Қоғам • 06 Наурыз, 2024

Бишімбаевты ақтау үшін 1 млн доллар жұмсалғаны рас па?

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, ел азаматтарын дүр сілкіндірген резонансты іс төңірегінде шыққан ақпараттар жайлы пікір білдіріп, қоғамды алаңдатып жатқан сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бишімбаевты ақтау үшін 1 млн доллар жұмсалғаны рас па?

Фото: Қуандық Бишімбаев/Уәлихан Бишімбаев

Жақында Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары YouTube платформасында тікелей эфирге шығып, күдікті қылмыс жасағанын мойындамай отырғанын жеткізген еді. Одан бөлек адвокат Назкен Құсайынова Салтанаттың денесінде ауыр жарақат іздері болмағанын айтып, Бишімбаев әйелінің қазасына байланысты қайғырып отырғанын алға тартты. 

Адвокаттардың мәлімдемесіне наразылық білдірген марқұмның туыстары мен ел азаматтарын толғандырған сұрақтар жауапсыз қалды. Қоғамда «Бишімбаевты ақтау науқаны» жүріп жатқаны рас па? Күдіктінің адвокаттарынан сұхбат алған журналистерге, желіде пікір қалдырған саясаткерлерге, блогерлерге ақша төленді ме? Бишімбаевтар отбасы баласын ақтап алғысы келе ме?

Осы орайда Nege.kz сайтына сұхбат берген Уәлихан Бишімбаев мұның бәрі қоғам санасын манипуляциялау үшін жасалып жатқанын айтты. Оның айтуынша, баласына қатысты қозғалған қылмыстық іс сотта әділ қаралуы керек, яғни бәрі заңды болуы керек.

Ел арасында «Гүлжан Ерғалиеваға (Elmedia) Қуандық Бишімбаевтың адвокаттарымен жүргізген сұхбаты үшін 10 млн теңге берілген», сондай-ақ Е.Ертісбаевқа 100 млн, блогер Гүлбану Әбеноваға 10 пост үшін 15 млн теңге төленген» деген сыбыс желдей есіп жүр. Тіпті кейбіреулер «Бишімбаевтар отбасы бұл науқанға 1 млн доллар жұмсаған» дейді. Уәлихан Бишімбаев бұл ақпараттарды теріске шығарды. 

«Кім не айтса да, өз еркі. Оның бәрі жалған әңгіме. Екіншіден, бұл миға кірмейтін фейк ақпарат. Тіпті, осыны айтып жүргендерді сотқа беруге болады. Кім дұрыс айтады, кім бұрыс айтады, оны Алла біліп отыр. Қайтсе де, бізге күйе жағушылардың шығарып алғаны. Мұның бәрі – провокация», деді Бишімбаевтың әкесі.

Ал адвокаттардың мәлімдемесіне қатысты тілшінің сұрағына: «Ұсыныс түссе, кімге сұхбат береді, өздері біледі. Олар да өз жұмысын істейді ғой», деп қысқа қайырды.

Сөз соңында Уәлихан Бишімбаев біреулерді сатып алатындай мүмкіндігі жоқтығын тілге тиек етіп, халық арасында жүргізіліп жатқан ақпараттық науқанға әулетінің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. 

«Балам – жас бала емес. 40-тан асқан азамат. Әрине, бәрімізге қиын, қатты соққы болды. Сыртымыздан әртүрлі нәрсе айтып жатыр. Әлі күнге дейін ес жия алмай жүрміз. Ең бірінші – келінімізден айырылдық. Біз де қайғырып отырмыз. Келініміз өмірден өтті, баламыз мынандай жағдайға тап болды. Жағдайымыз мәз емес. Екі жаққа да заң ортақ. Бәрі заң шеңберінде әділетті қаралуы керек», деп түйіндеді Уәлихан Бишімбаев.