Президент • 01 Наурыз, 2024

Президентке Мәжілістің заң шығару қызметі туралы баяндалды

66 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Мемлекет басшысына Мәжілістің қазіргі заң шығару қызметі туралы өзекті ақпарат берілді, деп жазады Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке Мәжілістің заң шығару қызметі туралы баяндалды

Фото: akorda.kz

Ерлан Қошановтың айтуынша, жоспарланған өзгерістерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының жүктеген барлық міндеті тиісті деңгейде және уақытылы орындалып жатыр.

Мәселен, соңғы екі айда ғана Мәжіліс 18 заң қабылдап, Сенаттың қарауына жіберген. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, цифрландыру, ғылым, бизнес жүргізу, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру, трансферттік баға белгілеу, халықтың көші-қон мәселелері секілді құқықтық нормаларға түзетулер енгізілген.

Ерлан Қошановтың айтуынша, қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар Бюджет, Су, Құрылыс кодекстері, сондай-ақ бірқатар маңызды заң жобалары бойынша бір мезетте жұмыс жүргізіп жатыр. Енгізілген әрбір жаңа өзгерісті сарапшылар мен жұртшылық кең көлемде талқылайды, палатаның барлық іс-шарасына бұқаралық ақпарат құралдары мен мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кедергісіз қатыса алады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Amanat» партиясының жұмысы туралы мәлімет берілді. Кездесуде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президенттің бастамаларын іске асыру шеңберінде әзірленген партияның «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларына ерекше назар аударылды. Барлық жоба халықтың нақты мәселелерін шешуді көздейді және оларды қоғам қызу қолдап отыр. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы аясында екі жыл ішінде 10 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды. Қаңтар-ақпан айларында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 15 мың адам қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өтті. Жыл соңына дейін тағы да 750 мың азаматты оқыту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Президентке депутаттардың парламенттік дипломатия бағытындағы қызметі туралы ақпарат берілді.