Кино • 04 Наурыз, 2024

Бейәдеп сөз болмысымыздың көрінісі ме?

212 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кино деген кірпияз сала бар. Талғам мен танымның үздіксіз жарысы. Әр ұлттың түсірген киносына қарап, оның ішкі рухани, мәдени һәм идеологиялық әлеуетінің қандай екендігін бағамдай беруге болатын шығар. Өйткені экранды мемлекеттік идеологияның қаруы ретінде қолдану – үздіксіз жүріп келе жатқан үдеріс. Мәселен, басқасын айтпағанның өзінде, жыл сайын Оскар сыйлығына ұсынылатын америкалық фильмдерді алайық. Мұқият назар аударсаңыз, олардың астарынан міндетті түрде сол елдің жүргізіп отырған саясатының белгілерін көруге болады. Бұл тек Америка фильмдеріне ғана емес, барлық алпауыт елдердің киносына тән құбылыс.Сондықтан «Кино – ұлттың айнасы» деп жиі толғанып, торығатынымыз бекерден бекер болмаса керек.

Бейәдеп сөз болмысымыздың көрінісі ме?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

«Торығу» сөзін қисынсыз қолда­нып отырған жоқпыз. Себебі бүгінгі кино кеңістігіндегі өнер тілінде жүріп жатқан өрескел өресіздіктер еріксіз осындай ойға жетелейтіні рас. Иә, қазақ киносында қордаланған мәселе көп. Соның негізгісі һәм өзектісі – тіл мәселесі. Қарап отырып қарның ашады, тыңдап отырып төзімің түгесіледі. Тіпті отбасыңмен бірге отырып кино көру мүмкін болмай бара жатыр.

Сенбесеңіз, кинотеатрға барып кез келген отандық фильмнің көрсетілімі­не билет алыңызшы. Жалпыхалықтың деңгейде прокатқа шыққан фильмдердің титрындағы өріп жүрген грамматика­лық қателерді есепке алмағанда, кейіпкер­лер диалогінде дүбаралық пен құлақ тұндырар бейәдеп сөзден-ақ шаршап шығасыз. Ондайда ойға белгілі британдық һәм америкалық кинорежссер, сценарист, продюсер Альфред Хичкоктың «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген әйгілі сөзі орала берді.

Ал бүгінгі киногерлеріміз не дейді? Кейіпкерлерінің қазақша-орысшаны араластыра сөйлеген дүбара тілі мен боғауыз сөзсіз күлдіре немесе ойын жет­­кізе алмайтын деңгейін «өмірге жа­­қын­датқымыз, шынайы фильм түсір­­гіміз келді, қоғамда бар жағдайлар ғой» деп түсіндіруге тырысады. Ол шынымен солай ма? Әлбет­те жоқ! Шын мәніндегі, талантты адам ешқандай боқтық сөзсіз-ақ көрерменін баурап алатын фильм немесе сериал түсіре ал­са керек. Өкініштісі сол, киногерлер өзі­нің шығармашылық әлсіздігі мен қиял жұ­пынылығын жұлмалап әкеліп қоғамға, заманға жамай беретіндігі.

Десе де бұл көз жұма қарайтын, мән бермей өтіп кететін мәселе емес. Себебі тілде тұтас ұлттың тағдыры жатыр. Ойымызды кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Рахманқызының мына бірі пікірі қуаттайды: «Қазір кітап оқудан гөрі, экранмен тәрбиеленіп жатқан тұтас бір ұрпақ өсіп келеді. Міне, осы тұста кино түсіремін дейтін әрбір адам тек бү­гінгі күн үшін емес, болашақ үшін де жауапты екенін сезінуі керек деп ойлай­мын. Өйткені кинодағы тіл мәселесі ұлттық идеологиямызбен де тығыз байланысты. Тілі жоғалған ұлттың болашағы қандай болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Қазір біздің көрермен көбіне экранға жиі шы­ғып жүрген коммерциялық фильмдермен етене таныс. Өкінішке қарай, бүгінгі қазақ киносын сол фильм­дер арқылы қабылдайды. Оның үстіне соңғы жылдары интернет кеңістігінде екі сөзінің бірі боқтықтан тұратын қазақстандық веб-сериалдары көбейіп кетті. Және қорқыныштысы – бұл үр­діс қалыпты жағдайға айналып барады. Бұған дәл қазір мән бермесек, болашақта шешілуі қиын үлкен мәселеге айналып кетуі әбден мүмкін. Ал енді мемлекет қаражатына түсірілетін фильмдер бұл жағынан мүм­кіндігінше қадағаланады. Жобаларды іріктейтін арнайы сараптау алқасы бар, сол комиссия жаңағыдай былапыт сөздердің экранға шықпауына аса назар аударады. Әрине, солай болуға тиіс те», дейді кино сыншы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Бекжан Тұрыстың да пікірі осы ой­мен тоқайласты. Актер айтады: «Қазір батысшыл болып алдық. Бізде бәрі қойыртпақ. Қазақша, орысша сөздер, онымен қоса боқтық сөздер ақтарылып, жан дүниеңді жалаңаштандырып жіберетін тіркестер көп. Отбасыңмен отырып кино көре алмайсың. Ең өкініштісі – сол киноларда сенің әріптесіңнің жүргені. Мен осындай нәрсемен күресіп жүрсем, менің әріп­тестерім сол жерде жүреді. Бұл да бір жанбағыстың көрінісі шығар. Өнер деген – халықтың ар-ожданының көркемдік бейнесі. Бұрын өнердің салмағы ар-ұятпен өлшенетін. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Жаңағыдай арзан дүниелерге ақша үшін барады. Бәлкім, танылу үшін баратын шығар. Мен үйтіп танымал болмай-ақ қояйын», – деп қазақ киносын ашына сынады.

