Театр • 29 Ақпан, 2024

«Асауға тұсаудың» бел-белестері

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемдік классиканың алтын қорынан ойып орын алған ағылшын драматургі У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы қазақы табиғатпен етене үндесетін бірегей туындылар қатарында. Ұлттық сахнада ең алғаш 1943 жылдың 16 қазанында Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтының мұғалімдері О.Пыжова мен Б.Бибиковтың қолтаңбасында көрермен назарына ұсынылған комедия жылдармен бірге жаңарып, түрленіп, 80 жылдан аса уақытты артқа тастаса да, көрермен қызығушылығын бір сәт те бәсеңсіткен емес.

«Асауға тұсаудың» бел-белестері

Ең алғаш Петруччио рөлін­де Шәкен Айманов ойнаса, Ката­ри­наны КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева кемеліне кел­ті­ре кейіптеп, көркемдік биік­те құйқылжытқан еді. Саң­лақтар салған сара жолды араға 70 жыл салып елордалық Жас­тар театры сахнасында тамаша тандем – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов пен актриса Айнұр Рахипова заманауи көзқарас, жа­ңаша сараптауда көрерменіне қайта ұсынды. Алғаш сахна­лан­ған күннен-ақ көпшілік көңілінен шық­қан қойылым 10 жыл бойы аншлагпен өтіп келе жатқанына куәміз. 2013 жылдың желтоқсан айында өткен премьерадағы нөпір көрермен 10 жылдан бері титтей де сейілген емес. Кері­сін­ше, қай кезде көрсең де айтулы комедияға билет таба алмай сарылған, сабылған халық. Осыдан-ақ спектакльдің деңгейін бағамдай беруге болатын шығар. 10 жыл бойы репертуар рейтінгісі мен театр фестивальдарының алдын бермей келе жатқан спек­такль­дің сахнадағы 10 жылдық же­­місті жетістігін кеше театр ұжы­­­мы көрерменімен бірге тағы бір мәрте еске түсіріп, театр ішін на­­ғыз өнер мерекесіне ұлас­тыр­ды.

Драматургия дүлдүлі Қалтай Мұхамеджановтың сөзімен айт­сақ, Шекспир шығармасын сах­наға қою – әрбір өнер иесінің бұғанасы бекіп есеюіндегі ұлы емтихан. Ал Жастар театрының осы сынаққа батылдықпен келіп, классикалық комедияның пер­не­сін дөп басуы, үлкен жетістік дер едік. Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай қол­таң­басына тән жаңашылдық пен тосыннан, тыңнан өрілер режис­сер­лік тапқырлықтар Шекспир шығармасының шын мәнінде шырайын кіргізді.

вап

Ұзақ жылдар бойы көрермен қауымның сүйікті спектакліне айналған «Асауға тұсауда» актер Әділ Ахметов айрықша жарқырады. Шәкен Айманов салған тұңғыш сүрлеуді кейін Ыдырыс Ноғайбаев жалғаса, бұл қойылымда эстафета актер Әділ Ахметовке тиіпті. Фактура, қиымыл-әрекет, сыр-сымбат жағынан кейіпкер болмысын тап басып таныған режиссер таңдауы дөп түскен. Өзіне жүктелген жауап­кершілікті актердің де жіті се­зінгендігі сөз саптасы мен сахнадағы жүріс-тұрысынан ай­қын аңғарылады. Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін барынша жанды етіп шығаруға тырысқан. Серілік пен сергектік, фактура мен ішкі тереңдік қатар өрілген Петруччио бейнесі Әділ Ахметовтің кейіптеуінде көркемдік биікке көте­рілген. Актер кейіпкер кілтін адаспай тапқан. Әртістің бітім-бол­мысы, рөлге қона кеткен келісті келбет, сахнадағы әбжіл қозғалысы мен есепсіз энергиясы нағыз Пе­труч­чионы көз алдымызға әкелді. Сөзіміздің айғағы – актер Әділдің сомдауындағы айтулы рөл мамандар тарапынан жоғары бағаланып, қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде Петруччио рөлімен «Қойылымдағы ұтымды бейне» аталымында топ жарған еді. Талантты әртістің шеберлігі мен жалпы қойылымның көркемдік сапасына белгілі ресейлік шекс­пиртанушы ғалым Алексей Барто­ше­вич: «Асауға тұсауды» автор жастық шағында жазған, сон­дықтан да пьесаның өн бойы жастық жалынға тұнып тұр. Осыны режиссер театрдың жас ерекшелігіне, аудиториясына сай өте ұтқыр да дөп таңдаған. Жастардың ішкі энергия, жалынды жасампаздығы, сахнадағы көз ілестірмес шапшаң қимылы шын мәнінде сүйсінтеді. Әсіресе Петруччиоға (Әділ Ахметов) тәнті болдым. Актер тек бой сұңғақтығы, сыртқы келбет көр­кем­дігімен ғана емес, ішкі актерлік шеберлігімен де, да­уыс мәнерімен де көңілге берік орны­ғып, көрермен қойылым соңында өз Петруччиосымен қимай қоштасады. Менің де көңілімде сондай бір қимастық сезім қалды», деп қазақ актеріне таңдай қаға қол соққан еді.

