Сұхбат • 06 Наурыз, 2024

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Дәстүрлі діннің уызына жарыған ұрпақ жат ағымға төтеп бере алады

310 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

– Ассалаумағалейкум, қа­дір­лі Наурызбай қажы Тағанұлы! Уақыт тауып, сұх­бат беруге ке­ліскеніңізге рахмет. Ең әуелгі сауалымызды қоғамның рухани келбетінен бастасақ. Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Мем­лекет басшысы ұлттың са­пасы мен саламаттылығына айрықша көңіл бөлді. Осы бағ­дарда қоғамның рухани се­німіне және түрлі сын-қатер­ге қатысты бүгінгі өзекті мәсе­ле­лер туралы білгіміз келеді.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Дәстүрлі діннің уызына жарыған ұрпақ жат ағымға төтеп бере алады

– Уағалейкумассалам! «Egemen Qazaqstan» газетінің сұх­бат алуға ықылас танытқанына риза­шылығымды жеткізіп, халықты ағарту жолындағы «Қазақ газеттерінің» алқалы ұжымына береке мен сәттілік тілеймін.

Елдің бас газетінде жыл басында жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты біздің саланы да бейжай қалдырмады. Мемлекет басшысы айтулы елдік алаң – Ұлттық құрылтайды «идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды» деп сипаттады. Алла қаласа, таяуда Атырау қаласында өтетін оның үшінші жиынында да елдің береке-бірлігін арттыратын бірқатар бастама қолға алынады деген сенімдеміз.

Ұлттық құрылтайдың тарихи Атырау өңіріне шақырылуы бекер емес. Мұнда әйгілі Алтын Орда мем­лекетінің, кейінгі Ноғай Ордасы, Қазақ хан­дығының байтағы болған Сарайшық қаласы­ның жұрты тұр. Сонымен қатар биыл – Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл. Бұл жа­йында да Президент сұхбатында айрықша атап өтті. Жошы хан – 250 жылдық тарихы бар Алтын Орда империясының негізін қалаған билеуші. Ол жергілікті қыпшақ халқының ділі мен дініне еркіндік берді. Жошы хан дүниеден өткеннен кейін Бату, Берке ел басқарды. Берке, Өзбек хандардың кезінде Алтын Ордада ислам діні салтанат құрды. Шығыстық стильдегі шаһарлар бой көтерді, мешіт-медреселер мәдениет пен білімнің ошағына айналды.

нг

Қарахан билігінің негізін қалаған Сатұқ Боғыра хан 955 жылы ислам дінін қабылдап, мұсылмандыққа мүмкіндігінше жағдай жасаса, 960 жылы Мұса қағанның тұсында ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Қарахан дәуірінде Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік», Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» секілді қайталанбас туындысы жарық көрсе, Алтын Орда заманында сөз зергерлері Бұрһан әд-Дин Рабғузидің «Қиссәс ул-әнбия», Сәйф Сараидің «Гүлстан бит-түрки», Махмұт Кердерінің «Нәһж әл-фәрәдис», Хұсам Кәтіптің «Жұм-жұма» секілді шығармалары жарияланып, имандылық пен ағартушылық түркі жұртының өзегіне айналды.

Алтын Орда дәуірінде дініміз бен дәстүріміз қайта жаңғырды. Ғасырлар бойы келе жатқан түркілік таным мен ислами пайым үйлесті. Қарахан тұсында қазіргі Орталық Азия елдері діни бағыт-бағдарын айқындап, фиқһта – Әбу Ханифа, ақидада – имам Матуриди жолын берік ұстанды. Дін ғұламалары әлем мен мұсылмандық шығысқа белгілі ірі еңбектерін өмірге әкелді. Берке хан ислам дінін қолдау арқылы Мысырдағы қандастар – мәмлүк-қыпшақтармен саяси-дипломатиялық тығыз байланыс орнатты. Екі елдің бекем қатынасына олардың қаны бір туыс, сенімі бір мұсылман болуы әсер етті. Мәдени байланысының күшті болғаны соншалық, дін ғалымдары Алтын Ордадан Мысырға, Мысырдан Алтын Ордаға еркін қоныс аударып, екі ел арасында алтын көпір болды. Мысыр мұсылмандары фатимидтер кезеңінде шиғалық бағытқа бүйрегі бұрса, мәмлүктер кезінде Ханафи мәзһабын берік ұстанды.

