Күрес • 12 Наурыз, 2024

Елде еленбеген Елмұрат

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Түркияның Анталья қаласында аяқталған Яшар Доғу мемориалында Өзбекстанның грек-рим күресі шеберлері 1 күміс пен 1 қола медальді иеленіп, жалпы есепте Қазақстан құрамасының алдын орап кетті. Ал сол команданы Анадолы еліне қазақтың ұлы Елмұрат Тасмұратовтың баптап әкелгенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Елде еленбеген Елмұрат

Елмұрат 1991 жылы Таш­кент облысы, Бостандық ауда­нының Қы­зыл Ту ауылын­да дүниеге келді. Бала кезі­нен күреске қызық­қан оны ата-анасы 13 жа­сында Түркіс­тан­дағы Бекзат Сат­тар­ханов атындағы спорттағы да­рынды балаларға арналған мек­теп-интернатқа оқуға жі­берді. Бірер жыл Елмұрат сол жерде шеберлігін шыңдады. Түр­лі тур­нирлерді ұтып, өзінің мық­тылығын сан мәрте дәлел­дегенімен, жергілікті мамандар оны керек қылмады. Тіпті білікті деген отандық бапкерлердің өзі Елмұраттың келешекте мықты балуанға айналатынын білмеді. Сөйтіп дарынды жасқа республикамыздың бас командасынан орын бұйырмады.

Осыдан кейін Елмұрат Тас­мұратов амалсыз мектеп-интернатты тәмамдағаннан кейін қайта туған жеріне, Өзбекстанға оралды. Бұл – 2010 жыл еді. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, көп ұзамай Е.Тасмұратов Өзбекстанның же­ңіл салмақтағы бас балуанына ай­налды.

Өзінің алғашқы ауыз толтырып айтарлықтай табысына Елмұрат 2012 жылы қол жет­кізді. Оңтүстік Кореяның Куми қаласында өткен Азия чемпио­натында ол күміс медальді мой­нына ілді. Содан кейін Өз­бекстанның туы астында өнер көрсететін қазақ балуанының спорттық мансабында өрлеу ке­зеңі басталды. Тарқатып айт­сақ, 2013 және 2014 жылдары Е.Тасмұратов әлем чемпионатында қолаға қол жеткізсе, 2018 жылы күміспен күптелді. 2013-2020 жылдар аралығында Азияның бес дүркін чемпионы атанды. Қандасымыз аталған жарыстардың финалдық сайыс­тарында Абдулмұхаммад Папи (Иран), Синобу Ота (Жапония), Юн Вон Чхол (Солтүстік Корея), Урматбек Аматов (Қырғызстан) және Сон Джин Соп (Оңтүстік Корея) сынды саңлақтарға сан соқтырды. Тағы бір рет ол күміс медальді иеленді.

Елмұрат Тасмұратов 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарын­да да атой салды. Қола медаль үшін тартыста қырғыз Арсен Ерәлиевті еңсерген ол жеңіс тұ­ғы­рына көтерілді. Дәл сол сәтте көрші кілемде Алмат Кебіс­баев та күрескен еді. Өкінішке қарай, қазақ балуаны норвегиялық Андре Бергке есе жіберіп, бе­сінші орынды қанағат тұтты.

Жалпы, аса ірі халықаралық жарыстарда Елмұрат пен Ал­маттың жолдары жиі қиысты. Кебісбаевтың да есімі қалың көрер­менге жақсы таныс. Ол – әлем чемпионатының бес және Азия ойындарының екі дүр­кін жүлдегері. Сары құр­лықтың басты додасында қазақ балуаны 2 алтын, 3 кү­міс және 2 қола медальді олжала­ды. Қос қан­дасымыздың айқасында бірде Алматтың асығы алшысынан түссе, енді бірде Елмұраттың бақ жұлдызы жанды.

Өзбекстанның атақты балуа­ны 2021 жылы спорттық мансабын аяқтағаны жайында ресми түрде мәлімдеді. Со­дан кейін ол шә­кірт тәр­биелей бастады. Бұл күн­дері Елмұрат Зұлыпқарұлы атал­ған мемлекеттің ұлттық құ­­ра­масының аға жаттық­ты­ру­шысы қызметін атқарып жатыр.