Ал кезінде аталған бейнені бүтін образ биігіне көтерген КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева жолын жалғаған актриса Айнұр Рахи­пованың да кейіпкер болмысын барынша бойына сіңіруге тырысқаны көрініп тұр. Бұл – актер­лік шеберліктен бөлек, шы­найы маңдай тер, толассыз еңбектің жемісі екені анық. Пет­руч­чиодай жігіт серісінің сүйгенін ойнау сахнагерден ішкі тереңдіктен өзге, физикалық күш-жігер мен пластикалық органиканы талап етеді. Одан басқа М.Әуезовтің құнарға бай поэзия тілімен ауда­рылған тәржімасын қосып қойы­ңыз. Осының бәрі­нің басын қосып, ша­шауын шы­ғар­май сайрату – кез келген актирсаға қол емес. Катарина – мық­ты­лар­дың үлесі! Міне, осылайша есімі аңызға айналған Хадиша Бөкеевадан кейін Шекспирдің «ақылды тентегін» тұп-тура 70 жылдан кейін Айнұр өзгеше жаңғыртты. Дұ­рысы, жарқыратты. Жай ғана ойнап қойған жоқ, ол – Ката­ринаны ғаламат бейне биі­гінде бедерледі. Актрисаның Ка­та­­рина бейнесіне келудегі осы есеп­сіз еңбегі лайықты баға­ла­­нып, 2017 жылы Түркістан қала­сында өткен қазақтың тұң­ғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көк­темі – 2017» халықаралық фес­ти­валінде Катарина рөлі үшін «Үздік әйел бейнесі» жүлдесін еншілеген болатын.

Комедияның тағы бір көңіл марқайтқан тұсы – актерлік ансамбль өнерінің біртұтастықта жүйеленуі. Толық театр труппасы қатысқан қойылым осы ұйым­шыл ұжымдық бірліктің арқа­сында көкейге берік орнықты. Сахнадағы кеңістіктің көп бөлігін қимыл-қозғалысқа сай бос қал­дырып, әртістердің өзі жанды декорацияға айналған. Цирк әр­тіс­теріне тән шеберлікпен сах­на­ның арғы бетінен бергі бетіне секіріп, шеңбер жасай, домалай қозғалған труппа таланты мен әртүрлі дыбыс шығаруда қақпақ, ожау, шылапшын сынды сан түрлі құралдың көмегіне жүгінуі де эксперименттік театр элементтерін еске салды. Ре­жис­сердің тағы бір ұтымды ше­шімі – сахнаны ойната білуі. Әр жерден ашылған жертөле тектес едендегі тесіктер, ат орнына пайдаланылған дөңгелекті ағаш бұйымдар – барлығы да комедияның көркемдігін үстеп, көрігін қыздырды. Езуге күлкі үйірді. Костюм суретшісінің (Ерлан Тұяқов) ашық түсті мата­лар­дан әдіптеп тіккен киім үлгі­ле­рі де комедия табиғатынан алшақ кетпеді. Ертедегі Ита­лия жеріндегі карнавалдарды бір сәтке көз алдымызға кел­тір­­гендей, еуро­па­лық өнер думанының ішінде жүргендей әсерге бөлендік. Он жыл бойы сах­надан түспей, өнерде жаңалық жасаған, жыл сайын кемелденіп, өзектілігі мен көркемдік қуаты артып келе жат­қан жарқын қойылымның ғұмыры әманда ұзақ болсын дейік ендеше.