Жошы ұлысы дін мен дәстүр сабақтастығына ерекше мән берді. Шариғатымызда белгілі бір қауымның ғасырлар бойы ұстанып келген әдет-ғұрпы Құран мен хадиске қайшы келмесе, оған тыйым салынбайды. Жошы ұлысында түркілердің ұстанып келген әдет-ғұрпы мансұқталмай, дәріптеле түсті. Бұған жоғарыда аталған «Қиссәс ул-әнбия» шығармасы дәлел болады.

Әр кезеңде қоғамның рухани сеніміне қатысты түрлі мәселе алға шығады. Қазіргі қоғамда да ұлтымыздың тұтастығына, дініміздің беріктігіне, ұлттық салт-санамызға сына қаққысы келетін ел­бұзар, дінбұзар әрекеттерден келетін сын-қатер жоқ емес. Мұндай жағ­дай сонау Алтын Орда, Қазақ хандығы тұсында да болған. Еліміздің іргесін сөгуге бағытталған мұндай қауіппен күресудің төте жолы – дәстүрлі дінді дәріптеу, ағартушылық-ақпараттық насихатты күшейту, бабалар салған сара жолмен жүру. Пре­зидент: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» деген ойының астары өте терең. Мемлекет басшысының Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту туралы ұсынысы дәстүрлі дінімізді дәріптеуге бағытталған игі бастама деп санаймыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі дінімізді дәріптеуге қатысты елеулі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Жыл басында дін қыз­меткерлеріне арналған бағдарлық баяндамамызда 2024 жылды рухани саламызда «Ислам және дәс­түр құндылығы жылы» деп жарияладық. Атаулы жыл­дың алғашқы іс-шарасы Қазақ хандығының қа­сиетті орталығы – Түркістан қаласынан басталды. Алла қаласа, бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасады.

Жуырда «Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты ғылыми ұжымдық кітап шығардық. Мұнда асыл дініміздің Қазақ даласына келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүріндегі діннің алар орны, бабалар ұстанған шариғат парыздары, иман негіздері, мұсылмандық әдеп жоралғылары қамтылды. Ғасырлар сынынан өткен ұлттық, діни құндылықтардың уызына жарыған, санасы мен жүрегіне дәстүрлі иман­дылықты ұялатқан жас буын кез келген жат ағымға төтеп бере алады.

– Қазақстан мүфтияты түрлі жауапты кезеңді жүріп өтті. Сіздер де – қоғамның айнасысыздар. Осы ретте оқырманды көп толғандыратын жайт: діни мамандардың сапасы мен иммунитеті, рухани білім ордаларының бірегейлігі, елшілдігі. Осыны тарата айтсаңыз.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іргетасы – 1943 жылы Өзбекстан астанасы Таш­кентте қаланған Орта Азия және Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы (САДУМ). Біз ол кезде қазият мәртебесінде едік. 1943-1990 жылдары Қазақстан қазиы қызметін Әбдіғаппар қажы Шамсутдин, Сәдуақас қажы Ғылмани, Жақия қажы Бейсенбайұлы, Рәтбек қажы Нысанбайұлы атқарды. 1990 жылы 12 қаңтарда Қазақстан қазияты САДУМ-нан бөлініп, дербес діни басқарма болып құрылды. Тарихи шешімді Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайында бас мүфти болып сайланған Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазірет жариялады.

пн

Бұл кісіден кейін ҚМДБ төрағасы қызметін Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз атқарды. Әр мүфтидің кезінде Діни басқарма қызметін дамытуға бағытталған түрлі жұмыс іске асты. Бүгінде имамдар мен тео­логия мамандарын даярлап жатқан Нұр-Мүбарак университетінде екі факультет бар. Біріншісі – ислам ілімдері факультеті, мұнда исламтану, дінтану, теология мамандары даярланады. Екіншісі – тілдер және гуманитарлық пәндер факультеті, мұнда шетел филологиясы және аударма ісі, гуманитарлық пәндер кафедралары жұмыс істейді. Сонымен қатар осында дінтану, исламтану мамандығы магистрлері әзірленеді. 2012 жылы исламтану, дінтану, шетел филологиясынан PhD бағдарламасы ашылып, дін ғалымдары даярлана бастады. Бұл – Нұр-Мүбарак университетінің жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіндегі ізденісін, ғылыми әлеуетін көрсететін жетістік.

