Энергетика • 12 Наурыз, 2024

Электр энергиясы: Салаға стратегия керек

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын талқылау жалғасып жатыр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі алаңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) және электр энергетикасы секторының салалық қауымдастықтарының өкілдері жобадағы энергетика мәселесіне тереңінен үңілді.

Электр энергиясы: Салаға стратегия керек

Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық жоспарда энергетиканы басқару трилеммасы (халықаралық прак­тика бойынша) қарастырылып отыр. Оған мыналар кіреді:

  • Энергия қауіпсіздігі: электр энер­гиясының тапшылығы және энер­гетикалық инфрақұрылымның қат­ты тозуы;
  • Көміртекті бейтараптық: эконо­миканың жоғары энергия сыйым­дылығы және парниктік газ шыға­рын­дылары;
  • Қолжетімділік: шектеулі инвес­тициялық тартымдылық жағдайын­да айтарлықтай қомақты инвес­ти­ция­ға қажеттілік.

«Жобада саладағы қазақстандық қамту мәселелері және энергети­ка­­лық инфрақұрылымның қатты тоз­уы және соның салдарынан элек­тр және жылу қуатының тап­шы­­­лығына байланысты жылдар бойы шешілмеген мәселелерді еске­ру қажет», дейді «Атамекен» ҰКП бас­қарушы директоры Жақып Хайрушев.

Жиынға қатысушылардың айтуын­ша, энергетика саласын қаржыландыру деңгейі төмен бол­ған­дықтан, оның инвестициялық тартым­дылығы да азайған. Сонымен қатар энергетикалық кешенді дамы­тудағы уәкілетті мемлекеттік ор­ган­д­ардың түрлі векторлық саясаты және саланы реттеуде бірыңғай және нақты тәсілдің болмауы да жұ­мысқа кері әсер етіп отыр. Бұл жайт тұтастай алғанда саланы дамы­ту­дың бірыңғай стратегиясы жоқ екенін көрсетеді.

«Атамекен» ҰКП өкілдері бизнес пен нарықтың ұсынысын назарға  ала отырып, бірқатар ескертпе жасады. Мысалы, бүгінде іс жү­зін­де несиелік қаржыландырусыз қалған көмір жылу энергетикасы саласына инвестиция тарту мәселесін күшейту ұсынылады. Эко­номиканың энергетикалық сек­торын жеңілдікпен несиелеу мәселесін пысықтау шеңберінде қаржы институттары арқылы энер­гетика және энергетикалық инфра­құ­рылымды дамыту жобаларын несиелеу қажеттілігі де айтылды. Онда сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушылар үшін жылдық 7%-дан, 20 жылдан аспайтын мерзімде, кә­сіп­о­рынның өз қатысуымен жоба со­масының кемінде 20%-ы бо­йын­ша қаржыландыруды көздеу қарас­ты­рылады.

Тарифтердің өсуін ескере отырып, энергетикадағы инвес­ти­ция­лық жобаларды қараудың объек­тив­тілігіне оң әсер етуі мүмкін на­рық кеңесінің қызметін «жандандыру» қажеттілігі атап өтілді. Тариф бел­гі­леу мәселесі де маңызды, ол да Ұлттық жоспарда қаралуға тиіс.

Әр кәсіпорынның тарифтік смета құрылымы жеке болады. Сон­дықтан тарифтерді қандай да бір бір стандартқа келтіруді көздемей ақ, әділ тарифтерді белгілеу қажет.

«Елімізде азаматтардың кейбір са­наты үшін (аз қамтылғандар, мүм­­кіндігі шектеулі азаматтар, зей­­­неткерлер, т.б.) жаңа тариф­тер ауыр көрінуі мүмкін. Бірақ бүкіл әлемде бұл жүктемені тө­мен­­­детудің басқа тетігі әзірге жоқ. Бюджет арқылы субсидиялау және энер­­гия үнемдеу бойын­ша не­ғұрлым белсенді жұмыс жүр­­гізу және ғимараттар мен үй-жай­лардың энергия тиімділігін арт­тыру сияқты шаралар қажет. Энер­гетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекет үшін маңыз­ды. Өйткені бұл сала елдің эконо­ми­ка­лық тұрақтылығына, ұлттық қа­­уіп­­сіздігіне және жалпы әл-ауқа­­­ты­на тікелей әсер етеді. Энерге­­­тикалық қауіпсіздікке түрлі әдіс­­­­тер және ең алдымен энергия көз­­­­де­рін әртараптандыру шараларын қолдану арқылы қол жет­кі­зі­леді және шешіледі. Эконо­ми­ка­мыз­дың 60%-ға жуығы көмірмен қамтамасыз етілетіні жасырын емес. Сондықтан энергетикалық құ­­рылымды әртарап­тан­дыру ар­қылы біз энергия көзіне тәуел­ді­лікті азайтамыз. 2023 жылғы жолдауында Мемлекет басшысы «жаңартылатын энергетика және ГЭС жобаларын іске асыруды жал­­­ғастыру» қажет екенін айтты. Бұл ретте әрине, атом энергиясын қосар едік. Жаңартпалы энергия көздерін дамыта отырып, энергия­ны жинақтау жүйесін де дамыту қажет. Бұл өте маңызды», дейді Жақып Хайрушев.

Сарапшылардың айтуынша, төмен және әділетсіз тарифтерге байланысты салаға сыртқы инвес­тиция ағыны қысқарып қалды. Бұл жайт біздің қазіргі апаттарға, табиғи апат­тарға, кибершабуылдарға және басқа қауіптерге төзімділікті әлсі­ре­тіп жіберді. Энергетикалық жаб­­дықталуымыз төмен болған­дық­тан көршілерімізбен халықаралық ынтымақтастықты нығайта беруіміз өте маңызды. Бұл, ең алдымен Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдері. Біз олармен қазіргі уа­қытта параллель режімде жұмыс істеп жатырмыз. Атап айқан­да, ын­ты­мақтастықты дамыту, тең се­ріктес болу, трансшекаралық энер­­­гия саудасына қатысу, бірлес­кен инфрақұрылымдық жобалар құру және төтенше жағдайларда бір­ле­сіп әрекет ету маңызды дейді палата өкілдері.

«Энергетикалық қауіпсіздік проб­­лемаларын шешу көпқырлы тәсіл­ді талап етеді. Онда біздің мем­­лекетіміз үшін қазіргі уақытта энер­гетикалық ресурстарымыздың, қолданыстағы инфрақұрылымның, сондай-ақ геосаяси факторлардың болуын ескеретін шаралар болуы керек. Тәуекелдердің тұрақты мо­ни­торингі және оларды ауырт­па­лық­сыз жоюды білу маңызды», деп атап өтті Жақып Хайрушев.

Айта кетейік, қазір елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт бола­тын 144 жаңғырмалы энергия көзі (ЖЭК) нысаны бар. Былтыр қуаты 495,6 МВт болатын тағы 16 ЖЭК нысаны іске қосылды. Станса жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға дейін төмендеген. Жыл басында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін энергетика саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтқан еді. Соның негізінде шамамен қосымша 26 ГВт жаңа қуатты енгізу қарастырылады.

Электр энергетикасы саласын дамыту жоспары сәтті іске асырылса, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құ­ры­лымы мынадай болады:

  • Жаңартылатын энергия көздері – 24,4%;
  • Гидроэлектр стансалары – 10,8%;
  • Газ – 25,8%;
  • Көмір – 34,3%.

Жаңартылатын, баламалы энер­­гияны және газ генерация­сын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір гене­ра­ция­сының үлесі едәуір төмен­дейтін болады. Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20