Қоғам • 26 Ақпан, 2024

Күрескер ақын мұрасы

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түрік ақыны Мехмет Акиф Ерсой хақында «Өзі қандай болса, өлеңі сондай, өлеңі қандай болса, өзі сондай» деген келелі пікір айтылады. Дәл осы пікір күрескер ақын, марқұм Арман Қанидың болмысын ашып тұрғандай. Саналы ғұмырын ар, әділет жолына арнаған айбынды тұлға артына өлмес мұра қалдырды.

Күрескер ақын мұрасы

Көрнекті ақын, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Арман Қанидың туғанына 70 жыл толып отыр. Аталған мерейтойға орай Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» атты республикалық жыр мү­шәйрасы болып өтті.

Осы іс-шараға ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаттары Серік Ақ­сұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан сынды зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстан жа­зу­шылар одағы Астана қа­лалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы мо­дераторлық еткен кеште алғаш­қы сөз тізгінін Павлодар об­лыс­тық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Медет Алпысбайұлы алып, тағылымды жиынды ашып берді.

«Арман аға – біз үшін тірі, арамызда жүрген азамат. Өйткені ғалымның артында қалған хаты өлмейтіні айқын. Ақынды еске алу мақсатында жылда аймақтық мүшәйра өтіп тұрады. Сіздерге және осы іс-шараны өт­кізуге ұйытқы болған Ұлт­тық кі­тапхана ұжымына мың алғыс», деген Медет мырза кітап­хана қо­­рына Мәшһүр-Жүсіп Кө­пей­­­ұлының 10 томдығын тарту етті.

Сонымен қатар іс-шара барысында Арман Қанидың өлең­дер жинағының тұсауы кесіл­ді. Жинаққа демеушілік жа­саған – Павлодар облыстық мәсли­ха­тының депутаты, кәсіп­кер Асыл­бек Туғанбайұлы. Кітап­тың тұсаукесерінде ақындар Се­рік Ақсұңқарұлы мен Ға­лым Жай­лыбай, Мә­жіліс де­путаты Жанарбек Әшім­жан, ақынның жан жары Бақыт Аханбайқызы  кітаптың лентасын қиды.

«Арманның орны мен үшін бөлек, ол – күрескер ақын. Мағ­жандардың алпысыншы, жет­пісінші жылға жеткен жаңғырығы се­кілді. Он бес жасынан жыр жазып, азаматтығымен танылған, Ке­рекуде әдеби орта жасаған адам. Ана жұртынан қарасаң – Жаяу Мұса, ата жұртынан қарасаң – Мәди, міне, осындай екі тектіден туған ақын. Арман Қанидың екінші ғұмыры енді басталды. Алаш қалай жасаса, Арман Қани да солай жасай береді», деді ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Сонымен қатар қаламдас досы Ғалым Жайлыбай ақынның бол­мыс-бедері жөнінде айтып өтті.

«Арман Қани – қазақ үшін үлкен ұғымға айналған аза­мат. Тектілердің қанынан жа­ралған ақын ар, намыс, ұят деген ұғым­дармен өмір сүрді. Арманмен бізді көп дүние байланыстырады. 2001 жылы ақынның бір кі­табына алғысөз жаздым әрі «Қа­зақ әдебиеті» газетіне «Кере­куде Арман деген ақын бар» атты ма­қалам шықты. Солайша Ар­манмен өмірінің соңғы күніне дейін бірге жүрдік. Туған жерінде ақын сыйлы болып өтті, қаламгер інілерінің бәрі құрмет тұтып, жақсы сөзін аяған жоқ», деді ол.

 Бұдан соң «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Жыр додасына Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Дәулеткерей Кәп­ұлы, Жарқынбек Амантай және Жұмабек Сманов бастаған айту­лы ақындар қазылық етті. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 40 жасқа дейінгі 30 ақын қатысты. Додада Аманжол Шәмкенов атындағы ар­найы жүлде Біржан Ахмерге, Мұзафар Әлімбаев атындағы арнайы жүлде Айдана Сегіз­баеваға, жүлделі 3-орын Ол­жас Қасымға бұйырды. Ал 2-орын­ды Айбек Оралхан, 1-орын­ды Жұлдызай Ысқақ алса, бас жүл­дені Алпысбай Қоншы иеленді.

Өлең оқылған өрелі кеште Мәдидің «Қарқаралы» және Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндері шырқалып, көрерменін керемет әсерге бөледі. Сонымен қатар С.То­райғыров атындағы об­лыс­тық кітапхана мен Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер му­зейінің қорындағы ақынның өмірі мен шығармашылығына қа­тысты кітаптар, жәдігерлер қойылған мазмұнды көрме ұйым­дастырылды.