Сондай-ақ ҚМДБ жанында Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институты (Астана), Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты (Алматы), 9 медресе-колледж бен 13 қарилар орталығы бар. Қарилар орталығында 700-ден астам қари тәлім алып жатыр. 45 қайырымдылық мекемесінде 1 200-ден астам бала діни және зайырлы білімді қатар алып келеді. Ас-Сығанақи атындағы Ислам институты жанында Ижаза беру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың мақсаты – қариларымыздың ижаза алу үшін шетел аспай, өз елімізде белгілі қарилардан білім алуына жағдай туғызу. Ижаза дегеніміз – тікелей Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардан бүгінге дейін тізбегі үзілмей келе жатқан ұстаздар дәстүріне сай Құран жаттаған қариға берілетін рұқсатнама. Бұрын ижаза алу үшін қарилар Түркия, Мысыр секілді елдерге барып, кейбірі сол жақтағы түрлі діни ағымның ықпалына түсіп қалатын. Сондықтан өз орталығымызды ашып, танымал шетелдік білікті қариларды алдыртып, ижаза алуға үмітті қариларға мүмкіндік туғыздық.

Медресе-колледждерге келсек, олар – «Астана», «Әбу Ханифа», «Шымкент», «Сарыағаш», «Ақтөбе», «Орал», «Үшқоңыр», «Һибатулла Тарази», «Әбу Бәкір Сыддық» атауын иемденген техникалық және кәсіптік білім беру орындары. Мұнда оқу бағдарламасы – 3 жыл. Медресе-колледждер Оқу-ағарту министрлігі талабына сай орта арнаулы оқу орны мәртебесін алып, заң аясында жұмыс істейді. Түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Ол дипломмен Нұр-Мүбарак университетінің 2-курсына түсе алады. Оқу орындары түлектерінің иманды, тақуа болумен қатар, білімді, зейінді, парасатты, салиқалы, отаншыл, елшіл, мемлекетшіл маман болуына білікті ғалым-ұстаздар ұжымы еңбек сіңіріп келеді. Білім саласындағы мамандарымыздың көбі дін, қоғам, ғылым қайраткерлері, санаткерлері екенін де атап өткен дұрыс. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген бекер емес.

Ал енді оқу бағдарламасының жан-жақтылығына келсек, білім ошақтарында «Алаштану», «Тұлғатану» элективті курстары оқытылады. Бұл болашақ дін мамандарын дәстүр сабақтастығына баулиды.

– Қазір әділеттік пен ашықтық бар саланы қамтып отыр. Бұл бағдарда Мүфтият қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Сұрағыңыз өте орынды. Шынында қажылық, Құрбан айт, Рамазан айы секілді діни іс-шара кезінде ел арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде түрлі пікір жарияланып жатады. Алла қаласа, санаулы күннен кейін қасиетті Рамазан айы келеді. Жыл сайын Ораза қарсаңында пітір садақасы қилы пікір туын­дап, кейбір кісілер қатаң ой айтып қалады. Біздің міндетіміз – түсінбеушілікті болдырмау, халық сенімін арттыру.

