Таным • 06 Наурыз, 2024

«Бұл – теңдессіз қаһарман адам»

284 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Не көп, интернет жөнінде әңгіме көп. Ақпараттың алапат көзі екенін алдымен айтамыз. Қайдағы-жайдағының қоясын қопарып, керектіні де, керексізді де қоярда-қоймай қойынға тығып, ойыңа сұғып, ақыл-есті алатынын да айтамыз. Адамның шақшадай басының шарасынан шыға қалатындай шаруа емес сияқты көрінетін сол интернеттің өз ішінен өріп жататын өскіндері тағы бар ғой. Олардың бірі – YouTube. Көр-жерді көйіте береді деп кемсітуге қанша тырысып бақсақ та, бүгінде жұрттың жаппай көріп жатқаны дәл осы YouTube екенін мойындамаудың жөні жоқ. Бірыңғай жамандықтан, кемістіктен тұратын еш нәрсе болмайды мына әлемде. Интернет – ғажайып қазына. Ала білген адамға YouTube-тың ішінен оқығанды ойға қалдырмай қоймайтын орасан ауқымды ақпарат та, жан дүниеңді жадыратар әсерлі әңгіме де молынан табылады. Біз бүгін сондай игілікті іс жайында айтқалы отырмыз.

«Бұл – теңдессіз қаһарман адам»

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Орал Таңсықбаев туралы кітап жазып жүргелі бері Өзбекстанға қатыс­ты әңгіменің бәріне бөлекше ықы­ласпен құлақ түретін әдет тап­қ­анбыз. Ташкентке үш рет ба­рып қайттық. Нөкіске де жол түс­ті, Мәскеуге сапарлаған сайын қол­ға іліккенді сүзіп қайтатынбыз. Сон­дай ізденіс интернетке де жиі-жиі жүгінтеді. Ташкенттен тара­тылатын YouTube-арналардың бірін­де түркітектес халықтардың тари­хына, мәдениетіне арналған бағ­дар­лама бар. Біз көрген кейінгі бір шы­ғарылымның кіріспе­сін­де «Таяу­дағы сұхбатымыз татарларға ар­нал­ған еді», дейді әріптестеріміз. Ағайын­дарымыз бұл тақырыпты жоспарлы, жүйелі түрде қаузап келе жатыр. Сөз басында жүргізуші «Түркілер туралы, Орталық Азия­дағы ағайындас халықтар туралы әңгімелегенде, тіпті, жанымыз жады­рап кетеді», дейді.

Соны айта оты­­рып, «Әйтсе де, объективті және субъективті себептерге бай­ла­ныс­ты біз тәуелсіздіктен кейін де онша жақындаса алмадық. Орталық Азия мемлекеттерінің интеграциясы, біз­дің елдеріміздің бірігуі, күшеюі, неге екені белгісіз, кешіге берді. Әлхамдилла, болатын нәрсе болмай қоймайды екен, 2016 жылдан кейін біз қайтадан табыса түстік. Самарқанд көше­лерінен тәжік­терді, Ташкент көшелері­нен қазақтарды, қырғыздарды көргенде қатты қуанып қа­ламыз» деп келеді де, осы мәселеге ма­манданған са­­рап­шы – профессор Гайбулла Ба­бая­ровты әңгімеге тартады. Бұл­ жо­лы таңдалған тақырып – қазақ­тар.­

