Өнер • 10 Наурыз, 2024

Моншақ тізу шебері

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әдемілік әйелге тән. Көктемнің қызғалдағындай құл­пырып кететін қыз-келіншектердің ажарын ашатын алқа, жүзік, сыңғырлы сырғасын жасауда өзіндік өрнегін қалыптастырып, бәсекелестікте бәсі жоғары тұратын қолөнер шебері Меруерт Ермекованың есімі елге таныс. Қолөнер шеберінің «Алтын тас» аталатын брендтік бұйымдары әрдайым сұранысқа ие. Табиғаты көркем Талғар қаласында тұратын Меруерттің көрер көз қызығарлық сәукеледен бастап, білезік, шекелік, өңіржиек, алқа, шашбау сынды әшекей бұйымдары еліміздің әр түкпіріне жөнелтіледі. Қолөнер шеберінің осы жылдар ішінде жасаған жүздеген бұйымдары өз тұтынушыларын тапқан.

Моншақ тізу шебері

Сондай-ақ моншақтан жа­­салған әдемі әшекейлері жыл сайын кітапханалар мен жо­ғары оқу орындарында, мек­тептер мен музейлерде ұйым­дастырылатын қолөнер ше­берлерінің көрмелеріне қаты­сып, көрермен ықыласына бө­ленуде.

«Әйелдердің әшекей бұ­йымдарын жасаумен айна­лысқаныма он жылға жуық­тапты. Саусақ бірікпей – ине ілік­пейді. Шеберқол ана­ла­ры­мыздың игі мұрала­рын ұр­пақтан-ұрпаққа жет­кізу­ді мақ­­сат тұтып келе­мін. Бұрым­ды­­­ларымыз уақыт­ты бекер өт­кізбей, кө­не­нің көзіндей кәсіпті заманауи үлгіде жаңғыртып, жал­ғас­тыруға ниеттенсе неге қуан­басқа?! Көп болмағанмен ара-тұра қызыққан қыздар ке­ліп, тастарды тізіп, мон­шақ, білезік, басқа да бұйым­дар­­ды жасаудың жолдарын үйренуде. Мұдай да «үй­рен­генің өзіңе жақсы, істеге­нің маған жақсы» дейтін ана­ла­рымыздың ақылы еске түсе­ді», деп жылы жымиған Меруерт Ермекова жалпы тастардың қасиетіне сенетін ырымшыл халық екенімізді еске салды.

апр

Тастардан түзілетін тәс­пі, білезік, тұмарға сұра­ныс артқанын, әсіресе, ем­дік қасиетке ие нефрит, шун­гит, кәріптас, маржан сын­ды тас­тарды жиі пайда­лана­тын­дығын алға тартты.

«Нефриттің түсі жасыл бол­ғандықтан «мұсылман та­сы» деп аталады. Мысалы, кә­ріп­тасты зоб ауруына пай­далы деп есептейді. Ал шун­гитке ер адамдардың қызы­ғушылығы жоғары», дейді өз ісінің шебері.

Моншақ тізуге епті Ме­руерттің мөлдір тастармен ­көм­керілген үкілі сәукелелеріне қызығушылық ба­сым. Нәзік саусақтарына ілін­ген әр тасты жоғары тал­ғам­мен үйлестіре отырып тізіп, бүтін бір бұйым құрап шы­ғаруға аса төзімділік пен еп­тілік қажет. Ал бұл өз ісін айрықша сүйетін қолөнер ше­берінің ең асыл қасиеттері десек асыра айтқандық емес.

Отандық өнімдері жоға­ры бағасын алып қана қой­май, еңбегі ерекше құрмет­ке бө­ленген М.Үсен­бек­қызы өткен жылы респуб­ликалық «Үздік кәсіпкер» бай­қауына қаты­сып, «Үздік кәсіпкер» атанса, жуырда ғана «Үздік іс­кер әйел» төсбелгісін кеу­десі­не жарқырата тақты.

 

Алматы облысы