Шариғат бойынша зекет, пітір, підия садақалары жағдайы жоқ жандарға, жетім-жесірге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы таусылып, жолда қалған мүсәпірлерге беріледі. Халқымызда бағзы заманнан садақаны мешітке беру үрдісі қалыптасқан. Бұл да – сенім. Мешітке берілген садақа шариғат қағидаларына сай қайырымдылыққа жұмсалады. Соның ішінде пітір садақа мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғыз­басты аналарға тапсырылады. ҚМДБ жанында Қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы жұмыс істейді. Ол мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды. Халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді. Қазір мешітке түсетін садақа Kaspi QR арқылы жүзеге асады. «Зекет және қайырымдылық» қорына берілетін зекет те электронды жүйемен орындалады. Өздеріңізге мәлім, пандемия кезіндегі қасиетті Құрбан айтта құрбандық шалу рәсімін онлайн режімде жүзеге асырдық. Осы бағыттағы қаржы ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Сол секілді Қажылық кезінде де квота (орын) бөлуге қатысты ой-пікір көтеріліп қалады. Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігі жыл сайын қажылық маусымы кезінде Қазақстаннан келуге болатын қажылардың санын айқындап ұсынады. Содан кейін ҚМДБ қажылық маусымында азаматтарға қажылық сапар ұйымдастыруға қабілетті туроператорлар арасында ашық конкурс жариялайды. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылады. Ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуде ҚМДБ-ның «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу туралы» Ережесін басшылыққа ала отырып, үміткерлерге балл жүйесімен баға беріледі.  Мәселен, 2024 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыруға 31 туркомпания үміттеніп құжат тапсырса, соның 17-сі ғана конкурс талабына сәйкес келді. Алла қаласа, осы 17 компания биылғы қажылық сапарын ұйымдастырады.

Өкінішке қарай, өткен жылы біздің конкурс­тан өтпей қалған бір туркомпания ел азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа апарып, ақыр аяғында үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәселе мемлекет деңгейде қаралып, тиісті шаралар қолданып отыр. Осы ретте қажылыққа ниет еткен отандастарымыздың қаперіне «Діни басқарманың арнайы конкурсынан өткен туркомпанияларға ғана сеніңіздер!» дегенді еске салғым келеді. Байқау­дан өткен компаниялар туралы ҚМДБ сайтында, «Мұнара» газетімізде ақпарат, мәлімет бар. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – елі­міздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы. Шариғат қағидаларын жұртшылыққа түсіндіріп, айқындап беру аманатын арқалаған рухани ұйымбыз. Сондықтан мүфтияттың барлық жұмысы әділеттік пен ашықтық қағидатына сай жүргізіледі.

– Дәстүрлі қазақ қоғамында діндар – таза, бі­лік­ті, сауатты, интеллектуал тұлға. Том-том руха­ни қа­зынамыздың елеулі бөлігі діндарлардың маң­­дай терімен жазылған. Осы абыройлы еңбек­тің бүгінгі сабақтастығы жөнінде не айтасыз?

– Дін қызметкерлерінің, имамдар мен ұстаздардың білік­тілігін арттыру – мүфтияттың маңызды міндет­терінің бірі. Себебі біздің қоғамда білікті, парасатты маманның бәсі жоғары. Әрине, имамдар алдымен – діни қызметтерді үйлестіруші. Алайда қоғамның сұранысына сай имамдар мен ұстаздар ағартушы, интеллектуал тұлғаға айналуға тиіс. Біз мұны еліміздің әр өңіріндегі дін қызметкерлерімен кездескенде жиі айтып, талап етіп отырамыз. Қазіргі таңда ҚМДБ саласында 13 ғылым докторы, 200-ден астам магистр қызмет етіп жүр. Діни салада 7 258 қызметкер жұмыс істесе, оның басым бөлігі – кәсіби діни мамандар. Имамдар арнайы аттестаттау­дан өткізіліп тұрады.

впр

Дін қызметкерлері арасында ағартушы­лық­пен, ғылыммен, зерттеушілікпен айналысып келе жатқан имам-ұстаздарымыз да бар. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанның қазиы болған, бір өзі тұтас исламтану орталығының жұмысын атқарған Сәдуақас Ғылманидың өмір жолы мен ғылыми мұрасы – бізге зор өнеге.

Аллаға шүкір, қазіргі дінтанушы ғалым­дарымыздың саны артып келеді. Олар көбі қалың оқырманға кітабы мен дәрістері арқылы таныс. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесіне Шамшәдин Керім, Мұхитдин Исаұлы, Пал­төре Ықтияр, Төрәлі Қыдыр, Мұхан Исахан, Қайрат Құрманбай, Алау Әділбай, Ра­шид Мұхитдин, Арман Қуанышбай, Ер­сін Әміре секілді білікті ғалымдар енген. Сол секілді ҚМДБ қызметкерлері арасында, университет пен институттарымызда, мед­реселерімізде, Сарапшылар мен Ақса­қалдар кеңестері құрамында рухани қазынамызды толықтырып жатқан ғалымдар жеткілікті.

