Ғылым • 26 Ақпан, 2024

Жас ғалымдар кеңесі құрылды

548 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Ұлттық құрылтай, Ғылым және техника жөніндегі Ұлттық кеңес, сондай-ақ жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары арасынан іріктелген көшбасшы ғалымдар ғылымды дамытумен қатар сараптамалық-зерттеу қызметін жүзеге асырады.

Жас ғалымдар кеңесі құрылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жиында ҰҒА басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев жас ға­лымдар кеңесінің төрағасы, Ұлт­тық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, PhD Мақсат Жабағин­ді таныстырды. Бұл кездесуге республиканың түкпір-түкпірінен онлайн және оффлайн режімде 400-ге жуық ғалым қатысты.

– Елімізде ғалымдардың жалпы саны 22 мыңнан асады. Ғылыми дәрежесі бар қыз­мет­кер­лердің орташа жасы – 57. Ғалымдардың 15 пайызы зейнет жасында. Бұл көрсеткіш ғылым саласындағы мемлекеттік саясатқа басымдық бере отырып, ғылымға жас та­лант­тардың келуіне қолайлы жағдай жасау қажеттігін көрсетіп отыр. Ұлттық ғылым академиясы ел эко­номикасының дамуына зият­кер­лік үлес қосуға қабілетті және ғылымға құштар дарынды жас­тар­дың орталығына айналуды мақсат ете отырып, экожүйені да­мы­тумен қатар ғылыми зерт­теулердің басым бағыттары бо­йынша жас ғалымдардың ұсы­нысын басшылыққа алып, түйткілдерді шешуге атсалысады. Мұнымен қоса ғылымды басқару саласындағы олқылықтардың орнын толтырып, тәуелсіз автономды, беделді сараптамалық ұйымға айналуды көздейді, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев.

Академия ғылыми әкім­ші­лендіру саласында алғаш рет жас ғалымдардың құқығын қорғау үшін омбудсмен, төралқа мүшесі, жас ғалымдар кеңесінің лауазымына, жас ғалымдардың мәртебесін көтеру миссиясына мән беріп отыр. Жетекші жас ғалымдар ака­демияның сараптамалық-талдау қызметіне, ғылымды наси­хаттауға, форсайттық зерттеулер, ақпараттық жұмыстар жүр­гізуге, сондай-ақ ғылым жөнін­дегі Ұлттық баяндама дайындауға ұсыныстарын енгізбек.

Жастардың ғылыми-шығар­ма­­шалық мүмкіндіктеріне, әлеу­меттік жағдайына қолдау көрсету ғылымның дамуына тікелей әсер ететіні анық. Осы орайда жас ғалымдар мүддесін қорғаумен ай­налысатын омбудсмен міндеті Maqsut Narikbayev University профессоры, PhD, заңгер-ғалым Мүслім Хасеновке жүктелді. Кеңес төрағасының орынбасары болып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жас зерттеушілер кеңесінің төра­ғасы, қауымдастырылған про­фессор, PhD Шахислам Лайсханов сайланды.

Кездесуде жаңа құрылған Жастар кеңесінің алдағы ісіне сәт­тілік тілеп, ғылымдағы ма­ңызды мәселелерге тоқталған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министр­ліктің бір жарым жыл мерзімде атқарған жұмысын аз-кем сөз етті. Ми­нистр­дің айтуынша, аталған ведомство заңнамалық базаны реттеу саясатына басымдық бере отырып, ғылым саласына қатысты қауымдастықтардың ішкі жұмыс­тарын ұйымдастыру, өзін-өзі басқару ісінен бейтарап ұстанымда Мемлекет басшысы ұсынып отырған «көрінбейтін үкімет» қағидатында жұмыс істеп келеді. Ғалымдарды біріктіру, өзін-өзін басқару, ашықтыққа негізделген қауымдастық жұмы­сын нығайтумен айналысып, жүйелі диалог, тиімді әріптестікті да­мытуды көздейді. Саясат Нұрбек осы орайда ғылымды қаржыландыру тетіктеріне де тоқталып, осы саланы қайта түлетуде іске асып жатқан ілкім­ді қадамдар туралы айтып бер­ді. Ведомство басшысының айтуын­ша, 2024-2025 жылдары жас ғалымдарға арналған зерттеу гранттарына 18 млрд теңге қарастырылған болса, былтырдан бастап ғылымды дамытуға 643 млрд теңге бөлінген. Қаржы көзін тағы да 15 пайызға ұлғайта отырып, алдағы үш жылда 715 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Десек те, бөлінген қаражатты игере алмай отырған институттар бар. Осы ретте ҰҒА-мен бірлесіп басым бағыттарды анықтау, ғылыми форсайттарды ілгерілету, жаңа механизмге көшу уақыт күттірмейді. Бұл бағытта Корея, Сингапур, Ресей, Түркия сияқты елдердің тәжірибесіне назар аударған маңызды.

Жиын барысында Мақсат Жабағин жас ғалымдар кеңесінің құрылымы және міндетімен таныстырды. Оның айтуынша, жаңа бекітілген президиум қазіргі құрамдағы 23 ғалыммен шектелмейді. Төрт бағыт бо­йынша жұмыс істейтін жастар кеңесінде әр саланың қосымша ғылыми бағыттары анықталады. Ғылыми бағыттарды әрі қарай зерттеу үшін өңірдегі үздік жас ғалымдарды жұмыс топтарына тартып, құрылымын кеңейтуді көздейді. Өңірлерде өкілдіктер, тұрақты немесе уақытша эксперт­тік комитеттер құрылады. Ғы­лымда жаңа көкжиектерді бағын­дыру жас ғалымдар алдында тұрған биік меже екенін алға тартқан Мақсат Жабағин «Ұлттық ғылым академиясында аға буын негізін қалаған алғышарттар тәуелсіз елдің жас ғалымдар кеңесінің жұмысына серпіліс беретіні сөзсіз», деп атап өтті.

Жиын барысында респуб­ли­каның әрі өңірінен келген жас ғалымдар ғылымды қар­жы­ландыру, деректер базасын жетілдіру, ғылыми зертханалар әлеуетін көтеру, студенттерді ғылымға баулу, мектептер мен колледждерде ғылымды насихаттайтын үйірмелер, музейлер ашудың өзекті екеніне тоқталды. Осы түйткілді мәселелерді шешу үшін жас ғалымдар кеңесінің жылдық жұмыс жоспары алдағы уақытта бекітілетін болады.

 

АЛМАТЫ