пср

Түркі тектес халықтардың қата­рына қазір ірілі-кішілі 32 этнос кіретінін тілге тиек ете отырып, жүргізуші әңгіменің әл­қиссасында қазақтардың дербес атау­лы этнос ретінде қай заманнан тарих төріне көтерілгенін сұрайды. Г.Бабаяров қазақтардың XV ғасырдың орта шенінде Әбілқайыр ұлысынан ірге көтергенін, Керей мен Жәнібек сұлтандардың өзіне қарасты жұрт­ты соңына ертіп, Жетісу жерінің Шу өңіріне қоныс тепкенін, сол жерде Қазақ хандығын құрға­нын айтады. Алты жүз жылға жуық дербес тарих­тың бастау-бұ­лағында үлкен ұлыстан бөлек шық­қан жұрттың басты белгісі ре­тін­де орныққан «қазақ» этнонимі бара-бара аясын кеңейтті, дейді Г.Бабаяров. Сарапшы әуелдегі бір­тұтас түркі жұртының оныншы ғасырдың о жақ, бұ жағында ара ажы­рата бастағанын, оғыздардың бір бөлігі жаңа жер іздеп, Анадолы аймағына аттанғанын, бір бөлігі ата­мекенде қалып, түрікмендер атанғанын, ал Орталық Азияда ор­ныққан ағайынның Дешті Қып­шақ жеріне ие болғанын айтады. «Дешті Қыпшақ жері­нің басым бөлігін қазақтар иеленді, сол өңір­лер­де қалыптасқан Қазақ хандығы ғасырлар бойы өмір сүріп келді», дейді сарапшы. Оның бұл арадағы түпкі ойы этностардың бірте-бірте ірге айыруы табиғи-тарихи үдеріс, ал қазақ пен өзбек сол үдерісте ең соңынан ара-жік ажы­ратқан ха­лықтар еді дегенге тіреледі. Сұх­бат­тасушылар әуелде тарих жолын бірге бастаған бауырластардың ара-жік ажыратуы әбден қалыпты жай екенін орынды ескертеді. Мә­селе бір халықтың екінші бір ха­лық­тан бөлініп шығуы жөнінде емес, мәселе халықтың бөлінуі жө­нінде болып отырғанын басын аша айтады. Мұндай үдеріс кейін біздің даламызда Ноғайлы дәуі­рінде орын алғаны жақсы бел­гі­лі. Қазақ пен ноғайдың жылап айы­рылысқан оқиғасы «Ел айы­рыл­ған» күйінде өшпес ізін қал­дыр­ды. Байтақ ортақ мұрамыз бар. Ағайындарды тыңдасаңыз, «Тво­рившие ­в период ногайской госу­дарственности ­(15-17 вв.) но­гайские поэты: Сыбра-йырау, Асан Кайгы, Шал-Кийиз Тиленши улы, Досмамбет Азаулы, Казы-Туган Суиниш улы создали бесцен­ные­ литературные произведения» болады да шығады. Олар­дың­ жырларын өзіміз Мәскеуде оқып, көшірмесін жасап алған «Поэзия аула» кітабынан, біз­дің қолымыздағы екі томдық «Антология дагестанской поэзии» жинағынан таба аламыз. Осының бәрі туыстас халықтардың тарихы қандайлық қойындасып жатқанын тағы да таныта түседі. Бұл арада мектеп оқушыларына да белгілі жайды еске салып өтуге тура ке­ле­ді. Ресейдің орталықтанған мем­лекет ретінде 862 жылдан қалып­таса бастағанын, сол жылы новго­род­тықтар елге бас ие болуға сырттан адам шақырғанын жақында ғана шетел журналисіне берген сұхбатында «пригласили на княжение князя Рюрика из Скандинавии, из варягов» деп нақтылап тұрып көрші елдің басшысының өзі айтты. Нестор жылнамасында кел­тірілген ол хаттың «Земля наша велика и обильна, а порядка в ней нет. Приходите княжить и вла­деть нами» деген сөзі тарих ту­ралы кітаптың талайында бі­рі­­нен бірі­не ауысып жатады. Сөйтіп жүріп Киев Русінде басы қо­сыл­ған жұрттың бара-бара великоросстар, малоросстар, бело­рустар күйінде үш халық болып қа­лып­тас­қаны белгілі. Мұндай мысал толып жатыр. Әуелде тарих­ сахнасына парсы­лар күйінде көтерілген ежелгі ха­лық кейін­нен ирандықтар мен тә­жіктерге айнал­ған. Оңайлатып сөйлесек, шииттері иран­дық­тар, сүн­ниттері тәжіктер болып кетті. Екі халық та Рудаки, Фердоуси, Омар Һайям, Сағди, Хафиз, Руми, Жәми сияқты ұлы тұл­ғаларды өз бабаларымыз деп біледі.