Рухани қазыналарды түгендеп, елге жеткізу мақсатында 2019 жылдан бері ҚМДБ-ның «Muftiyat» баспасы жұмыс істейді. Осы баспадан аз уақыт ішінде 70-ке жуық кітап жарық көрді. «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам», «Сопылық сыры», «Қазақстандағы Ислам тарихы (I том)», «Мәзһабтар тарихы», «Пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдері», «Қазақ тіліндегі діни сөздер мен терминдердің орфографиялық сөздігі», «Ислам әдептерінің энциклопедиясы», т.б еңбектер қалың оқырманға жол тартты. Жақында «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томы жарық көреді. Сонымен қатар «Дін мен дәстүр» (ІІІ) кітабы басылып шығады. Бұл еңбектер – дін мен дәстүрімізді, мұсылмандық мектебімізді насихаттау жолындағы іргелі істер деуге толық негіз бар.

– Қазіргі қазақ қоғамында діни дресс-код туралы әңгіме, пікірталас жиі қоз­ғалады. Мүфтият ұстанымын жеткізсеңіз.

– Асыл дініміз мұсылмандарға тәкаппар­лыққа жетелейтін, сондай-ақ басқалардан ерекшелейтін киім киюге тыйым салған. Сол секілді киім денеге жабысып тұрмауы, мөлдір болмауы және жат діндегілердің киіміне ұқсамауы керек. Мұсылмандар осы шариғат шарттарын қатаң сақтауға тырысады. Қазір діни дресс-кодқа қатысты мәселе толықтай жүйеленді. Имамдардың шапаны біркелкі қалыпқа түсті. Сол секілді облыстардағы бас имамдар, аудан және ауыл имамдары да үстіне біркелкі шапан, басына ақ сәлде киеді. Басқа сәлде салу арабтілді көп елде жоқ, тіпті тақия кимейтін мұсылман халықтары бар. Сәлде кию бастапқы кезде исламның бір негізі болғанымен, кейін белгілі бір халықтардың дәстүрлі киімі ретінде қабылданды. Сәлде, тақия кию – біздің Орталық Азияға тән дәстүрлі ерекшелігіміз. Себебі Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай, мұсылман жалаңбас жүрмегені абзал. Шариғатта «Сәлде – мұсылманды көпқұдайшылдардан ажырататын ерекшелік» деп айтылған. Бұрын сәлдені барлық адам кисе, қазіргі уақытта дін адамдары ғана киеді. Сәлде орау адамның сабырын шыңдайды, сонымен қатар намаздың сүннеті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақ киім киіңдер. Өйткені ол – ең жақсы киім...», – деген. Осы хадиске сай имамдарымыз біркелкі ақ шапан киеді. Қазіргі уақытта ҚМДБ бөлім басшылары мен мамандары ресми жиындарға біркелкі қою көк шапан киіп жүр. Жалпы алғанда, шапанды үнемі үстінен тастамай, оны көпшілікке дәріптеп жүрген жандар болса, ол – дін қызметкерлері.

Ал жұртшылық ішіндегі қара оранып, тұмшаланып жүру, келте балақ, т.б. одағайлау киім дәстүрімізге қалай жат болса, діни басқарма аясындағы құрылымдарға да сондай жат. Сонымен бірге біз әсіре еуропаланған ашық-шашық киім қалпын да көргенсіздік санаймыз. Бәрі де ақылға, парасатқа сәйкес болса дейміз. Бұл мәселеде қоғам жауапкершілігі мен ұлттық киім дизайнын қатар дамытқан абзал.

– Ауыр да болса ақиқат – дін атын жамылушылар көбейді. Бүгінде екінің бірі әлеуметтік желіде «уағызшы» (діни білім-білігі болмаса да)...

