Қазақстан • 01 Наурыз, 2024

Біз үшін уақыт талабына сай құжат әзірлеу маңызды – Олжас Төлеуов

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Реформалар агенттігінде «Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» Президент Жарлығының жобасын талқылау бойынша стратегиялық сессия өтті. Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов атап өткендей, Реформалар агенттігі әрқашан интерактивті өзара іс-қимыл жасауға және түрлі көзқарастарды талқылауға дайын.

Біз үшін уақыт талабына сай құжат әзірлеу маңызды – Олжас Төлеуов

Фото: gov.kz

«Ұлттық даму жоспарының жобасы әзірленген сәттен бері Үкіметпен бірнеше мәрте талқылаулар мен келісулер өтті, біз әрі қарай оны «Ашық НҚА» порталында жарияладық және жалпы азаматтардан 200-ге жуық ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін алдық. Құжаттың негізгі әзірлеушісі ретінде біз үшін барлық мүдделі тұлғаларды талқылауға қатыстырып, уақыт сынына жауап беретін жоспар жасақтау маңызды», деді ол.

Стратегиялық сессия өндіруші сала өкілдерінің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына ұсыныстарын талқылауға арналды. Пікірталас тақырыбы геологиялық барлауды ынталандыру, салықтық әкімшілендіру, техногендік минералды түзілімдерді игеру, экономиканы ырықтандыру, декарбонизация мәселелері болды.

«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова атап өткендей, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары стратегиялық жоспарлаудың жоғарғы деңгейлі құжаты болып табылады. «Даму жоспарының маңыздылығын ескере отырып, құжаттың негізін құрайтын саланың өзекті мәселелерін белгілеу біз үшін аса маңызды», деді ол.

Талқылау барысында қатысушылардың әрқайсысы саланы дамытуға бағытталған өз ұсыныстары мен нақты мәселелерін білдірді. Іс-шара қатысушылары ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға келісті.

gov.kzІс-шараға «Атамекен» ҰКП өкілдері Г. Бижанова, Р. Шунтуков, О. Қуатбеков, сондай-ақ Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ, «Бағалы металдарды өндірушілердің республикалық қауымдастығы» ЗТБ, «Қазмырыш» ЖШС, «ERG Exploration» ЖШС, «Kazakhmys Barlau» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ, «Kazminerals» тобы, «Полиметалл Еуразия» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдері қатысты.