Аймақтар • 15 Наурыз, 2024

Сақтық сақадай сай

87 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктем келгелі қарғын судан келер қауіптің алдын алу мақсатында Алматы облысында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл мақсатта су тасқыны кезеңіне дайындық іс-шаралары жоспары бекітілген.

Сақтық сақадай сай

Мәселен, осы жылдың басынан бері елді мекендерден 3,7 мың текше метр қар шығарылған. Сондай-ақ 244 шақырымды құрайтын арық желілері, 108 шақырым арналар мен автожолдардың астындағы 139 бірлік және теміржолдардың астындағы 7 бірлік су өткізу құбырлары, 65,7 ша­қырым су бұру каналдарының құры­лысы тазартылған. Су тасқыны орын алған жағдайда жалпы саны 1 326 адам, 471 бірлік техника, 126 мотопомпалар, 29 бірлік жүзу құралдары мен 35 460 қапшық қарастырылған, облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күш­тері мен құралдарының топтамасы құрылып, көмек қолын созуға сақадай сай.

Десе де, апат айтып келмейді. Күні бұрын Қонаев қаласына қарас­ты Қосқұдық аулында ауа температу­расының жоғарылауына байланыс­ты төтенше жағдай орын алып, 5 тұр­­ғын үйдің ауласын су басқан. Ауыл­дың солтүстік-батыс бөлігін егіс­тік пен жазық жерлерде еріген қар суы басқаны туралы хабарлама алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу іске кірісіп, қарғын судың одан әрі жайылмауына тосқауыл болды.

«Қосқұдық аулындағы Түрк­сіб көшесінде бес тұрғын үйдің аула­сына су кірген. Осы көшеде 30 аула бар. Төтенше жағдайлар департа­менті мен жергілікті атқарушы ор­ган­дардың күштері бірлесе инже­нер­лік техниканың көмегімен арық қазылып, еріген суды бұру жұмыс­тары жүргізілді. Қауіпті сейілту жұ­мыстарына ТЖД-ның 30 қызметкері, бес техникасы мен үш мотопомпасы, жергілікті атқарушы органдардан төрт адам және техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Осы уақытта тұрғын үйлерді су басу қаупі жойылды», дейді Қонаев қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, полковник Мұрат Сыдықов.

 

Алматы облысы