Әңгімеде біздің тарихымызға қатыс­ты талай мәселе қозғалған. Ағайын­дары­мыздың қазақ жүздері туралы айтқанына тоқталып өтейік. Жүргізушінің «Рулар бәрімізде бар, ал жүздер тек қазақта бар. Мұның мәні қалай?» деген сұрағына сарапшы Ұлы жүздің, Орта жүздің, Кіші жүздің орналасқан аймағы, кейбір ерекшеліктері туралы толымды жауап қайтара келіп, «Әсілі, қа­зақтар үш жүзге бөлінбейді, қа­зақтар үш жүзден құралады. Бұл айырылысу емес, бұл бірлесу» деп айтқа­нын естігенде әбден-ақ айыз қанады. Қазақ хандығының әскери әлеуеті жөніндегі нақты де­ректері де сүйсінтеді. «Бабыр Қасым ханның заманында қазақтар әб­ден дәуірледі, ірі, салтанатты мемлекетке айналды, 300 мың адамдық жасағы бар еді деп жазады. Бабырдың өзі Үндістан­ға 12 мың адамдық жасақпен аттан­ған. Шайбани 60 мың адаммен бүкіл Орта Азияға әмірін жүр­гізіп тұрған», дейді Г.Бабаяров. Жүр­гізушінің «Бұл қалайша?» деп таң­данған сұрағына «Оларда әрбір от­басы жауынгер шығаратын. Өйт­ке­ні бәрі көшпенді. Әрқайсысы атқа жақсы отыра алады, әрқайсысы бес қаруын белінен тастамайды. Қай кезде де ұрысқа даярлығы күш­ті болған. Сол үшін де керек кезде 300 мың адамдық әскер жа­сақ­тауға шамасы келген» деп жауап қайтарады.

Профессордың «жүз» сөзінің ар­ғы тегі туралы өзіндік тұжыры­мын да пікір тұздығы ретінде ор­таға сала кетейік. Оның айтуынша, «жүз» арабтың «бөлік», «үлес» деген мағына беретін сөзінен шық­қан. Мұны үзілді-кесілді тұжы­рым демейді, «Осындай да пі­кір бар. Өйткені расында да қазақ халқы ежелде үш бөліктен құ­ралған» деумен ғана тоқтайды. Жүзге тарамдалу қажеттігі неден туған? Бұл сұраққа да жауабы дайын. «Өйткені қазақтардың жері кеңейіп кетті, Жетісу жақта тұрып, сонау үш мың шақырымдағы Атырауды, Сібір жақ беттегі өңір­лерді басқару қиынға айнал­ды. Мұндай басқару тәсілі баяғыдан бар. Қарахандарда да, Түрік қа­ғандығында да осылай болған. Сөй­тіп, қазақ билері бас қосып, құ­рылтай өткізіп, батыс жақ беті­міз бір жүз болсын, ортадағы жұр­ты­мыз бір жүз болсын, шығыс бет­кейдегі өңіріміз бір жүз болсын деген тоқтам жасаған. Алып дала­ны жүздерге бөліп басқармаса, басқаша басқару қиын еді. Жүз – әкімшілік бөлініс. Шығыс жақ беттен жау тисе, Ұлы жүз Орта жүзге, Кіші жүзге адам шаптыртады, мұнша қол алып, келіңдер, бір­лесіп тойтарыс берейік дейді. Қазақтардың ауызбіршілігі күшті. Мә­дениеті бірдей, диалектісі жоқ».

