Өнер • 04 Наурыз, 2024

Қолы алтын шебер

293 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ағаштан түйін түйген Қылышбек Құрмантегі Майқұдықтағы Мәдениет үйіндегі «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығына жетекшіліп етіп, қолының ебі бар балаларды ағаш пен темірден түрлі бұйым жасауға баулиды. Ұлттық өнерді өлтірмей жүрген бесаспаптың шеберханасының есігінен біз де ендік.

Қолы алтын шебер

Кейіпкеріміз тек қолөнер шебері ғана емес. Көнеден келе жатқан көшелі кәсіп түрі ұсталықты да қоса алып жүр. Тегінде бар дүние текке жатпас. Бұл өнер арғы бабасынан дарып тұр. Заманында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлынан (1827-1893). Құлмағанбет ұста 1883 жылы Омбы қаласында өткен көрмеде оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп, суретке басып алған екен. Соның көшірмесін қабырғаға іліп қойыпты. Суреттің жанында бойтұмарындай болып, қымыз құятын ожау ілініп тұр.

атп

– Бұл қымыз ожау қайыңның тамырынан (безінен) ойып жасалған. Қазақтың қолөнерін Еуропаға алғаш таныстырған темір ұста, зергер, ағаш шебері, өрімші, ерші, атақты ұста Құлмағанбет Байбақыұлы бабамыздың өз қолымен жасаған көп жәдігерлерінің бірі. 1995 жылы осы ожаудың көшірмесін жасап, ақша беріп, Омбы музе­йінің қызметкерлерінен алдық. Ол жерде әлі көп заты тұр. Ер-тоқымы, жүкаяқ, асадал, ағаш төсек, ыдыс-аяқтары, оюуланған он екі қанатты киіз үйі, зергерлік бұйым­дарын қайтармады. Бұл көненің көзі бабамыздан қалған құн жетпес мұрасы, 140 жылдан асқан, біраз жарылған жерлерін жөндеп, осы ожауды бойтұмардай іліп қойдым, – дейді ұста Қылышбек.

ап

Қылышбек ұстаның өзінің туған топырағы Баянауылда баба­­ларынан мұра болып қалған ұстаханасы бар. Былтыр жөнге келтіріп қойыпты. Көрікке арнап Түркиядан арнайы қалың был­ға­ры алдырыпты. Қазақ­стан­да жоқ көрінеді. Биыл сонда барып, іске қосып, ас бермек ниеті бар.

Алғашында етікші болып бастаған ол кейіннен ағаш өңдеуді қолға алады. Осыдан 30 жыл бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жылдығына орай Павлодар облысы бойынша шеберлер арасында байқау өтетінін естиді. Сол жолы бас жүлде алып, бір жарым айдан соң қазақ құрылтайына қатысады.

«Құрылтайдан келгенімде сол кезде аймақ басшысы болған Ғалымжан Жақиянов мені зор қуанышпен қарсы алды. Өнеріңді одан әрі шыңда деген мақсатта Баянауылда бос тұрған сегіз­жылдық мектептің ғимаратынан маған орын берді. Өкінішке қарай, белгісіз жағдайда іштегі құрал-саймандарым, жасаған барлық затым жанып кетті. Сол оқиғадан соң көп уақыт қолөнерге жақындамадым. Іштегі қалауымды тыңдап, аудан­нан Павлодар қаласына келіп, жиһаз жасаумен айналыстым. Қала орталығынан бір бөлмені жалға алып, қайта ағаш өңдеу ісіне көштім. Содан бері қолөнерден қол үзген емеспін», дейді өткенін еске алып шебер.

«Атамұра» ұлттық қолөнер орталығы 2022 жылы ашылған. Содан бері қолөнер шебері Қы­лыш­бек орталықта жүріп-ақ, небір шәкірт тәрбиелеуде. Ше­бер шәкірттері тек Қарағанды қа­ла­сынан емес. Абай, Саран ша­һар­ларынан да келіп астабақ, ат әбзелдері, ожау, домбыра, сандық, кебеже жасауды үй­ре­ніп жүр. Мұнымен қоса, жүзік, сақина, сырға, шолпы, сал­пын­шақ соғу ісін де біртіндеп мең­ге­ріп келе жатқанын айтады ұста.

