Үкімет • 22 Ақпан, 2024

Әлсізге қорған болу – әділеттілік

124 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде бірнеше заң жобасы талқыланды. Сондай-ақ қоғамда қордаланған мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолданды.

Әлсізге қорған болу – әділеттілік

Ұрып-соғуды тыю баптары Қылмыстық кодекске енгізіледі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқық­тары мен балалардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасы және «Қазақстан Респуб­лика­сының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы жөнінде Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасады.

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыру. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің, балалардың құқы­ғын қорғауға, қауіпсіздігін сақтауға ерек­ше көңіл бөліп келеді. Мемлекет бас­шысы елдің даму деңгейі қоғамдағы әйел­дердің гендерлік теңдігі, құқықтық, саяси және экономикалық мүмкіндіктерімен өлше­нетініне мән беріп, отбасылық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы күрес жолында және бала­лардың қауіпсіздігін сақтау және әйелдердің құқығын қорғау үшін жүйелі шараларды қабылдауды айқындады. Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес жолында заң үстемдігі және тәртіп қағидаты біздің ең басты бағдарымыз болуы шарт», деді ол.

Депутаттардың заңнамалық бастамаларына тоқталған Жұлдыз Сүлейменова елімізде 2020 жылдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында жүйелі шаралар қабылданып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен полицияның тиіс­ті бөлімшелерінің штаттық саны ар­тып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­­лық істерін қарау үшін тергеуші-әйел маман­дығы енгізілгенін атап өтті. Заңнамадағы соңғы түзетулерге сәйкес, енді мұндай қылмыстар тек жәбірленуші арызының негізінде емес, куәгерлердің, көршілердің мәліметі, бейнекамералардың жазбасы т.б. негізде анықталады. «Бұдан бөлек, қазір бір рет ымыраға келген тараптардың кейін қайта татуласуына жол берілмейді. Тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Бірақ осыған қарамастан, зорлық-зомбылықтың толастамауы әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін сақтау заңнамасын қатаңдатумен бірге, қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілік қағидаты, заң мен тәртіптің қатаң сақталуы дәріптеліп, насихатталуын қажет етеді», деді депутат.

Ж.Сүлейменова бүгінгі заңнамалық өзгерістер 5 бағытты қамтитынын айтты. Оның біріншісі – зорлық-зомбылыққа, бас­қа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылған: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте болған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу баптары криминализацияланып, Қылмыстық кодекске енгізіліп отыр.

Әрбір құқық бұзушылық үшін қандай жаза мерзімдері және айыппұлдар көз­дел­геніне назар аударған депутат заң жоба­ларының бірнеше маңызды аспектісіне тоқ­­талды. «Бұл баптар тек әйел немесе бала құқы­­ғын қорғау емес, құқығы бұзылған, ден­сау­­лықтарына қасақана жеңіл зиян келтіріл­­ген және ұрып-соғуға тап болған бар­­лық азаматтың құқығын қорғауға бағыт­­­талады. Негізгі мақсат – құқық бұзу­шы­­лық­­тар болмауы үшін азаматтардың жауап­кер­шілігін күшейту. Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтір­гені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру қарастырылды. Соны­мен қатар денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру көзделген», деді депутат.

Балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма қарастырылып, жаңа редакцияда педофилия, сонымен бірге кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделеді. «Азаптауға байланыс­ты норма жаңа құрамда қарастырылды, жаңа редакцияда азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды», деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін отбасында ойран салған азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бірге тұруына сот арқылы тыйым салатын норма болған, бірақ ол жұмыс істемеген еді. Жаңа редакцияда зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамды қорғау үшін сот ерекше жағдайларда отбасында жанжал шығарып, құқық бұзған адамды белгілі бір мерзімге жарымен, бала-шағасымен бірге тұруына тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы.

 

Балалар қауіпсіздігіне басымдық беріледі

Қылмыстық кодекске суицидтің алдын алу бойынша норма енгізіліп отыр. Олар – суицидке итермелеу және суицидті насихаттау. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» секілді ойындар әлеуметтік желілерде челлендж ретінде тарағаны белгілі. Депутаттың айтуынша, суицидке итер­мелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарас­ты­рыл­ған. Ал суицидті наси­хат­та­ғаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айып­пұл түрінде жаңа қылмыстық жауап­кер­шілік енгізіліп жатыр.

Үшінші түзету – интернаттық ұйым­дарда тұратын балалардың құқық­тарын қорғауды қамтамасыз етуге қатысты. Ж.Сүлейменованың айтуынша, интернат­тық ұйымдардың екі түрі бар: жабық ин­тер­нат ұйымдары, оған балалар үйлері де кіреді және арнайы әлеуметтік-меди­ци­на­лық қызмет көрсететін ұйымдар. Қазір оларды бақылау алдымен арнайы жос­парлау, хабарлама беру, сосын ба­рып тек­серу жолымен жүзеге асады. «Біздің ұсы­нысымыз мынадай: бақы­лау субъек­тісін алдын ала хабар­дар етпей, бар­лық үлгідегі және нысан­дағы бала­ларға арналған интернаттар­да кез-келген уақытта мемлекеттік бақы­лау жүргізу керек. Мониторинг және ал­дын ала араласу, ескертусіз тексерулер жүйесін енгізу балалардың құқық­тарын бұзу жағдайларын дер кезінде анық­тауға және уақтылы көмек қолдау көрсе­туге мүмкіндік береді. Бала­ларға арнайы медициналық-әлеумет­тік қызметтерді міндетті лицензия­лау және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды, яғни балалардың жазғы лагерьлері, жалпы лагерьлеріне міндетті лицензиялау нормалары ұсыныл­ды», деді ол.