Иә, соңғы кезде түсіріліп жатқан фильм­­дердің қай-қайсысын алып қарасаң да шұбар тілмен шеберлігін ұштаған ак­терлер, боғауыз сөзді бейнелілік деп біл­ген режиссерлер қатарында шек жоқ. Қа­зір киноның тілі өмірдің тілі болып бара жатқандығы жалған емес. Аузызекі тілге салып сценарий жазатындардың, оны фильм етіп түсіретіндердің де бар мақсаты өнер тудырудан бұрын, ақша табуға телінген. Әйтпесе, мемлекеттік тапсырыс негізінде фильм түсіретіндерге «Темекі шегуге, боқауыз айтуға және арақ ішуге болмайды» деген сияқты бір­қа­тар шектеу бар. Бірақ біздегі бү­гінгі кино түсірушілердің көпшілігі  жеке өз қаражатын жұмсайтындық­тан, «қазан­шы­ның өз еркі, қайдан құлақ шы­ғарса» деп кесіп айта да алады. Және олар тү­сір­ген фильмдер, өкінішке қарай, кас­салық табыстың көшін бастап тұр. Мәсе­лен, «Келінжан» сериялындағы Айсара рөлі арқылы танылған актриса Дариға Бадықованың продюсерлігмен түсі­ріліген «Таптым-ау сені...» комедия­сы билет сату жағынан сенсация жасады. Тіпті аталған фильмнің кассалық тү­сімі голливудтық «Аватар: Су жолы» кар­тинасын басып озған. Ticketon билет сату жүйесінің ақпа­ратына сүйенсек, бұл фильм өткен жылы 1,54 млрд теңге жинаған. Ал голливудтық фильмнің табысы 1,17 млрд теңгеге жет­кен. Сөйтіп, «Таптым-ау сені...» осыған дейін отандық коме­дия­лық фильмдер ішінде 1,3 млрд теңге табыс­пен көштің алдын бермей келген Нұрлан ­Қоянбаевтың «Қазақша бизнесін» шаң­ қаптырды.

Десе де прокатқа шыққаннан-ақ көрер­менін кинотеатрға ағылтқан фильм­нің көркемдік деңгейін де дәл солай айта алмайтынымыз өкінішті. Өйткені ке­йіп­керлерінің аузынан төгіліп жатқан бей­әдеп сөздер құлақ тұндыратын фильмді соңынан дейін тамашалап оты­рудың өзі мұң. Бірақ соған қарамастан кассада билет қалдырмай, кинотеатрды лық толтырған көрерменнің қарасы қалың. Бейәдеп сөзді де, «КВН»-нің дең­гейіндегі қарабайыр қалжыңды да, бейберекет сюжетті де еш талғам, қиындықсыз қылғытып отыр­ған сол баяғы қарапайым көрермен. Нөпір халық­пен бірге кинотеатр төрінен та­былған режиссер Ермек Тұрсынов фильм­нен шыққаннан кейін-ақ «елді ұйыт­қан» комедияны катастрофаға теңеп, эмоция­сын жасырмады: «Кино саласы тұтас деградацияға ұшырап отыр. Мен оны тіпті диверсия деп атаймын. Мұның бәрі көз алдымызда болып жатқан нәрсе. Жалқауланбай, мотоциклге мінген әйел туралы әнеубір «Таптым-ау сені...» деген киноға барып қайттым. Бұл – катастрофа! Ал залдар лық толы. Ұлтымыздың уланғаны соншалықты, олардың бәрі киноны тапжылмай көріп шықты. Көріп отырғандардың бәрі бақытты. Орным­нан тұрып, «Ау, халайық, сендерді алдап соғып жатыр, мына киноның бәрі өтірік, неменеге көріп отырсыздар?» дегім келді. Өкінішке қарай, қайдағы бір актерлер мен режиссерлер қаптап кетті. Экран быт-шыт. Сондықтан киноға цензура енгізу керек, деп шыр-пыр болды.

