Фото: qaz-media.kz
Заң жобасы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында әзірленді.
Қазіргі уақытта ел азаматтарының 8,5 млн-ға жуығы қарыз төлеп отыр. Оның ішінде 1,6 млн-ға жуық азамат қарызға белшеден батып, несиесін уақытында өтей алмай жүр. Несиені төлеу мерзімі 90 күннен кешіккен қарыздың жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңгеге жетті.
Аталған заң жобасында банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан әлі өтелмеген тұтынушылық несиелер бойынша 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға сыйақы есептеуге тыйым салу көзделіп отыр. Сондай-ақ несие өтемеген мерзімі 90 күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салынуы мүмкін. Десе де бұл норма жеке тұлғаның қарызын өтеу үшін банктен берілетін қарызға қолданылмайды.
Сонымен қатар, құжатқа қарыз алушының несие бойынша ай сайынғы төлемінің ресми табысының жартысынан аспауы туралы талап енгізілген. Бұл талапты банктер мен микроқаржы ұйымдары сақтауға міндеттеледі. Заң қабылданған жағдайда тұтынушылық кредит ұғымы енгізіліп, нормативтік деңгейде оның ең жоғары мәні шектеледі (банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржы ұйымдары үшін – 2 млн теңге).