Төртінші түзету бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау мақсатында заң жобасында тұрмыстық жағдайы ауыр отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты шаралар кешені қарастырылған. Депутат мемлекеттік отбасылық саясат саласындағы шараларды, оның ішінде некені және отбасылық қатынастарды сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды жан-жақты қолдау, отбасыларға әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсету, жұмыспен қамтуға жәр­дем­десетін, тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тың профилактикасын жүзеге асыратын Отбасын қолдау орталықтары құрылатынын айтты.

Бесінші түзету бойынша басты назар аударатын мәселе – жаңа заң шаңырақты шайқалтуға емес, отбасын нығайтуға бағытталған. «Бізді ұлт ретінде сақтайтын, әлеуметтік желінің ақпараттық тасқыны мен жаһанданудың тепкініне төтеп беретін, отбасының берекесін арттыратын темірқазық ұстанымдарды нығайтып, құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және дамытуымыз шарт. Отбасылық вандализмді болдырмауды қоғамның моральдық және этикалық қағидаты ретінде санаға сіңіруіміз қажет», деді.

Ж.Сүлейменованың айтуынша, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және дамыту, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, балаларды адамгершілікке баулып, сүйіспеншілікке, өзара құрметке негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту ұсынылады. «Осы жерде назар аударатын бір дүние бар. Біз заң жобасын қабылдар сәтте, ұлттық ерекшеліктерімізді де ұмытпауымыз керек. Әсіресе таяқтың екі ұшы болатынын ескергеніміз жөн. Әсіресе бала тәрбиесінде. Мысалы, әкенің сұсы болады. Оның баланың болашағын ойлаған «тәк-тәгін» ертең зорлық-зомбылық деп қабылдауға жол бермегеніміз абзал. Ата-ана мен бала арасындағы жанжалды ушықтырмаудың жолын қарастырған жөн. Қандай ата-ана да баласын жақсы болсын дейді, өзі жетпеген биікке оның шыққанын қалайды. Әрине, кейде сәл артық кетуі де мүмкін. Бірақ оның жанашырлықтан туған әрекет екенін ұмытпаған абзал. Жалпы, жанжал болған кезде екі жақты мейлінше жарастыруды ойлап, өзара түсінісетін мүмкіндік қалдырған дұрыс деп есептеймін. Сонда әр бала өз шаңырағында, әке-шешесінің қасында өсіп, Жетімдер үйі азаяр еді», деді ол. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет ететінін айтқан депутат жазаның қатаңдығы және одан бұлтару мүмкіндігінің болмауы кез келген құқық бұзушылыққа жауапкершілікті күшейтетінін, дегенмен тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мәселесінде тек заңнамаға өзгеріс енгізумен қатар, азаматтардың көзқарасы, моральдық ұстанымы да өзгеруі қажет екенін жеткізді.

 

Ақпарат қолжетімділігіне мемлекеттік бақылау қажет

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, құжат жөнінде Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров баяндама жасады. Оның айтуын­ша, бұл заң жобасын жасауға отандық және шетелдік сарапшылар қатысқан, 3 кодекске және 2 заңға өзгерістер енгізілу көзделіп отыр. Мақсаты – азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, жауапкершілікті күшейту.

«Азаматтардың ақпаратқа кеңінен қол жеткізуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен бюджет қаражатының жұм­салуын бақылау призмасында өте өзекті еке­ні анық. Заң жобасында мемлекеттік сек­торда «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң­ды жиі және жүйелі бұзуға жол бер­меу; мемлекеттік органдар ресми ақпа­рат­ты проактивті түрде жария етуді қам­та­масыз ету; мүгедектігі бар адамдар­дың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру қарас­ты­рылған», деген ол осы мәселелерді шешу мақсатында енгізілген ұсыныстарды атады.

Ол заңнаманы халықаралық стандарт­тарға сәйкестендіріп, арнайы «құпия» грифтерді есепке алмағанда, мемлекеттік органдардағы барлық ақпаратты ашық деп айқындауды ұсынды. «Бұл ретте, заң жобасына сәйкес, мемлекеттік органдар таратылуы шектеулі ақпаратты тек белгілі бір мерзімге және құжаттың бір бөлігіне ғана қолдана алады. Мемлекеттік органдар, белгіленген Бірыңғай тізбеге сәйкес ашық деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті. Осы бірыңғай тізбеден тыс ақпаратты, азаматтардан сұрату түсуін күтпей, проактивті белсенді түрде жария етіп отыру ұсынылады», деді ол.

Д.Қадыровтың айтуынша, қазіргі таңда ақпаратқа қол жеткізу саласында уәкілетті орган бола тұра, министрліктің оны бақылау өкілеттігі жоқ. Жүргізілген мониторинг пен шағымдарды талдау нәтижесі де азаматтар мен журналистер мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты ала алмау фактілері жиі кездесетінін жеткізді. Осыған орай министрлікке тиісті құзырет беріп, ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылауды енгізуді ұсынды.

«Бақылау тоқсанына бір рет, бақылау субъектісіне бармай профилактикалық түрде жүргізіледі. Құқық бұзушылықтар болған жағдайда оларды жою туралы ұсыным жіберіледі», деген ол кейбір мәселелер бойынша әкімшілік жауапкершілік те көзделетінін айтып өтті.

Сонымен бірге жалпы отырыста «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы халықаралық құрамдасты­рылған жүк тасымалдары туралы келісімді рати­фи­кациялау туралы» заң жобалары да талқы­ланды. Бұл мәселелер бойынша Көлік ми­нистрі Марат Қарабаев баяндама жасады.