Өнер • 06 Наурыз, 2024

Сахнада – «Катарсис»

63 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық тартысы заманалар легімен жаңаша көрініс тауып, адамзатқа абзалдық дәнін сеуіп келеді. Күн сайын астасқан мылтықсыз майданда адамның кемелддіке ұмтылуына, жарыққа қарауына дәнекер болар туындылар баршылық.

Сахнада – «Катарсис»

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайын­да жас ақын Абзал Мақаштың «Катарсис» қойылымы өтті. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» еңбегінің негізінде жазылған сахналық қойылымда адамшылық арналары, жан ішіндегі арпалыс, мінез дерттері, тазару, тәубеге келу сынды іргелі рухани діңгектер қамтылады.

– Оқиға жануарлар қаласының бас судьясы Түлкіжан Алдапсоғаровтың өз қылмысын жасыратын кезінен басталады. Күндердің күнінде жануарлар қаласында қауіпті жұқпалы індет тарап кетеді. Болған нәубетті «құдайдың жазасы» деп қабылдаған біршама діндар қауым зорлық-зомбылықтан тыйылып, құлшылық-ғибадаттарын молайтады. Қасқырлар ораза ұстап, сауысқандар садақа беріп кетеді. Алайда олардың бәрі Түлкіжан Алдапсоғаровтың қала басшысы Арыстан Ақырғанұлының орнын көздеп жүргенінен мүлдем бейхабар, – дейді жас ақын.

Пьесаның қоюшы режиссері – «Жас қаламгер» ұйымының жетекшісі, педагог Нәрия Ақбабақызы. Қойылымды сомдаған балалар арқылы бәсі биік, тынысы кең тақырыптар ақ залдың әр түкпіріне жетті. Шын мәнінде, тек жас емес, ересек адамдардың ақыл-ойына салмақ салатын қордалы туынды айтулы сахналардан насихатталса құба-құп болары даусыз.