Режиссер алаңы орынды. Шынымен-ақ, өнерді ақша табудың құралы көріп, талғамды-талғамсыз фильм түсіру­ші­лердің қатары көбейіп кетті. Кассалық табыс өнердің өлшеміне айналған­дай. Сондықтан болса керек, «Таптым-ау сені...» комедиясын түсірген Дариға Бады­қова қазір «Тастаймын-ау сені...» деген жаңа фильмінің түсіріліміне кірісіп кетті. Көрдіңіз бе, «Таптым-ау сенінің» табысына дандайсыған Дариға енді фильмнің атауына дейін қарабайырлыққа ұрынды, «Тастаймын-ау сені...» деп мәз. Ал оның деңгейін болжамай-ақ, атауының өзінен-ақ көп нәрсе аңағруға болатындай. Хайп қуып, ұлт өнерін орға жығып беріп жатқан мұндай психология әлбетте алысқа апармасы анық. Мұның себебін кинотанушы Дана Әмірбекова былай деп тарқатады: «Бүгінде экранға жол тартқан фильмдердің басым көпшілігін әуесқой режиссерлер жарыққа шығарып жатыр. Олар киноиндустрияға КВН-нан, әзіл-ысқақ театрларынан, актерліктен, әншіліктен келген шоу-бизнес пен той-бизнес өкілдері. Фильм түсіргіштер кино өнерінің табиғатын, тілін түсінбейтін, оның ерекшеліктерін әлі де толыққанды меңгермеген «мамандар». Сенімділіктері сондай, өз фильмдеріне өздері сценарий жазады. Ал киноның әліппесін үйрен­беген, жанр ерекшеліктерін түсінбейтін, табиғатын білмейтін адам концептіден дайын сценарийге дейінгі сатыларын өзі түсінбей жатып, көрерменге қандай ой айтуы мүмкін? Қазақ киносының тілі­нің шұбарлануы, боқтық, былапыт сөздер­дің қолданылуы біздің киногерлеріміз­дің мәдениеті мен интеллектуалдық дең­гейінен хабар береді. Salem social media-ның өзі не болса соны көрсететін болды» десе, киноактер Нышанбек Жұбанаев: «Бүгінгі фильм түсіруді киноға қатысы жоқ адамдар ойыншық қылып алған сияқты. Ақшасы бардың бәрі осы салаға араласатын болды. Кино саудаға айналып кеткендей. Ал талант пен талғам, білім мен тәжірибе мәселесі соңғы орында. Десе де бүгінгі кино түсіргіш адамдар құр жалаңбұт амбицияман алысқа кетіп қалуға болмайтынын да ескеруі керек деп есептеймін. Ол өнерді өшірмесе, өсір­мейді» деп кесіп айтты.

Иә, біздіңше де өнердің басты миссия­сы өре болуы керектей болады да тұрады. Себебі кәсібилік бар жерде көркемдік, өре бар жерде өнер туады. Өнер әрқашан өмірден сәл де болсын биік болуға тиіс. Ал бізде керісінше, «өнер – өмірдің айнасы» деген қанатты сөзді негіз етіп, қа­рабайлыққа ұрынатындар көп. Соның салдарынан қазіргі қазақ киносының отбасы, ошақ қасынан ары аса алмай отыр­ғаны да шындық. Тақырыбына сай тілі де қарадүрсін. Сондықтан да өнер десек, ең әуелі өремізді, талғам десек тілімізге мән бергеніміз ләзім. Себебі экран елді, кино тұтас ұлтты тәрбиелейді.

Иә, кино – қоғам айнасы. Ал сіз айнаға қарадыңыз ба? Нені көрдіңіз?