Сонымен талай қазақ АҚШ-ты армандап, сол жаққа көз тігіп жүргенде, Америкадан бізге аңсап жеткен жылқы жануардың тұқымы болды. Жеті атасын білетіндер әкесі – Дубайда аламанды бермеген «Калифорния Хром» дейді.
Сәйгүлік саудасы деген өз алдына бір әлем ғой. Естуімізше, тай күнінде-ақ асыл сойына тартып тұрғанын көрген атсейіс Нәдір Хасанов оны Кинэленд аукционында сатып алыпты. «Екі апталық аукционда 4 мың бәйге жылқы ішінен таңдап алған» дейді білгіштер. Содан тай Кәбірхан құнанға өтер шағында Алматы ипподромына келген. Мұнда атжарысқа үйретіп батпаған азамат Руслан Юлдашев екен. Бүгінгі иесі кәсіпкер Тілек Мұханбетқалиев Кәбірханды 2022 жылы 12 мың долларға сатып алыпты. Жалпы, бұл – осы азаматтың жеті сәйгүлігінің бірі. Бәрі ағылшын тұқымды жылқылар. Кәбірханды Дубайдағы аламанға америкалық бапкер дайындапты.
Ат спорты сарапшыларының айтуынша, Дубайдағы сайыста Кәбірханымыз Хироу мо, Букревью, Наксос, Кафу, Мистер радж, Селтик прингс секілді әйгілі әлем жүйріктерін артқа қалдырған.
Тұлпар иесі «Сәйгүлігім бірінші болып келгенде әйелім ұл тапқандай қатты қуандым. Бұған дейін Ресейдегі 6 бәйгенің 5-еуінде топ жарып еді. Мына Дубай жарысындағы тұлпардың бәрі әлемнің үздік арғымағы есебінде. Кіл мықтыны көріп, шетелдіктер бізге көп мән бермеді. Кәбірханның тұяғы мәре сызығын бірінші басқанда, сарапшылар мен букмекерлер қазақ жылқысы туралы айта бастады», дейді.
Еске салайық, қаңтардағы алманға қатысу үшін Кәбірхан Дубайға 11 қарашада арнайы ұшақпен жеткізілген. Енді 30 наурыздағы шешуші аламанды сол жақта күтеді. Яғни әбден бапталады.
Оқырман: «2023 жылдың қарашасында Біріккен Араб Әмірлігіне жеткен Кәбірхан 2 жарысқа қатысыпты. Иесінің қанжығасына байлаған олжасы қандай екен?» деп сұрайды. Оған жауапты ашық дерек көздерінен таптық: біріншісінде – 15,5 миллион теңге, екіншісінде (12 қаңтар) 1 миллион доллар ұтқан. Дәл сол жеңістен соң Тілек Мұханбетқалиевке «Атыңды сат. Сұраған ақшаңды береміз» деушілер көбейген. Иесі: «Кәбірхан сатылмайды!» деп бір-ақ кескен деседі. Дәл осы тұста бізге Тілек мырзаның кесек пайымы ұнады: «Бұл – қазақ халқының тұлпары. Енді оның жеңісін ел болып тілейік!».
Ат спорты мамандарының пікірінше, әлемдік жарыстарға бір сәйгүлікті 7-8 адам баптайды. Оның барлық шығынын жарысқа қатысушы өзі көтереді. Сондықтан осыған дейінгі жарыстардағы Кәбірханның жеңіс қаржысының көп бөлігі өзінің күтіміне кетеді. Асыл тұқымды тұлпардың күтімі де, жемшөбі де, витамині де белгіленген стандартқа сай болуы керек.
Алда – әлемнің 16 сәйгүлігі бақ сынайтын үлкен бәйге. Қазақстандағы бүкіл атбегі, атсейіс, атбапкер қауымы мен жалпы жылқы дүбірін сағынатын жұртшылық дөнен Кәбірханға зор үміт артып отыр. Біріккен Араб Әмірлігіндегі «бас бәйге» салымының құнын да айта кетейік – 7 миллион 200 мың АҚШ доллары!
Енді бірауыз сөз сәйгүліктің ныспысы туралы.
Әлеуметтік желілерде ел азаматтары: «Оның аты неге Байшұбар, Тайбурыл, Ақбозат, Көкбозат, Құлагер, Лашын, Көкдауыл, т.б. емес? Қалай дегенмен қазақ намысын қорғап жүр ғой» деп сұрақ қоя бастады. Тіпті кейбірі: «Қабірі несі? Тұлпарға мола атауын беретіндей не күн туды?» деп те жатты. Біз осы есімінің түп-төркіні, этимологиясы жөнінде араб тілінің профессоры Самал Төлеубаева ханымнан пікір сұрап едік. Мақаламызға осыны қоса ұсынып отырмыз.
Айтуған ДОСБИ