Қазақстан Республикасының Үкіметі 1996 жылғы 17 маусымда осы су қоймасына қатысты №740 қаулы қабылдайды. Мұнда былай деп көрсетілген.
«Жезқазған аймағында су ресурстарын басқаруды, су балансын есепке алу мен бөлудi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
- Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң, Жезқазған облысы әкiмiнiң және Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп және сауда министрлiгiнiң Кеңгiр су қоймасын «Жезқазғантүстiмет» акционерлiк қоғамының құрамынан Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң қарамағына беру жөнiндегi ұсынысы қабылдансын.
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi белгiлеген заң тәртiбiмен Кеңгiр су қоймасы мен гидротехникалық кешенiн Жезқазған облыстық су ресурстары жөнiндегi комитетiне беретiн болсын».
Сондай-ақ дәл сол жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлікті басқару комитетінің 9 шілдеде №471 қаулысы шығады. Онда Кеңгір су қоймасы Жезқазған облыстық су ресурстары комитетіне берілсін делінген.
Алайда бұл қаулылар қабылданған соң, арада жыл толмай жатып, 1997 жылғы 3 мамырда Жезқазған облысы таратылды. Сөйтіп, Үкіметтің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлікті басқару комитетінің қаулылары қағаз күйінде қалды.
Қазіргі таңда бұл су қойманың тостағы кімге тиесілі? Су ресурстары және ирригация министрлігі Кеңгір су қоймасының иесі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС деп біледі. Мәжіліс депутаты Е.Сатыбалдиннің Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовке жолдаған Кеңгір су қоймасының мәртебесі туралы (меншік иесі кім, оның эксплуатациялық (пайдалану) құқығы, мерзімі т.б.) сауалына орай қайтарылған жауапта: «Су қоймасының иесі – «Kazakhmys Distribution» ЖШС» деп тайға таңба басқандай жазулы тұр. Сондай-ақ депутаттың «Су қоймасындағы шөгінді тұнбаның көлемі, яғни түбінің лайлануы және су қоймасының батпақтануы, осының әсерінен жоғалған су көлемі» туралы сұрағына да министрлік «бұл сауалға қатысты ақпаратты Кеңгір су қоймасының иесі – «Kazakmys Distribution»ЖШС-нан нақтылау қажет» деп жауап қайтарып, су қоймасының иесін нақтылап көрсеткен.
2016 жылғы 11 мамырда «Жезқазған қаласы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Kazakhmys Distribution» ЖШС арасында жер телімін 2025 жылғы 16 тамызға дейін жалға беру-алу туралы Шарт жасалып, «Kazakhmys Distribution» ЖШС 158900 шаршы метр жер үшін жылына 1094503 теңге төлеуге міндеттенеді. Шарттың мақсаты «Кеңгір су торабын пайдалану және қызмет көрсету» деп көрсетілген. 1996 жылғы 17 маусымда қабылдаған Үкімет Қаулысындағы «Кеңгiр су қоймасын «Жезқазғантүстiмет» акционерлiк қоғамының құрамынан Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң қарамағына беру» деген сөз назар аударуды қажет етеді. Демек сол уақытта су қоймасы «Жезқазғантүстiмет» акционерлiк қоғамына қарап келгені көрініп тұр. Әйтпесе, бұлай жазыла ма? Ал «Жезқазғантүстімет» АҚ жекешелендіру нәтижесінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ына айналғаны тағы белгілі. «Kazakhmys Distribution» ЖШС – қазіргі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің бір бөлшегі. Міне, осылайша індете іздеткенде Кеңгір су қоймасының кімге тиесілі екендігі анықталады да шығады. Сондықтан, Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су қоймасының иесі – «Kazakhmys Distribution» ЖШС» деп көрсетуі орынды-ақ. Бірақ «Kazakhmys Distribution» ЖШС-ның өзін меншік иесі емеспін дейтіні қалай?
«Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат байлығын пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Қ.Имантүсіпов: «Кеңгірдің тостағын тазаламаса, яғни гидрологиялық талаптарға сай жұмыстар атқарылмаса онсыз да сапасы нашар суымыз мүлде жарамсыз болып қалуы мүмкін. Су құрамының сапасы 5 класспен анықталса, Кеңгірдің суы соның ішінде 4 классқа жатады. Ал бұл дегеніңіз дабыл қағатын жағдай», дейді. Басқарма басшысының айтуынша, жауапты министрліктер бұл мәселеден хабардар. Тіпті 2023 жылдың 22 тамызында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Скляр Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген кезде көтеріліп, қаралсын деген тапсырмасы хаттамаға енген болатын.
Жезқазған қаласының әкімдігі Кеңгірдің тостағын «иесіз» деп тану үшін сотқа жүгінді. Сот істің ақ-қарасын қарап, кезінде шыққан қаулы ешқандай сот шешімінсіз орындалуы қажет деп, істің нүктесін қойды.
Қазіргі таңда бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Кеңгір су қоймасын республикалық балансқа алып, «Қазсушар» РМК балансы есебіне беру қажеттігін алға тартты басқарма басшысы.
«Kazakhmys Distribution» ЖШС-ның меншік иесі емеспін дейтіні сол тостақты тазалаудан қашқақтау ғана.
«Kazakhmys Distribution» ЖШС жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін жергілікті бюджетке 2022 жылы 11285150 теңге, 2023 жылы 13171463 теңге салық төлеген екен. Міне, осыдан-ақ бұл компанияның суды пайдалану арқылы тым тәуір табыс тауып отырғаны байқалады. Әрине, компанияның қалтасындағы қаражатта шаруамыз шамалы. Пайда тапқан компания су қоймасына тиісті күтім неге жасамайды? Жауап алғымыз келетін сұрақ – осы.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы И.Перетолчиннің 2023 жылғы 01 қарашадағы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Үсеновтің атына жолдаған хатында: «Кеңгір су қоймасы шарасының өзі және су ресурстары мемлекет меншігінде тұр» дегенді неге сүйеніп айтатыны түсініксіз. Ол бұл ретте Үкіметтің 1996 жылғы 17 маусымдағы осы су қоймасына қатысты №740 Қаулысына сілтеме жасайды. Ал бұл Қаулының орындалмаған күйі қалғанын ол не білмейді, не әдейі білгісі келмейді. Сондай-ақ ол «ҚР Су Кодексіне сәйкес су қорының жерлері Қазақстан халқына тиесілі екенін және су қоймасының шарасын (тостағын - авт.) тазарту жұмыстары мемлекеттік қаражат есебінен жүргізілуі мүмкін» екендігін жергілікті биліктің есіне салып, өз тараптарынан тостақты тазалауға қаржы қарастырылмайтынын анық сездіреді. Ол сол сияқты, осы хатта шөгінділердің шектен шығып кеткенін де жоққа шығарады. Егер бәрі И.Перетолчин көрсеткендей қалыпты жағдайда болса, Жезқазған халқы Кеңгірдің суын неге ауыз су ретінде пайдалана алмай отыр?
Ұлытау облысы