Саясат • 26 Ақпан, 2024

Орта державалар: Халықаралық саясаттағы салмағы

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Германияның халықаралық және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институты (Stiftung Wissenschaft und Politik – SWP) басып шығарған «Орта державалар – халықаралық саясаттың маңызды субъектілері» атты сараптамалық мақалалар жинағы сарапшылар мен медиа ортада үлкен қызығушылық тудырды. Оның ішінде SWP зерттеуші мамандардың Қазақстанды «орташа әлем державаларының» қатарына қосқаны ерекше назар аудартады.

Орта державалар: Халықаралық саясаттағы салмағы

Институт осындай 12 мемлекетті анықтаған. Олардың қатарында біздің елден басқа Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика, Бразилия секілді мемлекеттер бар. Зерттеу авторлары бұл 12 мемлекет экономикалық-саяси бағыт-бағдары жөнінен бір-бірінен мүлде бөлек болғанымен, оларды экономикалық дамуға назар аудару, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатты мән беру және стратегиялық автоно­мияға ұмтылу сияқты ұстанымдар біріктіретінін атап өтеді. Оның ішінде SWP Қазақ­станды теңгерімді сыртқы саясаты қалыптасып үлгерген, Орта­лық Азиядағы негізгі ойыншы тұр­ғысында өзіндік бет-беделі бар, түрлі ресурстарға бай, сондай-ақ Транс­каспий халықаралық көлік бағытының бір тұтқасын ұстап отырған байыпты ел ретінде ерекшелейді.

«Қазақстан қойнауында АҚШ пен Еуропаның қатты қызығушылығын тудырып отырған бай ресурстар – қазба отындары (әсіресе мұнай), металдар, минералдар және сирек металл элементтері мол. Елдің қазіргі таңда ЕО ерекше мүдделілік танытып отырған жасыл энергия көздерін өндіруге қатысты да әлеуеті жоғары», деп жазады сарапшылар.

SWP Украина-Ресей қақтығы­сы­ның Қазақстанға әртараптандыру тұрғысынан жаңа серпін бергенін алға тарта келіп, оған мысал ретінде жаңа көлік бағыттарының салы­нуын, жаңартылып, жаңғыртылып жат­қан энергия секторына және өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жө­ніндегі ілкімді ізденістерді атап өтеді.

Сарапшыларды Қазақстанның Қытайдың «Жібек жолына» ғана емес, сонымен қатар Еуроодақтың «Жаһандық қақпасы» стратегиясына арқа сүйейтіні де қызықтырады. SWP ма­ман­дары еліміздің сыртқы саяси бел­сен­ділігін де ерекше атап өтеді. «Еш­кімнің сойылын соқпай, таразы ба­сын тең ұстау, дегенмен барлығымен өзара батыл, ашық әрекеттесу саясаты Қазақ­станның баянды тәуелсіздігіне кепілдік береді және мемлекеттік мүдделерді тұжырым­дау мен жүзеге асыру үшін қажет­ті кеңістік, қолайлы жағдай тудырады», деген қорытынды жасаған SWP сарапшылары. Сондай-ақ зерттеушілер Қазақстанның халықаралық саясаттағы өз амбицияларын дер кезінде жүзеге асыра алғанына да тоқталған. «Айталық, бұл ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне төрағалық етті және Сириядағы жанжалда делдал болды («Астана үдерісі»). Сонымен қатар Еуразиядағы басқа да бірқатар ықпалды ұйымға мүше», деп жазады басылым шолушылары.

Еліміздің Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Роман Василенко еуропалық «Euractiv» басылымының өтінішіне орай Қазақстан әлемдегі «орта державалардың» біріне айналды деген жарқын жаңалыққа түсініктеме бер­ген екен. Онда Р.Василенко еліміз­­дің сыртқы саясатының басты ерек­ше­лігі – көпжақтылықты ерек­ше атап өткен. «Егер түрлі пікірлер, қилы көз­қа­растар мен өзара бай­ланысты­лық­тың қоса қабат түсіп отыратын күр­делі ах­уалмен сипатталатын дәуірде жа­һан­дық мәселелердің оңтайлы ш­ешім­дерін тапқымыз келсе, бізге мықты мультилатерализм қажет», дейді ол.

Р.Василенконың айтуынша, бұл қазір­гі түрлі күштердің арақаты­на­сы құбылып тұрған кезеңде тіпті маңыз­ды. «Бұл жауапкершілік ендігі жерде тек дәстүрлі «ұлы державаларға» емес, халықаралық кеңістікте өзіндік беделі бар басқа да бірқатар елге жүктеледі. Қазақстан көпқырлы дипломатиялық қарым-қатынастарын, сондай-ақ ресурстарын пайдалана отырып, геосаяси мәселелерді шешуге орнықты үлес қоса береді», дейді дипломат.

Қалай дегенде де еліміздің мұн­дай деңгейде мойындалуы, ТМД елдері ішінен бірінші болып Түр­кия, Үндістан, Бразилия, Израиль сын­ды ірі мемлекеттер қатарынан көрі­нуі – айрықша атап өтерлік жаңа­лық. Оның басты себебі – еліміз бүгін­де халықаралық кеңістікте эконо­микалық және саяси сындарлы әріп­тес ретінде ғана емес, инвестициялар үшін кең мүмкіндік ретінде де танылып отыр. Айталық, Еуропалық одақ – Қазақстандағы ең ірі инвестор және сыртқы сауданың 40% үлесі тиесілі маңызды экономикалық серіктесі. Сондай-ақ еліміз «Шығыс пен Батыс арасындағы көпір» рөлін де атқарады.

Ресей Батыс тарапынан сан салалы санкцияға ұшырағаннан кейін еліміздің сыртқы саясаттағы маңызы арта түсті. Себебі Еуропаға осы ай­мақ­­та байланыс орнататын сенімді серік­тес, орталық керек еді. Ол пози­цияға Қазақстан басқаларға қарағанда ана­ғұрлым лайық деп танылды. Бү­гінгі халықаралық қауымдастық та­би­ғи ресурстарға негізделген эконо­ми­каға, сондай экономиканы дамы­татын нарық институттары мен құ­қықтық жүйеге, ондай жүйені ор­нық­тыра алатын және шыңдай түсе­тін де­мо­кратияға ие, сол арқылы ор­нықты сая­си ахуалға жетіп отырған сын­дар­лы билікті нығайта алатын елдер­ді ғана се­німді серіктес санайды. Прези­­дент Қ.Тоқаевтың батыл бастама­лары­на халықаралық саясат пен эконо­миканың айрықша көңіл бөліп отыр­ғаны да сондықтан. Сол тұрғы­да елі­міз әлемдік әріптестер тарапы­нан көр­сетілген сенімді, берілген ба­ғаны аза­йтып алмауға күш салуы керек.