Аймақтар • 22 Ақпан, 2024

Жетісулық тұрғын 30 мыңдай голланд қызғалдағын өсірді

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісулық тұрғын Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 30 мыңға жуық голланд қызғалдағын баптап өсірді. Өнеркәсіп альпинизмі мамандығына машықтанған Сарқан ауданының тұрғыны Бауыржан Бөлегенов негізгі жұмысынан бос уақытын қызғалдақ өсіруге арнап, оған 6 миллион теңгеге жуық жеке қаражатын жұмсаған. Осы күні оның өз қолымен салған жылыжайында қызғалдақтың сан алуан түрі көз қуанта өсіп жатыр, жазады Egemen.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісулық тұрғын 30 мыңдай голланд қызғалдағын өсірді

Фото: gov.kz

«Неге осы өзімізде жақсы өсетін қызғалдақтарды алыстан әкелеміз деп ойладым. Оны сырттан тасымалдағаннан кейін ол гүлдің бағасына да, сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Менің қызғалдақтарым еш жерде жатып қалған жоқ, ешқайдан әкелінген жоқ, бақшамда өсіп тұр, демек олардың гүл шоқтары да әлдеқайда ұзағырақ тұрады», дейді Бауыржан Бөлегенов.

Оның айтуынша, негізгі жұмысы бар болғандықтан, бұл – маусымдық жұмыс, қысқы уақытты пайдалы өткізу ниетімен қолға алған. Ол өз күшімен бақшасы аумағында 110 шаршы метр көлеміндегі жылыжай салған. Содан соң голланд қызғалдақтарының тамыр-түйіндерін сатып алған, оларды арнайы компания Алматыдан жеткізіп берген. Оның 14 түрлі сортының 30 мыңға жуық түбірін еккен. 4-5-еуі-ерте гүлдейтін сорт екен, қазірдің өзінде гүлдепті.

«Гүлдерді технологиялық стандартқа сай сақтауға қоямын. Жылыжай жылы, сондықтан гүлдер жұмсақ, ал сабағы мен бүршігі қатты әрі серпімді болуы үшін оларды суықта ұстау керек. Сол үшін маған жазғы ас үйді жабдықтауға тура келді. Бұл да жеңіл болған жоқ. Көктемге қарай қызғалдақтарыма сұраныс болады деген үміттемін. Жалпы, гүлдерді өсіру, әсіресе жылыжай жағдайында күтіп-баптау ерекше күш-жігер мен қамқорлықты қажет етеді. Температура режимін сақтаумен қатар ылғалдылық деңгейі және басқа да көптеген ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен маңызды нәрселер бар. Гүл бизнесінің осы бүкіл ерекшеліктерін біртіндеп игердім, енді өнімімді сату үшін іскерлік байланыстар орнатуым керек», дейді әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланатын кәсіпкер.

Оған гүл өсіруде зайыбы көмектеседі. Егер өнімнің өтімі ойдағыдай болса, онда ол келесі жылы қызғалдақ өсіруді жалғастырып, көлемін бірте-бірте 150 мыңға жеткізбекші.