МЫҢ АЛҒЫС САҒАН,– ДЕЙДІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ САЙРАНБЕК БАРМАҚОВ
Биылғы ұзаққа созылған қатты қысты, боран-шашынның толассыз созылуы салдарынан күре жолдың апталап жабылып қалуын тіпті көнекөз қариялардың өзі жүз жылда бір қайталанатын күрделі құбылыс деп еске алады. Ол аз болғандай күннің күрт жылынуынан Алтайдың бірнеше ауылдарында тасқын су болып, үйлерді қиратып, елу мыңға тарта мал қырылды. Ал жолдардың жағдайы тіпті ауыр. Бұл жайлы Автомобиль жолдары комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры Сайранбек Бармақовтан айтып беруін өтінген едік.
– Сайранбек Солтанбекұлы, ең алдымен қаһарлы қыс жайлы айтып өтсеңіз. Алтайдың алты айға созылатын қысы биыл тіпті жеті айға ұзарып кеткені белгілі. Бұл жалпы облыс халқына сабақ болды. Одан кейін көктемгі су тасқыны кезеңінің өтуі, оған әзірліктің қалай болғаны жайлы айтып берсеңіз?
– Иә, мұндай толассыз жауған қар, қаһарлы қыс кейінгі 40-50 жыл ішінде Абай, Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті, Зырян және тағы басқа аудандарында болмаған оқиға.
Өткен жылдың желтоқсанынан бастап жауған қар, ұйтқып соққан боран жиі-жиі қайталанып тұрды. Қыс бойы біздің диспетчерлік қызметтің мәліметі бойынша, қаңтардан бастап төрт айдың ішінде 68 күн қарлы-боранды, ал 17 күн қақаған қатты аязды болды. Ең соңғы қарлы боран сәуірдің 14-і күні Көкпекті, Тарбағатай және Зайсан аудандарында қайталай соғып, жол қозғалысының уақытша тежелуіне әкеліп соқты. Ылғалға толы ауыр қар тазалау техникалары үшін де көптеген ауыртпалықтар жүктеді.
Бұрынғы жылдар қар көшкіні “Өскемен – Зырян” автожолының 61-66 шақырымында қаңтардың аяғы мен ақпан айларында жүретін болса, биылғы қыста 2009 жылғы желтоқсанның ортасынан бастап наурыздың 20-на дейін 12 рет тосыннан қар көшкіні түсу оқиғалары болды және 3 рет алдын алу үшін әдейілеп көшкін түсірілді.
Жолдарды қысқы қалыпта ұстау үшін “Қазақавтожол” РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалында 122 бірлік техника жөнделіп, дайындалды. Қалың қар мен боранда 70-80 бірлік техника күнделікті жұмыс істеді. Биылғы жыл қыстың өте қатал болуынан қар тазалағыш техника жетіспеді, сол себепті көмекке басқа облыстардан барлығы – 47 бірлік қар тазалағыш техника шақырылды. Оның ішінде Ақмола облысынан – 15 бірлік, Алматы облысынан – 2 бірлік, Павлодар облысынан – 10 бірлік, Қарағанды облысынан – 11 бірлік, Солтүстік Қазақстан облысынан – 1 бірлік және Оңтүстік Қазақстаннан – 5 бірлік техника келді. Сонымен қатар, өз облысымыздың ұжымдарынан – 38 бірлік, Аягөз әскери гарнизонынан – 4 бірлік техника көмекке жетті. Қолдағы бар және көмекке келген техникалар тәулігіне 12-14 сағат қолданыста болды, кей кездерде механизаторларды ауыстырып тәулік бойы жұмыс толассыз ұйымдастырылды.
Жолдарды қарлы боран алмау үшін басқа да қосымша шаралар қолданылды. Қар алатын жол бойына 5350 қума метр қар ұстағыш қашалар қойылды және 81730 қума метр қар орлары жасалды.
Ұдайынан 4-6 күнге созылған боранда елді мекендердің арасында көлік қозғалысы тоқтап қалды, қалай болғанда көлік қарым-қатынасын тоқтатпау үшін механикаландырылған бригадалар ұйымдастырылып, көліктерді бір елді мекеннен екінші елді мекенге алып барып отырдық. “Алматы – Өскемен”, “Омбы – Майқапшағай”, тағы басқа жолдарда осындай жағдайлар жиі болып тұрды.
