Халық • 04 Наурыз, 2024

Сынықшы сыры

1619 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ даласы елге шарапаты мен шипасы тиген емшілер мен сынықшыларға еш уақытта кенде болмаған. Олар бағзы заман­нан жұртшылықтың саулығы мен амандығына жауапты халық меди­цинасының өкілдері еді. Тіпті заманауи медицина мүм­кін­дік­тері дамығаннан кейін де бойына қасиет дарыған арқалы емші-сынықшылардың қоғамдағы орны еш төмендеген емес.

Сынықшы сыры

Емшілік пен сынықшылық көбі­не ұрпақтан-ұрпаққа бері­летін қасиет деседі. Мұндай тумы­­сынан ерек тұлғалар Торғай дала­сынан да көптеп шыққан. Осы өңірде Оспан қожа, Бердікей Құлмұхамед ишан әу­лет­­­тері, Сатыбалды ишан, Дүз­бай қажы жүйке ауруларын емдегені, Жыланшық өзені бо­йындағы Тастаған оташыға еліміздің түкпір-түкпірінен дер­тіне ем іздеген жандар көптеп келетіні ел аузында әлі күнге дейін айтылады. Бұлардан бөлек, Өмірбек Жандәулетов, Айдархан, Назым, Айгүл сынықшылардың да орны бір төбе. Солардың қата­рында ХІХ ғасырда Қабырға жері­нен шыққан Аманбай сынық­шының, оның ұрпағы Құрақбай Әмір­ғазиннің есімі де Торғай жерін­де көпке таныс. Құрақбай Ошақ­байұлы еліміз тәуелсіздік алған­нан бертінге дейін сынық­шы­лығымен өз өңірі емес, бүкіл Алты Алашқа шарапатын тигізді. Өкінішке қарай, 57 жасында өмір­ден ерте кеткен. Ал бүгінгі біздің әңгімеміздің кейіпкері – сол Құрақ­бай сынықшының туған інісі Бақытжан Әмірғазин.

Қостанай облысы Амангелді ауданы қазіргі Қа­быр­ға ауылдық округінің Алакөл елді мекенінде өмірге келген Бақытжан аға сол Торғай жерін­де жүргізуші болып еңбек етіп, зейнетке шығып, өткен жылы Астанаға қоныс аударыпты. Бүгінде елорда маңындағы Талап­кер ауылының тұрғыны. Бұл кісі­нің әулетінде сынықшылық дәс­түр Аманбай атасынан баста­ла­ды дедік қой. Одан кейін өткен ғасырдың 70–80-жылдары атасының Базаркүл есімді қа­рын­дасы да бұрынғы Торғай облысы Амангелді ауда­нының Құмкешу ауылында жұртты емдеген екен. Қазіргі таңда жақын інілерінің біріне де осы қасиет дарыса керек. Бүгінде ол Арқалық қаласында халыққа өз шипасын тигізіп жүр.

Бақытжан аға 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап өзіне емделу­ге келген адамдардың тізімін жа­зып отырған. Одан арғысын есептемегенде сол күннен бері бүгінге дейін 18 мыңнан астам адам келіп қаралыпты. «Бәріне бірдей демеймін, бірақ кемінде 95 пайызына көмегімді тигіздім. Алдыма келгендердің ішінде өз аяғымен жүре алмай, төсекке таңылғандары да аз болмады. Кейде тілі шықпаған 1-2 жастағы бала­ларды алып келеді. Олар қай жері ауырғанын да, шыққан буыны орнына түскен-түспегенін де айта алмайды. Сондайда қолына бір затты беріп, көтерткізіп біле­мін», дейді сынықшы.

Бақытжан Ошақбайұлы 2022 жылы Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті А.Қожа­лымовтың қолынан «Құр­метті халық емшісі» деген төс­белгі алған. Өзінің айтуынша, сынық­шылықпен қатар қолының био­­тогі арқылы дененің тұз жи­на­л­ған жерлерін ыдыратып ем­деу­мен де айналысады екен.

