15 Маусым, 2010

АЗАМАТТЫҚ АР-НАМЫСТЫҢ ӨЛШЕМІ

527 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОЛ – ОТАНДЫ ШЕКСІЗ СҮЮ Оттан да ыстық Отанды шек­сіз сүю, қажет болса сол жолда өмірді де құрбан ету – әрбір аза­маттың ар-намысының, парасат-пайымының ең басты өлшеміне айналуы тиіс. Ұлы бабалар ұла­ғаты осындай. Сол бір асқар тау­дан да асқақ мақсат биігінен көрін­­гендердің арасында Ұлы Отан соғы­сының ардагері, “Қызыл Жұлдыз”, І-ші және ІІ-ші дәрежелі “Отан соғысы” ордендерінің және көптеген ме­даль­дардың иегері Қонаш Сары­ұлы да бар. Бүгінде сексен бес асуды артқа тастаған май­дангер небәрі он жеті жасында 1943 жылы қан майданға аттанып, сұрапыл соғыстың ащы зардабын бастан кешті. Ол 1943 жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облы­сынан қан май­данға аттанып, РСФСР-дің Орынбор облы­сындағы Тоцк әскери лагерінде алты айдай оқу-жаттығу курсында оқыған соң зеңбірек көздеуші маман­дығын игерді. Тәртібі тым қатал оқу-жаттығудан қолы қалт етіп босаған кезде Қаратөбеде тұла бойы тұңғыштарын сағынып сарғайып, екі көзі төрт болған әке-шешесі – Ерғали мен Әде­міге дұғай-дұғай сәлем жолдап хат жазатын. Орынбордың сақылдаған сары аязын жырға қосып: “Ойын жақсы ортада, де­ген­мен жүрек қорқады, Байпақ­тан тоңған аяғым, бәтеңкемен жортады”, деп өлеңдетіп, көңі­ліндегі сырын да шертетін. Әскери лагерьдегі бес-алты ай ештеңе емес екен. Әлі оңы мен солын танып білмеген жас жігіт “қуырдақтың көкесін” Орел қаласының түбінде алғаш рет ұрысқа қатысқанда көрді. Ең таңқаларлығы, өзінің кәмелеттік жасқа толған туған күнін – гүріл­деген зеңбірек, айқыш-ұй­қыш атылған ракета, бір сөзбен айт­қанда, жан алысып, жан беріскен аласапыран қырғын шайқастың ортасында қарсы алды. Соғыстағы майдан жол­дарын­да Жоғарғы Бас қолбасшы қолы­нан қатарынан 23 рет Алғыс хат алған аға сержанттың ұрыс жолдары Житомир артиллерия дивизиясы құрамында өтті. Алғашында зеңбірек расчетінде көздеуші болған жас жігіт, соңынан шағын топтағы жабдық командирі болды. Алғыс хаттың 12-сі Украи­наның Житомир, Львов қалалары мен селоларын азат етуге қатысқан ерліктеріне тікелей қатысты болса, қалғандары Кеңес Одағы шекара­сынан тыс елдерді жау құрсауынан босатуға байланысты берілген марапаттар. Ұлы Жеңіс күні – 9 мамырды Дрезденде қарсы алған жас жігіт бірден туған еліне орал­май, тағы да бес жыл бойы әскер қатарында қызмет етіп, жас жауын­герлерге ұстаздық етті. Украинадан Польша мен Чехо­славакия арқылы Германияға дейін от-жалынды майдан жол­дарынан өткен ержүрек азамат ауыр ұрыс­тар­да қатар жүрген майдандас дос­тарын сағынышпен еске алады. Со­лар­дың ішінде өмір мен өлім арпа­лысқан сәтте жанында болған жол­дасы Никита Егорович Шутов­тың есімі ол үшін ерекше қымбат. Жау снаряды жақын келіп жарыл­ған бір шайқаста екеуінің жарық дүниеден тататын дәм-тұзы таусыл­май, аман қалған-ды. Бұл атақты Одер өзенін кешіп өту кезінде болған қайғылы оқиға еді. Өзенге түскен зеңбірек пен бес жауынгер суға кетті. Досы­мен бірге мал­ман­дай су киімімен өзенге бір батып, бір шығып, әйтеуір қарсы жаға­лау­ға іліккендері есін­де қалып қо­йыпты. – Соғыс қасіре­тінен кейін көз жа­зып көре алмай қал­ған қанды көйлек сері­гіммен бір кезде­сіп, жүздесу көңілім­дегі көптен аңсаған бір арманым еді. Соңы­нан оны із­деп, Сверд­лов об­лы­сы­ның әске­ри ко­мис­сарына хат жол­да­дым. Содан соң Ре­сей Феде­ра­циясы Қорғаныс ми­нистр­лігінің Орта­лық ар­­хивінен жауап хат алдым. Туған жеріне оралғаннан кейін, ол 1961 жылы небәрі 49 жасында қайтыс бо­лыпты. Қайткен­мен де, ұрыс дала­сында басталған достық аумалы-төкпелі уақыт сынынан қаймық­пайтын ең берік достық болаты­нына менің көзім жетті. Міне, ұлан-байтақ елімізде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы той­лануда. Менің есім­нен әлі де майдандас дос­та­рым кетпейді. Досым, кіші лейте­нант Николай Шутов кейде түсіме кіреді. Менің ең бірінші көмек­шім, әрі ұстазым болған Николай сияқты азаматтар өмірі жас ұрпақтар үшін өмірлік тағылым екендігі даусыз, – дейді Қонаш аға өткен күндерге көз жіберіп. Житомир, Шумск, Ямполь, Львов, Староконстантиновск және басқа да көптеген қала­ларды жау­дан босатуға қатысқан қазақ жауынгерінің ерлігін украиндықтар ұмытпапты. Ұлы Жеңістің 60 жыл­ды­ғында Алматы қаласындағы Украинаның сол кездегі бас кон­сулы Сергей Шид­лов­ский арда­герге бірден “Украи­наны азат ет­кені үшін” және “Отан қорғау­шысы” ат­ты екі медальды тапсыруы соның ай­қын айғағы болса керек. Қонаш Сарыұлы ұзақ жылдар отасып, өмірлік қосағы болған жан жары Орынғаным екеуі Сағындық, Марат және Болат атты ұлдарын азамат етіп өсірген адам. Қазір олардан бес немере сүйіп отыр. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.