Қатты аяздарда және түк көрінбейтін борандарда көліктердің жолда қалу оқиғалары жиіледі. Қыстай боранды күндері қар құрсауынан құтқарылған техникалардың жалпы саны мөлшермен 6530 болса, соның ішінде 377 жолаушылар отырған автобустар, 761 жүк тасушы автокөлік пен 5392 жеңіл мәшине болды. Мұндай жағдай жолшылардың жауапкершіліктерін арттыра түсті. Жолда тұрып қалу жағдайы әсіресе “Алматы – Өскемен” автожолында ерекше орын алды. Қар құрсауынан 2869 техника құтқарылса, соның ішінде 180 автобус жолаушыларымен қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Сонымен қатар наурыздың 17 күнінен бастап, Тарбағатай ауданында қатты су тасқынының салдарынан Көкжыра, Жантікей ауылдарын су шайғаннан соң облысымыздың жан-жағынан гуманитарлық көмектер келе бастады. Қатты соққан боран сол жүктерді аталған ауылдарға жеткізуге көп кедергілер жасады, сол себепті гуманитарлық көліктерді және басқа да автокөліктерді колоннаға тізіп Өскеменнен, Семейден және Алматы облысынан Тарбағатай ауданына су шайған ауылдарға дейін, соғып тұрған қарлы боранға қарамастан, колоннаны күндіз-түні тоқтатпастан көздеген елді мекенге жеткізіп отырдық. Мысалы, Семейден 4 мәрте колонна шықса, Өскеменнен 20 рет колонна шықты, соның бәрін бастапқы елді мекеннен шығарып Жантікей, Көкжыра, тағы басқа ауылдарға жеткізілді. Колонналарды шығарып салу жұмысына жол пайдалану учаскелері, көмекке келген техникалар аса жауапкершілікпен қарады, тәулік бойы тоқтамастан жұмыс істеді, өйткені жоғары жауапкершілікті бәрі түсінді. Гуманитарлық жүк тиеген автомәшинелермен қатар басқа да автокөліктер колоннаның ішінде болды. Жалпы саны 25 рет колонна құрылып, 1372 автокөлік мақсатты жерлеріне жеткізілді. Сол техникаларды шығарып салу жұмысына жол бойы орналасқан ДЭУ-лерден қар тазалауға барлық жол техникалары жұмылдырылды. Сын сәтте ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге апат аймақтарын аралап шықты. Бұзылған жолдарды жөндеуге мол қаржы бөлгізді. Атап өту керек, министрліктің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов та ұзақ уақыт бойы облыста болып, зардап шеккендерге нақты көмек көрсетті. Жақында ғана еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов және Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Күтербеков бастаған топ Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында болып, салынып жатқан тұрғын үйлерді көрді. Елбасы Н. Назарбаевтың сәлемін жеткізді, көмектің жалғаса беретінін айтты.
Қақаған аязда, сұрапыл боранда жолдарды қардан тазалауда, күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеп жүрген механизаторлардың еңбегі ересен.
Осындай қыста қажырлы еңбегімен көзге түскен жұмысшыларды атап өтуді дұрыс санадық. Солардың ішінде жол саласында көп жылдан бері істеп келе жатқан, қажырлы еңбегімен көзге түскен механизаторлар мен жол мамандары – ЖПУ-24-те еңбек жолын қарапайым жол жұмысшысынан бастаған, қазір бас жол шебері болып жұмыс істейтін Сіләмбек Есполұлын, ЖПУ-25-те көп жылдан бері қар лақтырғыш техникасының механизаторы Қуаныш Қасымхановты, ЖПУ-26-дан Тұрлыбек Саринді, қалқан орнату учаскесінен Александр Скобликовті, ЖПУ-30-дан Әлімсақ Шобақовты, сондай-ақ К-700 тракторының механизаторы ЖПУ-29-дан Еспол Сіләмбековті және ЖПУ-31-ден байырғы механизатор Виталий Шматовты ерекше атап өту орынды.