Бақытжан аға әңгіме арасында қызықты оқиғаларымен бөлісті. Соның бірі – өз баласының шық­қан аяғын түсінде салғаны. Бұл жағдай 1998 жылдың ақпан айын­да болыпты. «Сол күні мен үйде емес едім, дейді ол. – Түнде ұйықтап жатып түс көрдім. 12-13 жастағы ұлымның аяғы шығып кетіп, соны салып жатыр екенмін. Ертесіне ауылға оралып, әйелімнен «Бала қайда?» деп сұрасам, «Сыртта ойнап жүр», деді. Түнде көрген түсімді айтып едім, жұбайым былай деді: «Шынында, кеше сен жоқта футбол ойнап жүріп аяғын шығарып алды. Ол да түнде түс көріпті. Сен оның аяғын салыпсың. Таңертең оянса, аяғы сап-сау...».

Бүгінде медицина қанша қ­а­рыш­­тап дамыды десек те, ха­лы­қ ем­ші­лігін шетке ысырып қою мүмкін емес. Оны өмірдің өзі дәлелдеп жатыр. Бақытжан аға аяқ-қолынан жарақат алып, дәрігерлерден көмек болмаған соң, өзіне келетін адамдардың да қата­ры көп екенін айтады. Бір­де Арқалық қаласынан 400 ша­қы­рым жердегі Ақкөл ауылы ма­ңында жер астынан шығып жат­қан ыстық суға барғанда Ресей­­ден келген қазақ отбасымен кез­десіпті. Олардың екі ұлы бір жыл бұрын көлік апатына түскен екен. Содан ұзақ уақыт ауруханаға жатып, талай жерге барып емделсе де, қол-аяғының жарақатынан жазыла алмапты. Бір ұлы тіпті жүре алмайды екен. Бақытжан ағаның сынықшы екенін естіген олар «соңғы үмітіміз сізде» деп бірден қолқа салады. Еш сөзге келместен қол­ұшын созған ол екі жігіттің қол-аяғын орнына салып беріпті. Көктен іздегені жерден табылған қандастар шат-шадыман болып, алғыстарын жау­­дырады.

Қазір нарық заманы. Гиппо­крат­тың «Тегін емдеме» деген өсиеті бар ғой. Сондықтан біз сы­­нық­шыдан оған қаралу құны қан­ша екенін де сұрауды ұмыт­па­­дық. Бақытжан аға өзінің бел­гі­лі бір бекіткен бағасы жоқ еке­­­­нін, жұрт не берсе, соны ала­ты­­нын айтты. Дегенмен сы­нық­шы­­ның адамдарға қоятын кейбір та­­лап­тары да бар екен. Ол нау­қас­­­тарды тек күндізгі уақытта қа­­­был­дайтынын, кеш түскеннен ке­йін қарамайтынын айтады.

Біз Бақытжан ағаның үйінен бел­гілі әнші Сәкен Май­ға­зиев­пен бір­ге түскен суретін көріп, оның сы­рын сұрадық. Сөйтсек, бірнеше жыл бұрын «Музарттың» әншісі де Ар­қа­лық­тың қасындағы Бірлік ауы­лына арнайы келіп, қаралып қай­тыпты. Кейін ол өзінің инстаграм парақшасында арнайы видео жариялаған болатын: «Осыдан бір ай уақыт бұрын құлап, сау­сақ­­тарымды шығарып алып едім. Иығым да көптен сыр беріп жүр­­ген. Біз ден­сау­лығымызға қара­­май жүре береді екенбіз. Алма­ты мен Аста­нада жүріп, сонау Арқа­лық­тың қасындағы ауыл­ға келіп ем аламын деп кім ойла­ған? Ба­қыт­­жан Ошақбайұлы бүгін иы­ғым­ мен саусақтарымды ор­нына са­­лып берді», деп алғысын біл­дір­ген.

Әңгімеміздің басында сы­нық­­­шы­лық тұқым қуалайтын қа­сиет деп едік қой. Соның бір дәлелі – бүгінде Бақытжан аға­ның ұлы Жангелді де жеңіл-жел­пі шыққан-тайған буындарды салып, маманданып жүр екен.