Қазақ пен өзбек руларының ортақ­тығынан туыстық тінін табу қисыны да көкейге қонады. Бұл үшін екі халық­тағы ірі-ірі жиырма шақты рудың аттары келтіріледі: «Қаңлы, қыпшақ, қоңырат, найман, жалайыр рулары өзбекте де, қазақта да бар. Бәрі Орталық Азияның ор­тақ қазанында қайнаған. Ал айта­лық, түрікмендерде басқаша. Олар­да оғыздар заманынан келе жат­қан теке, жәуміт, ерсары, шә­уіл­дірлер бар. Ру сұрасу қазір­ге­ дейін Өзбекстанның кейбір жер­лерінде де кездесіп қалады. Са­марқанда, Тасқор­ған­да, басқа да жерлерде, мысалы, наймандар­ көп. Өзбек, қазақ деген тарих сахнасына шықпай тұрғанда, сонау оныншы ғасырдың өзінде Найман ханды­ғы бар еді ғой. Наймандар қарақытай­лар­ға да қысым көрсеткен. Қоңыраттар да көп. Жиырмасыншы ғасырдың бас жағындағы халық санағында 134 мың өзбек қоңыраттары есепке алынған. Қазір олардың саны миллионнан асып кетті. Қоңырат этнографиясы, өнері, бақшылығы, дастаны деп сөйлейміз. «Алпамысты» қоңыраттардың тайпалық дастаны деп санаймыз. Яғни біздің бір да­рақтың бұтақтары екенімізді осы рулар­дың ортақтығы да анық көрсетеді. Тағы бір дәлел кел­тірейін. Қазақтарда аса ірі арғын тайпасы бар. Сол тайпадан шыққан Нұрлан Салтаев деген бір ағамыз, өзі тарихшы болмаса да, өткен за­мандарды жақсы біледі. Кейде әңгіме кезінде әркім тарихты әр жаққа тартқылап жатса, ақиқатын айтып, бірлікке шақырып, жұрт­ты жарасты­рып отырады. Ар­ғындардың Шайбаниден жеңіл­ген­де Бабырмен бірге кетіп қал­ғандары да бар. Ауғанстанда би­лік құрған арғындар көп. Олар өз­дерін өзбек те, қазақ та демейді, түркі арғындармыз дейді. Қазір кезінде Үндістанға өткен арғын­дар Кашмирде тұрады, тіпті Тибетте де бар. Негізінде хинд тілінде сөй­легенімен, түркі тілін де сақтап қалған. Соларды біздің тарихшылар барып зерттесе жөн». Ғалымның Кіші жүздегі рулардың талайы өзбекте де бар екенін, мысалы, жетіруға кіретін кердері, керейіт, жағалбайлы, табын, тама, телеу, рамадан руларының өздерінде де дәл сол атымен аталатынын айта­тыны да әсерлі. Білу бар да, бөлу жоқ. Бәрі бір өзбек. Біртұтас ұлт. Ру демекші, Г.Бабаяров қазақтардың өз руының ішін­де қыз алысып, қыз беріспейтініне де назар аударып, ағайын арасында қан араластырмайтынын аса тәнтілікпен әңгіме еткенін де қоса кетейік. «Мысалы, Алматыға оқуға барған руы шөме­кей қызына анасы: «Сен ол жақта жүр­генде шөмекей жігітпен көңіл қо­сып қалма» деп қатты ес­кер­теді. Қызы соны ескереді. Осын­дай қасиет белгілі бір руларға ғана емес, бүкіл ұлтқа тән болып келеді». Әрине, сырт көзбен қа­рағаннан кейін аға­йындарымыз асығыстау тұжырымдарға да орын беріп қалады. Айталық, «Екі миллион найман бір-бірімен қыз алыспайды» дейді. Бұл арада тайпа мен ру ұғымын ұластырып жіберу байқалады. Оның үстіне ірі рулардың көбейіп, кең қанат жайып кететіні, соған байланысты белгілі бір атаға дейін олардың арасында қыз алысып, қыз берісу кездесетіні белгілі. Бірақ, бәрібір, өзбек ағайындардың қазақтың ет жақын жандармен қан араластырмайтын дәстүрін құрметтейтіні осы әңгімеден келісті көрініп тұр.

Әңгіме барысында біздің көңі­лімізді толқытқан тағы бір жай – қазақ дала­сын­дағы алапат ашар­шылықтың ағайы­ндық жан ашуымен айтылуы. «Кеңес дәуірін­дегі ашаршылық кезінде қазақтардың жартысы қырылып кетті. Нағыз геноцид десе болады. Үш миллион адам өлген», дейді Г.Бабаяров. Алихан Тураноғлы «Түркістан қайғысы» атты кітапта: «Шы­ғыс Түр­кістанға, Құлжа жаққа бара жат­­қанымда, Шымкент, Тараз, Мерк­і жолы­ның екі бетінде өліп жат­қан қазақ балаларын көп көр­дім» деген екен. «Бізде де сол кезде қиыншылық болды, бірақ қанша дегенмен, жер емген халықпыз ғой, оны-мұны талшық қылып, амалдап аман қалғанбыз. Ал қазақтардың қо­лынан малын алып қойғаннан кейін, жылқылары қырылған соң сон­дай бір сұмдықты бастан кешті».

