Шаруашылық • 06 Наурыз, 2024

Аквамәдениет: Балық өсіру де сауаттылықты талап етеді

353 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта елімізде аквамәдениетті қалыптастыруға айрықша назар аударылып отыр. Бұл өз кезегінде балық өсіруге бел буған азаматтардың кәсібіне сауаттылықпен қарауына мүмкіндік туғызатыны анық. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында ашылған аквамәдениет ғылыми зерттеу орталығы шаруалардың өз ісіне ұқыптылықпен қарауына зор ықпал етіп отырғаны даусыз.

Аквамәдениет: Балық өсіру де сауаттылықты талап етеді

Жеті жыл бұрын PhD дәрежесін алған Венера Арыстанғалиева аквамәдениет ғылыми зерттеу орталығының директоры ретінде өңірдегі балық өсіруші азамат­тардың жұмысын жүйе­лендіруге айтар­лықтай септігін тигізіп жүр.

«Елімізде аквамәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Алайда балық өсіру ісіне ден қойған азаматтардың жұмысында олқылық аз емес. Олар су айдыны болса жеткілікті деген ойдың құшағында жүр. Сондықтан шаруашылық басшылары саланың ма­ңыздылығына мән бермейді. Азаматтар өз ісіне сауаттылықпен қарамағандықтан, қиындық туып жатады. Фермерлер бірінші кезекте балық өсіруге арналған жерді заң тұрғысынан дұрыс рәсімдеуді меңгергені жөн. Өкінішке қарай, иелігіндегі жерді мақсатты түрде балық шаруашылығы үшін өзгерту мәселесін олар дұрыс біл­мейді. Ал жас фермерлер үшін балық өсіру саласы бойынша арнайы білім мен кәсіби біліктілік керек екенін көріп отырмыз», дейді В.Арыстанғалиева.

пол

Маманның айтуынша, ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері өңірдегі бекі­тілген 100 суайдынының барлығында биологиялық зерттеу жұмыстарын жыл сайын тұрақты жүргізеді. Бұл өз кезегінде балық өсірушілердің жұмысын жүйелей түсуге айтарлықтай ықпал етеді.

«Айдындарда таңдалған балық түрін өсіруге арналған суға гидрохимиялық зерттеу жүргізудің маңызы зор. Біз шекті деңгейде рұқсат етілген концентрацияларды анықтау, суайдынын реттеу бойын­ша шаруаларға ұдайы кеңес береміз. Табиғи суайдынындағы балықтардың табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етілуін нақтылаймыз. Осы тұрғыдан алғанда шаруалар бұл іске асқан жауапкершілікпен қарағаны жөн деп есептеймін», дейді ол.

В.Арыстанғалиеваның айтуынша, аквамәдениет саласын өркендетуге мүм­кіндік мол. Билік тарапынан балық өсіру саласына арнайы субсидия қарас­тырылған. Бұл өз кезегінде жұмыстың алға жылжуы­на, фермерлердің осы іске зор ынтамен кірісуіне ықпал етеді. Ма­мандар балық шаруашылығының ел экономикасын кө­теруге айтарлықтай үлес қосатынын айтады.

«Жұмыс барысымен шет мемлекеттерге жиі баруға тура келеді. Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасындағы әріптес­терімізбен тығыз байланыс орнатқанбыз. Жұмыс сапары кезінде ондағы аквамә­дениеттің өте жақсы дамығандығын бай­­қаймыз. Бұған себеп, осы саладағы кә­сіби маман­дардың жеткілікті болуы дер едім. Тәжірибе көрсеткендей, онда­ғы кадрлардың біліктілігі жоғары. Біздің елдегі аквамәдениетті дамытудағы ар­тық­шылық ретінде жердің кеңдігі мен суайдындарының көптігін айтар едім. Басты кемшілік – аквамәдениет сала­сындағы кадр тапшылығы, тәжі­рибелік алаңдардың жоқтығы. Елі­мізде балық шаруашылығына деген қызы­ғушылық бар екеніне талас жоқ. Әсіресе жастар осы саланы меңгеріп, кәсі­бін дөңгелетуге бел буып отыр. Сон­дықтан білікті кадр даярлау, өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасу, балық өсірушілердің білімі мен тәжірибесін шыңдау қажет екеніне күмән жоқ», дейді ғалым.

Расында, балық өнімдері арқылы экономикаға айтарлықтай табыс түсіріп жатқан мемлекеттер аз емес. Елімізде қырыққа жуық алыс-жақын шет мемлекетке балық экспорттайды. Экспортқа шығарылатын балықты еселеу үшін бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жұ­мыс атқарылып жатыр. Әйткенмен, шаруа­лар бұл іске сауаттылықпен келгені жөн. Ол үшін В.Арыстанғалиева айтқандай, сауатты мамандар көп болса дейсің.

 

Жамбыл облысы