Енді көктемгі су тасқыны жайлы, облыста қар мөлшерінің жылдағыдан бес-алты есе көп жаууы етек-жеңді жинауға итермелейді. Жылда көктемгі су тасқынынан қорғау үшін “Қазақавтожол” РМК Шығыс Қазақстан бөлімінде іс-шаралар жасалып, іске асырылды. Бұл шаралар жолдарды, көпірлерді және су өткізгіш құбырларды күйреуден, ақау алудан сақтау үшін жасалады. Осы шараларды орындау ретінде 3420 шақырым жол, 254 көпір және 2639 құбыр көктемгі су тасқынына дайындалды. Сонымен қатар 15 наурызға дейін 15м3 ағаш материалдары, 500м3 кесек тас, 1400м3 қиыршық тас, 40 дана темір-құйматас құбыр буыны және 16000 дана қапшық дайындалды. Жергілікті әр бөлімдерде 14 қауіптік бригада, керекті құрал-саймандармен және техникалармен жабдықталды. Тасқын су кезеңінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Үлкен өзендерден өтетін көпірлерде мұз үйіндісі тұрып қалмауын қамтамасыз ету үшін оларды жарылғыш заттармен ату үшін “Оникс” ЖШС-мен келісім-шарт жасалды.
Облысымыздағы республикалық маңызы бар жолдардың бойында 2010 жылғы тасқын су кезеңінде жол үстінен су жүріп, жол жиегін шаю 85 телімде орын алса, көпірлердің алқымын және құбырлардың кіреберіс, шығаберіс бекітулерін су шаюы 26 жағдайда орын алған. Жол жиегін су шаюы көп жерлерде тез арада 2-3 күн ішінде қайта қалпына келтіріліп отырылды.
Қардың күрт еруі және ұдайынан үш күн жауған жаңбырдың салдарынан Тарбағатай ауданында тасқын су көтерілді. Боғас өзені арнасынан шығып далаға жайылып “Омбы- Майқашағай” халықаралық маңызы бар жолға келіп тірелді. Сол жердегі көпір мен құбыр көп мөлшердегі тасқынды өткізіп үлгермей, су жолдың үстінен көлденең ақты. Осындай жағдай “Зайсан – Қалжыр – Теректі” жолының 57 шақырымында да болды. Елді мекенді су алып кету қауіпі туған кезде жолды көлденең жырып топан суды ағызып жіберуге мәжбүр болдық. Қазір осы жерге айналма жол салынып су жырған жерге қосарланған темір-құйматасты құбыр салу көзделуде.
Жалпы алғанда “Омбы-Майқапшағай” жолында екі көпірдің жағалауын, бір су құбырының және елу үш жол телімінде жиекті су шаю орын алса, ал “Қарағанды – Аягөз – Боғас” жолында 2 көпірдің тіреулерін су шайып, әртүрлі ақаулар орын алды. Қазіргі кезде осы жол бойындағы екі көпірді жөндеуге 500 млн. теңге бөлініп, “СК Зайсан” ЖШС жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Құлаған көпірлерге айналма жол салынды.
Иә, биылғы қыс бәрімізге ұмытылмас сабақ болды, олқылықтардың орнын толтыруға мәжбүрледі.
– Енді өзіңіздің негізгі жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Шығыс Қазақстан облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3420 шақырымды құрайды.
Облыстағы автомобиль жолдарын тиісті қалпына келтіру үшін 2010 жылы республикалық бюджеттен 5 млрд. 859 млн. теңге бөлінді, соның ішінде:
– автомобиль жолдарын қайта жаңартуға – 2 млрд. 886 млн, күрделі жөндеуге – 1 млрд. 148 млн, орта жөндеуге – 656 млн, ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау және көгалдандыруға – 1 млрд. 169 млн. теңге бөлініп отыр. Ал автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға 2 млрд. 886 млн. теңге бөлінді. Бұл аз қаржы емес.
2010 жылы “Таскескен-Бақты (ҚХР)” автомобиль жолының 60-100 шақырымын қайта жаңарту жалғасуда. Бас мердігер – “Желдорстрой” АҚ. Олар биылғы жұмыс жоспары бойынша 1 млрд. 470 млн. теңгені игеріп, 16 шақырым жолды пайдалануға, жылдық қаржыландырудың өзгеруіне байланысты нысан құрылысының аяқталу мерзімі 2011 жылға ауыстырылды.
2011 жылдан бастап аталған жолдың ұзындығы 40 шақырым болатын, 20-60 шақырымдарында қайта жаңарту жұмыстарын бастау жоспарлануда.
2010 жылдан бастап “РФ шекарасы (Омбыға)-Майқапшағай (ҚХР шығу) Павлодар, Семей қалалары арқылы” автомобиль жолында қайта жаңарту жұмыстары басталады. Семей қаласы мен Қалбатау ауылы арасындағы жалпы ұзындығы 78 шақырымды құрайтын 828-870 және 870-906 шақырымдарындағы жол телімдерін қайта жаңарту қолға алынды.
