертіп, ауыл шетіндегі тақтай шатырлы өзінің үйіне алып келсе, төрде жақын дос­тары Жарықжұлдыз отыр. Сөйтсе, ол да әлі үйленбеген. Алтын қолдан келгенше, көйлегін жуып, үтіктеп, көмектесіп жүретін көрінеді. Арғы жақтарында жылт еткен сезім де жоқ емес секілді.

Повесті қолға алсаңыз, бір демде-ақ оқып шығарыңыз анық. Оқи отырып, интернаттағы оқушылардың аянышты күндерін сезінесіз, анау мұғалімдердің лақап аттарына еріксіз езу тартасыз. Ауылға әмірін жүргізіп отырған мектеп директорының әрекеті де түрлі ойға жетелейді. Оқи отырып, ой қорытасыз. Интернет пен интернаттың балаларын салыстыра отырып, бүгінгі заманға әлбетте, шүкір айтасыз.