Фото: inbusiness.kz
Аграрлық сала облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өткен облыс басшысы кейінгі жылдары Сыр диқандары су тапшылығының зардабын тартып келе жатқанын айтып өтті. Былтырғы егіс науқанын да шаруалар қиын жағдайда өткізді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен қабылданған су тапшылығының алдын алу шаралары арқылы ғана диқанның үміті ақталды.
«Өткен жылы егіс көлемі 4 800 гектарға ұлғайып, 193 400 гектар жерге егін егілді. Осының ішінде 89 мың гектар күріштің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды. Саланы субсидиялауға 14 млрд теңге қаржы бөлінсе, 224 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция 20 пайызға өсіп, 12 млрд теңгеге жетті. Биыл да қолдау шаралары жалғасады. Бірақ дария деңгейі вегетация кезеңінің оңай болмайтынын көрсетіп тұр», деді аймақ басшысы.
Министрдің айтуынша, 6 ай ішінде жаңа «Су кодексі» жобасы әзірленді. Су тапшылығына қарамастан, ел экономикасына пайда әкелу, тұрғындардың күнделікті жағдайын жасау және экологиялық мәселелерді шешу секілді 3 бағытты қамтыған құжат қазір Парламент қарауында жатыр.
«Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруа қожалықтарын қолдау арқылы тығырықтан шығуды жөн көреді. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын енгізген шаруашылықтарға субсидия 50%-ға, ал ұңғыма қазғандарға 80%-ға дейін ұлғайтылды», деді Н.Нұржігітов.
Кейінгі 60 жыл ішінде еліміздегі су көлемі 12,5 шаршы шақырымға азайған. 2040 жылға дейін де 12-15 шаршы шақырымға кемитіні болжанып отыр. Сондықтан 2 жыл ішінде 3,5 мың шақырым ирригация жүйесіне есеп құралдары қойылуы керек. Осы арқылы 500-600 млн шаршы метр су үнемдеуге болады. Кездесуде еліміздегі 15 шаршы шақырымнан аса жерасты суларының 2 пайызы ғана пайдаланылып отырғаны айтылды. Министрлік осындай мол суды ауызсу ретінде пайдалану бағытындағы шараларды қолға алады.
Облыс әкімі шаруашылықтар тарапынан өндіріске жаңа технологияларды енгізу өте баяу жүріп жатқанын еске салды. Есесіне магистралдық каналдардағы суды қалағанынша пайдаланып, артық күріш егетіндер азаймай отыр. Сондықтан да жауапты мекемелер бөлінетін су көлемін қатаң бақылап, ысырапқа жол бергендер заң аясында жауап беруі керек. Бұл талап Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне де қатысты. Жоспардан тыс дақыл еккендерге су беріп, талапты сақтағандарды тапшылыққа ұрындыруға болмайды.
Жиында «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Балғабаев, Қазақстанның Еңбек ері, «Таң ЛТД» серіктестігінің басшысы Имамзада Шағыртаев, «Soil Solution» ЖШС директоры Раушан Нұралы, «OMAD Start» компаниясының құрылтайшысы Шахобиддин Каромов, «BNK Group» компаниясының құрылтайшысы Ниязәли Бейсенбаев баяндама жасап, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында ұсыныс-пікірлер айтты.
Қызылорда