Сұхбаттасушылардың біздің халқымыз сан түрлі себептермен біраз жерінен айрылып қал­ды деген әңгімесін ағайын­ның жанашырлығы деп қараумен шек­теле­йік. Г.Бабаяров Қорған, Қосағаш, Омбы, Түмен сияқты жерлер Ресейге өтіп кетті деп санайды. Астраханды, Орынборды еске салып, Орынбордың жиыр­масыншы ғасыр­дың басында қазаққа астана болғанын да айтады. «Қазір Қазақстанның солтүстігі орыстың жері еді деп сөйлейтіндер де табылып қалады. Бұл атымен жалған сөз. Тынымсыз насихат тал­май жүре бергеннен кейін кей­біреулер оны жаны бар сөз деп те ойлауы мүмкін. Мұның бәрі тарихты оқымағандықтан. Жалпы, түбі бір түркілер үшін атамекен бол­ған жердің шетін біреулер даулап жатса, әрине, біз, яғни өзбектер де ашынамыз».

Әңгіме барысында «қазақ» этно­нимі­нің шығу тегіне байла­нысты болжам да ортаға салынған. Бабырдың қолдағы би­ліктен айы­рыл­ған, бірақ әлі Үндістан асып кете қоймаған кезін «қазақлық дәуір» деп атағанын, дәл сол сөзді Хұса­йын Байқараның «қазақлық­та жүру» деп қолданғанын тілге тиек ете келіп, «қа­зақ» сөзі «ер­кін, көшпелі, ешкімге мойын­сын­баушы» деген мағына беретінін айтады да, «өзбек» этнонимінің тегін «өзі бек», яғни өзіне өзі бек адам деген мағы­наға ұластырады, сөйтіп, о бастан тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған қос ха­лықтың атауынан да ұқсастық, туыстық табады. Бұл арасының анық-қанығын тарихшы, тілші мамандар ажырата жатар, бірақ туысқандарды тұтастыруға көмектесетін мұндай тұжырымдардың артық болмайтыны талассыз. Әйтпесе, «өзбек» атауы Алтын Орда ханы Өзбекпен байланысты деген пікір ғылымда берік орныққаны мәлім.

Сұхбатқа қатысушылардың ағайын­дас халыққа деген ақеділ кө­ңілі кім-кімді де разы етпей қой­майды. Таза ғы­лыми тұрғыдан, биік талаптармен қара­ғанда кей тұ­сында көңіл қоңылтақсып қала­­тынын, әңгімеде көбіне бесе­неден белгілі жайлардың қайта­ла­натынын өзі­ңіз де көріп отырсыз. Солай екен деп, осындай бейнематериалдарға шекеден қарау­дың жөні бар ма? Жөні жоқ. «Өз­бек халқында да қазақтың рулары сияқты рулар бар екенін енді біліп отырмын» деген сияқты пікір жазатындарды кітап тұрмақ, газет оқу азайып тұрған қазіргідей заманда бұрынғыдай бірың­ғай жаз­ғырудың жөні бар ма? Жөні жоқ. Жалпы, насихат та, үгіт те ғалымдарға арналмайды, ең алдымен орташа деңгейдегі оқырманға, көрерменге, тыңдарманға арналады. «Очерки по истории и нумизматике Западно-Тюркского каганата» сияқты іргелі зерттеудің авторы ретінде танымал маман, тарих ғылымдарының докторы Гайбулла Бабаяровтың әлеуметтік желінің ерекшелігін ескеруі, күрделі мәсе­лелер­ді қарапайым, жатық тілмен, барынша ұғынықты мысалдармен түсіндіруі өте орынды. Бұл тұрғыдан біз сөз етіп отырған мате­риалдың діттеген жеріне жеткені дау­сыз. Интернет жүйесі арқылы қазір кеңі­нен тарап жатқан бейнематериал желіге салынған 24 ақ­пан­нан бергі алғашқы сегіз күннің ішінде, яғни 3 наурызға дейін 92 мың рет қаралғаны, оған 1200-ден астам пікір жазылғаны – осы ойымыздың даусыз дәлелі.

Мақаланың осы тұсына тақа­лып, ойымызды түйіндегелі жат­қан­да, 1 наурызда – Алғыс айту кү­нінде, дәл сол ютубтан тағы бір бей­несұхбатты тыңдап-көріп қалдық.