– Иә, кейінгі кездері әлеуметтік желіде «уағыз айтатындар» пайда болды. Тіпті араларында бет-жүзін көрсетпей, бүркеніп алған әйелдер де жүр. Олардың мұндай әрекеті қоғам үшін қатерлі. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша ҚМДБ уәкілеттік берген адам ғана ислам дініне қатысты рәсімдер мен уағыз-насихат жұмысын жүргізуге құқылы. Демек имам-ұстаздар ғана уағыз айта алады. Өкінішке қарай, қазір қоғамда имам, ұстаз, молда атын жамылған адамдар жұртшылықты адастырып жүргені де байқалады. ҚМДБ қызмет жүйесінде жұмыс істемейтін, ресми құзыреті жоқ жеке тұлғаларға мешітте уағыз-насихат жүргізуге тыйым салынған. Сондықтан халық әлеуметтік желілердегі «уағыз жүргізушілерден» сақтанғаны дұрыс. Сол секілді дін қызметкерлері арасынан өзі жете білмейтін тақырыпта әдепті сақтамаған бірлі-жарым уағызшы шыққанын жасырмаймыз. Ахмет Ясауи, Бекет ата, т.б. рухани тұлғаларға «сын» айтып, елді ашуландырған жағдай да кездесті.

Алла Тағала Құранда: «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе!» деп ескертсе («Исра» сүресі, 36-аят), ғұлама Жүсіп Баласағұни: «Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен,  Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен» демеп пе еді?

ҚМДБ жанындағы Тәртіптік кеңес уағыз­шылардың мәдениеті мен әдебіне қатысты кешенді іс-шаралар жүргізді. Осыған қатыс­ты республикалық форум өтті. Форумда «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» атты тұ­ғырнама қабылдадық. Аталған тағы­лым­ды құжат дін қызметкерлеріне үлкен жауап­кершілік жүктейді. Шын мәнінде имам – қоғамды тәрбиелеуші тұлға, ағартушы ұстаз. Жалпы, отаншыл, аманатқа адал, адамгер­шілігі мол иманды ұрпақ тәрбиелеуде дін қызметкерлерінің атқарып жүрген еңбегі мол.

– Өткенде мамандар газетімізде дін мен дәс­түр мәселесі туралы біраз ой қозғады. Жал­пы, бүгінгі ЖОО-лардағы дінтану бағ­дар­ламасына Мүфтияттың көзқарасы қалай?

– «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елдік құндылықтар: дін, діл, дәстүр» деген тақырыпта жарияланған дөңгелек үстел ма­териалдарымен таныстым. Шынында, хал­қымызды біріктіретін, жұртты жұмыл­дыратын құндылықтың бірі – дін. Қай заманда болсын қазақ даласында дін елді біріктіруші фактор қызметін атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дінге тыйым салып келген Сталин дінге еркіндік беруге мәжбүр болды. Соның арқасында 1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды.

Бізді жер, тіл, дін, діл, дәстүр секілді ұлттық құндылықтарымыз біріктіреді. Өкінішке қарай, кейбір жат ағым өкілдері дінді елді біріктіретін емес, іргесін сөгетін құралға айналдыруға ұмтылып жатыр. Соның салдарынан қоғамда дінге секеммен қарайтын көзқарас пайда болды. Қарапайым халықтың бұл секемі мен күдігіне дінтанушы мамандар жауап береді. Себебі дін саласы – ғасырлар бойы әбден жүйеленіп, бір арнаға түскен іргелі жүйе. Аллаға шүкір, қазіргі таңда дінтанушы мамандар аз емес. Нұр-Мүбарак университетінен бөлек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті дінтану бағдарламасы бо­йынша мамандар даярлап келеді. Алайда діни рәсімдердің барлығы ислам бағытында өтетіндіктен, ҚМДБ өз қызметінде исламтанушы мамандарға басымдық береді.

– Дінаралық келісім, өзге сенімдегілер­дің ұстанымын сыйлау бізде қай деңгейде?

– Өзге дін өкілдерін құрметтеу – Пай­ғамбарымыздың (оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Ислам діні басқа ұлттар мен діндердің өкілдеріне дұшпандық танытпайды. Керісінше олардың ұстанымына құрметпен қарайды. Құран мен хадис те бізге соны үйретеді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен артық емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда: «...Сендердің бір-біріңнен артық­шылықтарың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі», – деп («Хужурат» сүресі, 13-аят) бұйырса, қасиетті Хадис­тен: «... Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқан­дай артықшылығы жоқ» (Имам Ахмад) дегенді оқимыз. Яғни исламда ұлтшылдық пен нәсілдікке жол жоқ.

