Ғылым • 13 Наурыз, 2024

Жас ғалымдар кеңесі

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төралқасының бірінші жұмыс отырысы өтті. Жиынға төралқа мүшелері мен Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, белгілі ғалым Дос Сарбасов, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов қатысты. Отырыста Жас ғалымдар кеңесі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына «жас ғалым» мәртебесін енгізуді және отандық ғылымның мәселелерін шешуге бағытталған басқа да нормалар бекітуді ұсынды.

Жас ғалымдар кеңесі

Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты А.Аймағамбетов кеңестің құрылуымен құт­тық­тай келе, қазіргі кезде қарастырылып жат­қан ғылымға қатысты үш бірдей заң жобасы туралы атап өтті.

– Академия жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің алғашқы отырысы ғы­лымға қатысты заң жобаларына берілетін ұсы­ныстарға қатысты екен. Осы тұста қа­зір отандық ғылымды дамытуға қатысты үш бірдей заң жобасы талқыланып жатыр. Соның екеуі Сенат пен Мәжіліс депутаттары­ның бастамасымен әзірленді. Ал үшіншісі – салалық министрлік дайындаған «Ғылым және технологиялық саясат» заң жобасы. Мен осы заң жобаларының алғашқы екеуіне тоқталғым келеді. Бірінші заң жобасында Салық кодексіне кәсіпкерлердің ғылым саласына инвестиция жасау белсенділігін арттыру мен зерттеулердің нәтижелерін өн­­діріске енгізілуін ынталандыру үшін арнайы түзетулер дайындалды. Мұнда зерттеу университеттерінің жанынан ғы­лыми орталықтар ашу және тәжірибелік-кон­с­трукторлық жұмыстарды орындау үшін жұмсалған қаражаттың 100%-ын салықтық шегерімге жатқызу, жеке компания үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар бойынша салық салынатын соммасын 50%-ға төмендету ұсынылды, – деді депутат. А.Аймағамбетовтің айтуынша, екінші заң жобасында ғалымдар үшін жаңа үстемеақы енгізу, шығармашылық демалыс беру, жер қойнауын пайдалану субъектілерінің зерттеулерге 1% қаражатын тиімді бөлу, институттарды тікелей қар­жыландыру мүмкіндігін кеңейту сияқты ма­ңызды нормалар қабылданды. Мұнда заң жобасында Ғылыми-педагогикалық қыз­меткерлер үшін шығармашылық демалыс (Sabbatical) енгізілді. Осы бастама аясында қызметкерлер орташа жалақы көлеміндегі төлемдерді сақтай отырып, бір жылға дейін шығармашылық демалыс алуға өтініш бере алады.

Академия жанынан құрылған Жас ғалым­дар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин дәл сол үшінші, яғни «Ғылым және технология­лық саясат туралы» заңының жобасына өзгерістер немесе толықтырулар бойынша ұсыныстар беруді күн тәртібінің басты мәселесі ретінде атады.

– Жас ғалымдар кеңесі депутаттарға заң жобасына халықаралық ғылыми практика стандарттарына сәйкес келетін «жас ғалым» ұғымын енгізуді ұсынады. Бүгінде бұл ұғым «Ғылым туралы» заңда және басқа да заң­ға тәуелді актілерде анықтаусыз қолданыла­ды. The World Association of Young Scientists халықаралық жас ғалымдар қауымдастығы өз мүшелерінің жасын 40 жаста анықтайды. Осы халықаралық тәжірибеге сүйеніп және жаһандық үрдістерді, отандық тәжірибені ескеріп, жаңа заңда «Жас ғалым – 40 жасқа (қоса алғанда) дейінгі (өмір және денсаулық ғылымдары үшін 44 жасқа дейінгі), PhD дәре­жесін алғаннан кейінгі 10 жылдан аспайтын ғылыми-педагогикалық қызмет өтілі бар, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін алатын (аналар мен жалғызбасты әкелер үшін әрбір балаға 18 айдан аспайтын бала күтімі жөніндегі кезеңді есепке алмағанда) я өзге де танылған баламасы бар жеке тұлға» деген анықтаманы енгізуді ұсынамыз, – деді М.Жабағин.

Кеңес мүшелері ғылымды басқару­­да­ғы мәселелерді шешуге, мемлекеттік ғылы­ми-техникалық сараптама жүргізу мерзімін жылдан-жылға созбау, соның салдарынан ғылыми жобалар мен бағдарламаларды уақтылы қаржыландырмау сияқты мәсе­лелерді шешуге арналған басқа да ұсы­ныс­тарын жеткізді. Сондай-ақ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына Ұлттық ғылым академиясының құзыре­тін 11-тармағымен толықтыру ұсынылды. Бұл норма Мемлекет басшысының Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы­ның қызметіне жас ғалымдарды тарту жө­нін­дегі тапсырмасына сай келеді және жас ғалымдардың бастамаларын іске асыруға мүм­­кіндік береді.