Бұл жолғы материал негізінен Бауыр­жан Момышұлына арналыпты. «Негі­зінен» дейтініміз – бір жарым сағат­тық әңгіме бас­тан-аяқ Бауыржан Момыш­ұлы­ның батырлығын баян етпейді. Сұх­баттасушылар Екінші дүниежү­зілік со­ғыстың бастапқы сипаты, Мәскеу түбіндегі жеңістен кейін майданда қалыптасқан ахуал туралы да мол мәлімет береді. Ол жағына тоқталып жатпай-ақ қоя­лық. Біздің айтпағымыз – өз­бек бауырларымыздың қазақ хал­қы­ның ұлы баһадүріне көрсеткен құр­метінің қадір-қасиеті, мән-маңызы.

Бағдарламаға қойылған тақы­рып – «Өзбек ағайын Бауыржан Момышұлы мен ҰОС туралы шын­дықты айтты». «Бу тең­сиз қахрамон одам» – салған беттен Бауыр­жан жайында осылай деген сарапшы өз ойын нақты дәле­лдей­ді. Әсіресе Баукең­нің Мәс­кеу түбіндегі ерлігінің мән-ма­ңызы айшықты ашыл­ған. Не­містердің қала іргесіндегі жиыр­ма шақты шақырым­дық жерге келіп, Кремль мұнарала­рын дүр­бімен көріп тұрғанын, сол кезде Пан­филов дивизиясы құрамын­да Бауыржан басқарған полктың 27 рет шайқасқа түскенін тәптіштеп әң­гімелейді. Әсіресе Волоколамск түбінде Матрёнино селосы үшін болған үш күнгі шайқастан кейін қоршауда қалып, сол қоршауды бұзып шы­ғып қана қоймай, дұшпанға қайта-қайта ойсырата соққы жасағанын айыз қандыра айтады. Сұхбаттасушылар 1942 жыл­дың басында Мәскеуді қор­ғаудағы ерлігі үшін Бауыржан Момышұлының Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылға­нын, бірақ ол атақ Баукеңе берілмегенін әңгімелей келіп, ол даңқ 28 гвар­дия­шы-панфиловшылардың үле­сіне жазылды деп санайтынын жет­кізеді. «Жиырма сегіз адамның немістің 18 танкісін жандырып жі­бергені жөніндегі аңыз – абсурд», дейді тарихшы. «Егер кеңес және орыс тарихшыларының аздаған ар-ожданы болса, Мәскеуді қорғаудың шын қаһарма­ны ретінде біздің бауырымыз Бауыржан Момышұлыны тануы керек еді», деп кесіп айтады. Бұл ара 28 панфиловшы жауынгердің аңызға айналған ерлігінің шындыққа қаншалықты сәйкес келетіні жөнінде соғыс мамандары мен тарихшылар әлі күнге басын аша алмай жүрген дау-дамайды қозғап жататын жер емес, әрине. Бірақ Панфилов ди­визиясының Мәскеуді қорғап қалудағы шешуші рөлінің шын­дығы толық айтылмай келе жатқа­ны айдан анық. Басқасын былай қойғанда, 1941 жылдың күзінде Қазақстанда жасақталған, ұрысқа Мәскеу түбінде кірген дивизияның айналасы бірер айдың ішінде вер­махтың қуаты жөніндегі түсінікті теңселтіп жібергенін, 1939 жылдың қыркүйегінен бері бір елде, бір жерде тоқтау көрмеген фашистер­дің тұмсығын дәл сол тұста тасқа тигізіп, немістердің бетін қайтаруға болады екен, тіпті оларды жеңуге болады екен деген ұғымды алғаш рет санаға сіңіргенін, осы арқылы бүкіл кеңес әскерлерінің бойына ғажайып сенім күші қосылғанын еске салсақ та, сол аса маңызды психологиялық еңсеруді бастап берген дәл Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия екенін айдай әлемге анық айта аламыз. Осының бәрін сондайлық мақтанышпен, сондайлық біліктілікпен әрі әсерлі («Бауыржан біздің де батырымыз!» деп сөйлейді) әңгімелеп отырған ағайындарға қалай сүйсінсек те жарасады. Желіге 1 наурызда са­лынған хабарды алғашқы екі күнде 45 мыңнан астам адам көріп үлгергені, сол кезге дейін 500-ге жуық пікір жазылып қалғаны өзбек бауырларымыздың бұл бағ­дарламасы да өз мақсатын орын­дағанын айғақтайды.