– Елордада өткен «Экспо – 2017» көрмесінде күміс медаль алдым. Ол жерде ұлттық өнерді ұлықтадым. Негізінде көрмеге көне жәдігерлерді дайындап, ел назарына қойдым. Сол уақытта ұлттық қолөнер орталықтарын ашу туралы айтылды. Маған министрлік тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Туған жерім де жібергісі келмеді. Оңтүстіктен де шақырту алдым. Дегенмен жаныма жақын Қара­ған­ды­ны таңдадым. Осында келіп шәкірт­тер тәрбиелеп жатыр­мын, – дейді шебер.

Алғашында қолөнер орта­лы­ғына алпысқа жуық бала келіп жүрген. Кейіннен іріктеліп 20 бала қалған екен. Алыс-жақыннан ат арытып шәкірт болғысы келгендер де бар көрінеді. Мәселен, 600 шақырымды артқа тастап Ұлытаудан Серік, Ерғазы деген екі жігіт шеберден тәлім алып кеткен көрінеді. Екеуі де қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, өз ауылдарынан шеберхана ашпақшы екен.

Шеберханасындағы үстел үстінен бірнеше домбыраны кезіктірдік. Әбден ескірген. Қаңқасы ғана қалғаны да бар. Сөйт­сек, Қылышбек шебер ескіні жаңа­лап, кәдеге қайта жаратады екен. Бұл да қолөнер шеберінің тағы бір қыры десе болатындай.

«Былтыр 23 желтоқсан күні қоқыстан тауып алдым. Сол домбыраны Майқұдық Мәдениет үйіндегі «Атамұра» қолданбалы қолөнер үйірмесінің жетекшісі, қазақ көне ағаш шебері Қылыш­бек Құрманов бауырыма жөн­дету үшін апарып бергенмін. «Домбыраңыз дайын» деген соң барып едім, жөндеп, күйлеп қой­ған домбыраны қолыма табыс етті. Домбыраның күмбірлеген дау­сын естіп, алғысымды айтып, ба­там­ды беріп үйге келдім», дейді Қарағанды тұрғыны Сәкен Келдібаев.

Шебер тек ескі домбыраны қалпына келтірмейді. Кез келген көнерген бұйымыңызды жаңартып береді. Мәселен, «атамнан қалған мұра» еді деп, ер-то­қым, басқа да ат әбзелдерін әке­ліп, жалт-жұлт еткен дүние­сіне таңданыс білдіріп кеткендер қан­шама?!

– Бір жылы Қытайға бардым. Бір қаласынан қазақтар салған үшқабатты киіз үй пішінінде салынған ғимаратқа кірдік. Ішінде ұлттық өнердің жеті атасы бар. Ұстахана, ұлттық киім тігетіндер бөлмесі, қолөнершілер бұрышы. Біреулер темір қыз­ды­рып, төске салып ұрып жатса, бірі қайыс тіліп жатыр, енді бірі ою ойып әлек. Қатты қызықтым. Шіркін-ай, бізде де осылай ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой, – деген арманы барын айтты Қылышбек Құрмантегі.

Қылышбек ұстаның мынандай ұстанымы бар, ол – өзінен озатын шебер шәкірттер тәрбиелеу. Сол арқылы ұлттық өнерді өркендету.

Әңгімесін осылай қайырған Қы­лышбек шебер шаруасына кірісті. Ана бір қоңыр дом­бы­ра­ның ағашын қайта сүрлеуде. Қа­сындағы екі шәкірті ағаш табақ­тың ортасын жонып жатыр. Біздің де осы бір көрініске көзіміз тояр емес...

 

Қарағанды облысы