Меккеде өткізген он үш жылында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәле­мі­ болсын) басқа сенім иелерімен көркем қа­рым-қатынаста болды. Тіпті пұтқа табыну­шы­лардың өзі оны «Мұхаммед әмин» (сенім­ді Мұхаммед) деп атаған. Алла елші­сінің жолын жалғаған сахабалар да өзге дін өкілдеріне әділ болған. Мәселен, хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) халифа болған кезде мұсылмандар яһудилердің жерін иемденіп, мешіт тұрғызған бір оқи­ға болады. Мұны естіген Омар халифа мешіт­ті бұздырып, жерді иесіне қайтарған. Сондықтан мұсылмандар хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй ба­уырым деп» деген ұсынымына сай өмір сүріп, жан баласына әділетсіздік, құрметсіздік танытпауға тиіс. Қазіргі уақытта халқымыздың басым бөлігін мұсылмандар құрайды. Қазақстан мұсылмандары христиан, басқа дін өкіл­дерімен бейбітшілікте, ымыраластықта өмір сүріп жатыр. Әрине, қоғамда дінаралық, этносаралық мәселелерді ушықтырғысы келетін мысықтілеу жандардың бар екені белгілі. Алайда олардың мұндай әрекетіне заң аясында тоқтам болуға тиіс.

– Жұртшылықтың тағы жиі қоятын сұрағы – қайтқан кісіні жерлеу, құдайы ас беру, т.б. рәсімдердің қарапайым өтуі мен бірізділігі туралы. Мүфтият осы бағытты жүйелеуде қандай істер атқарды?

– Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сы бұл бағыттар бойынша 2020 жылы «Зират жəне зиярат мəдениеті», «Ас беру мə­дениеті» құжаттарын қабылдады. Осы құ­жаттарға сәйкес, бас имамдар тарапынан өңір­лерде зираттарды бірізге түсіру, ас беруді рет­ке келтіру бойынша ұдайы түсіндіру, ақ­па­раттық-насихат жұмыстары жүргізіліп ке­леді. «Зират жəне зиярат мəдениеті» құ­жа­тында зират көтерудің үкімдері, мәде­ниеті, тең­дік ұстанымы, құлпытас қою мәде­ниеті, зират, кесене тұрғызуға қатысты ережелер ұғынықты түрде көрсетілген. Мәселен, құл­­пытас қою мәдениеті бойынша, қабірге биік­тігі 1 метр, ал ені 50 сантиметрден аспайтын құл­пытас қою; құлпытасқа марқұмның толық аты-жөнін, туған және қайтыс болған күн­де­рін жазу; құлпытасқа марқұмның суре­тін салмау; құлпытастың қымбат, бағалы бол­­мауы; құл­пытасқа Құран аяттары мен сү­ре­лерді жаз­бау секілді талаптар қойылған. Қа­зір­гі уақытта ҚМДБ жанындағы «Қамқор-ша­ра­пат» мекемесі «Зират жəне зиярат мəде­ниеті» құжатын басшылыққа ала отырып, ел аума­ғында бірыңғай зират көтеруді қолға алды.

Сол секілді «Ас беру мәдениеті» құ­жатын­да құдайы ас берудің діндегі орны мен ша­риғатқа сай әдеп-мәдениеті толық қамтылған. Қазіргі уақытта осы құжат негізінде еліміздің діни ас рәсімдері бірізге түсіп келеді. Әсіресе облыстық, қалалық мешіттерге қарасты асханаларда құдайы-ас мәзірі бекітіліп, ысырапқа, аста-төк дастарқанға жол берілмейді. Алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасады.

Сөзімді қорытындылай келе айтарым: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды біріктіретін жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, іспен жүзеге асыру жұмыстарын аянбай жүргізе береді. Бұл ретте Мемлекет басшысы айтқан: «Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар» деген елдік ұстаным – біз үшін де темірқазық.

Жалпыұлттық береке-бірлікті орнықтыру, еңбек пен әділеттілікті баянды ету жолында Жаратқан Ие ниетімізді де, жолымызды да, ісімізді де оңғарсын!

 

Сұхбаттасқан –

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