Сонымен қатар, биылғы жылы “Таскескен-Бақты (ҚХР)” автомобиль жолының 133-146 шақырымдарында қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды. Оның ұзындығы 13 шақырым. Бекітілген сметалық құны – 1 млрд. 653 млн. теңге. Жобаның қорытынды құны және бас мердігері ашық конкурс арқылы анықталуда. Жол нысанының құрылыс мерзімі 2010-2011 жылдар. 2010 жылғы құрылыс жұмыстарына 530 млн. теңге бөлінді.
Автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге 1 млрд. 148 млн. теңге бөлінді.
2010 жылы “Өскемен-Семей” автомобиль жолының 66-84 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Бас мердігер – “Гордорстрой” ЖШС. Нысанның толық құны – 1 млрд. 361 млн. теңге. 2009 жылы 291,5 млн. теңге игерілді. Жылдық қаржыландырудың өзгеруіне байланысты нысан құрылысының аяқталу мерзімі 2011 жылға ауыстырылды.
2010 жылғы құрылыс жұмыстарына 355,6 млн. теңге бөлінді және 6 шақырым жол телімін тапсыру жоспарлануда.
“Өскемен – Зырян – Катон-Қарағай – Үлкен-Нарын – Рахман қайнарлары” автомобиль жолының 46-56 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бас мердігер – “Катон-Қарағай ПДУ” ЖШС. Нысанның толық құны – 1 млрд. 400 млн. теңге. 2009 жылы 340,2 млн. теңге игерілді.
2010 жылғы құрылыс жұмыстарына 792,5 млн. теңге бөлініп, жол телімін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарына 656 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Жұмыстардың нақты құны мен жұмыс жүргізетін мердігерлік ұйым ашық конкурстың қорытындысы бойынша тек 4 бағыттағы жолдар бойынша ғана анықталды.
“Өскемен-Зырян-Катонқарағай-Үлкен-Нарын-Рахман қайнарлары” автомобиль жолының 171-191, 246-251 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 25 шақырым. Мердігер ұйым – “Катон-Қарағай ПДУ” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 122,5 млн. теңге.
“РФ шекарасы (Омбыға)-Майқапшағай (ҚХР-ға шығу) Павлодар, Семей қалалары арқылы” автомобиль жолының 1123-1133, 1243-1245, 1258-1272 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 26 шақырым. Мердігер ұйым – “Зайсан құрылыс компаниясы” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 130 млн. теңге.
“Өскемен-Семей” автомобиль жолының 48-66 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 18 шақырым. Мердігер ұйым – “Ремдор” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 70,8 млн. теңге.
“Алматы-Өскемен” автомобиль жолының 899-943 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 44 шақырым, Мердігер ұйым – “Гукас-А фирмасы” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 203,4 млн. теңге.
“Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас” автомобиль жолының 694-704 шақырымдарына (жалпы ұзындығы 10 шақырым) және “Семей-Қайнар” автомобиль жолының 28-44 шақырымдарына (жалпы ұзындығы 16 шақырым) мердігер мекемелер қазіргі уақытта анықталуда.
Жобаларды жүзеге асырудағы қазақстандық өнімдердің үлесі 90%-ды құрайды. Жол-құрылыс материалдарын дайындау жалғасуда. Жол шаруашылықтары битум өнімдерін сатып алуға жеткізіп беруші ұйымдармен, соның ішінде Павлодар, Омбы мұнай өңдеу зауыттарымен келісімге отырды.
Қазіргі уақытта жол шаруашылықтарының қарамағында 23 асфальт-құйматас шығаратын зауыт бар. Зауыттардың барлығы техникалық қызметкерлермен толық жабдықталып, жаңа құрылыс маусымына дайын.
Біздің облыстағы жобаларды жүзеге асыру үшін арналған қазақстандық материалдар 90 пайыздан артады. Материалдарды дайындау жалғасуда. Жол шаруашылықтары битумды жеткізуге әртүрлі жабдықтаушылармен, соның ішінде, Павлодар, Омбы мұнай өндейтін зауыттармен келісім-шарт жасалды.
Жол шаруашылық қарамағында қазіргі уақытта 23 асфальт-құйматас зауыты бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Оңдасын ЕЛУБАЙ, “Егемен Қазақстан”.
ӨСКЕМЕН.