Сонымен, мақалада біз сөз еткен қос сұхбаттан шығатын қорытынды қан­дай? Оны пікір білдірушілердің бірі айтып та қойған сияқты. Былай дейді: «Біз­дің тарихшылар қайда? Қандай да бір мағ­лұ­маттардың бәрі ақпарат құралдарының айнасына айналған осы интернет жүйесінде тарайды. Халық керегінің бәрін осы жерден көріп, оқып-біліп, алып отыр. Біздің тарихшы, әдебиетші ғалымдар осы жерден табылуы керек! Қазір кітап оқитын адамдар аз! Өзбек ағайындар білімділерін көпшілікке шығарып, таныстырып отырады. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе тарихшылар көп мағлұмат берулері керек!». Ойланатын-ақ жай. Ара-арасында айтқан өсекті, атқан кесекті, жатқан тө­секті теріп те кететіні үшін кейбіреулер тіп­ті «өсектор» атандырып жіберген әлеу­меттік желінің әлеумет әлеуе­тін ортақ мақ­сатқа бұру, таным­дық тақырыптағы тол­ғаныстарға, та­рих тағылымымен тәр­биелеуге қыз­мет ететін сұхбаттарға көбі­рек кө­ңіл бөлу, олардың арасындағы ­таң­даулыларына ақпараттық қол­дау жасау, бәлкім, тіпті мемле­кет­тік тапсырыс беру жөнінде қа­рас­­тырат­ын мәселе қордаланып қал­­ған сияқты. Өкінішке қарай, мұндай ұсынысқа «Ендігі жетпе­гені идеологияны әлеуметтік желі арқылы жүргізу еді. Онда кім­дердің отыратыны белгілі ғой» деп қарайтындар табылатынын осы бастан-ақ болжай беруге болады. Бұл орайда біздің кезінде Шыңғыс Айтматовтан алған сұхбатымыз («Егемен Қазақстан», 2003 жыл, 26 сәуір) ойға оралады. Интернет – жаһандану жемісі. Әлемге әйгілі жазушы жаһанданудың басты белгісі прагматизм екенін айта келіп, «Жаһандану жағым­ды нәрсе ме, жағымсыз нәрсе ме деген өнбес даудан осы бастан аулақ болған жөн. Бұл жетіскендіктен келген нәрсе емес. Кез келген құбылыстың жағымды жағы да, жағымсыз жағы да болады. Жақ­тырмаймын деп жиырылып жатып алған­нан өзіңе жамандық жасағаннан басқа ештеңе шықпайды» деген болатын. Сол айтқандай, әлеуметтік желіні жақтырсаңыз да, жақтырмасаңыз да, онымен есептесуге, сонымен бірге өмір сүруге тура келеді. Ең абзалы – оны мемлекет мүддесіне пай­даланудың тетігін табу.

Апта айналмай жатып, ұзын саны бір мыңнан асып кеткен пікірлердің бар­лығында дерлік авторларға шын көңілден разылық білдірілген, өздері үшін беймәлім болып келген жайлардан жан-жақты хабардар еткені үшін ақ алғыс айтылған. «Катта рахмат. Аниқ айтиб, ёшларга бирдам булишига, биродорликка, дустликка ва бир бирига мехр билан карашга муоффақ булдик. Яшанг узбек жигарларим», «Қазоқ бауырларимизни яхши корамиз. Жонилар сог босин. Яшасин Турон. Биродар халқ», «Илик гап инсонни бир бирига якинлаштиради», дейді өзбектер. «Өте керемет, тамаша сұхбат. Біз біргеміз!», «Өте дұрыс айтасыздар! Біз барлығымыз жақын халықтармыз! Елдеріміз тыныш, халықтарымыз аман болсын!», дейді қазақ­тар. Айтқандары келсін!

Иә, ағайындардың екі жақтап жарыса жазып жатқан жүрекжарды разы­лық сөздері тәнті етпей қоймайды. Түп­теп келгенде мұндай әңгімелер бауыр­лас­тығымыздың барған сайын бекемделе түсуіне септесетіні, сол арқылы қазақ-өзбек достығына дем беретіні талассыз. Сөз соңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында бас газетке бер­ген сұхбатына үн қосқан «Тағылым» атты шағын мақаламызда («Egemen Qazaqstan», 2024 жыл, 3 қаңтар) айтылған ойды тағы бір еске салып өткіміз келеді: «Адам­ның күні адаммен болса, халықтың күні халықпен».

Әсіресе, көрші халықпен.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